«Мисс Талдықорған — 2022» сән байқауының жеңімпазы Мадина Тұрдаш

Даданбекова Арайлым

1.Сұлулыққа әркімнің де бар таласы. Барлығы да сұлу, көркем болғысы келеді. Сіздің ойыңызша, әдемі қыз қандай? Ол қандай қасиеттерге ие болуы керек және сізде бұл қасиеттер бар ма?

Қыздардың барлығы әдемі. Бірақ әр адам үшін “әдемі” деген ұғым әртүрлі. Әдемі қыз десе көп адамдар бет-әлпеті мен дене бітімі мінсіз аруды елестетеді. Бірақ сыртқы сұлулықтан бөлек, қыз баласы көркем мінезімен, өзінің бір ерекше қылығымен дара. Менің ойымша, нағыз ару білімді, мейірімді, ішкі жан дүниесі бай, толерантты, адамгершілігі мен жауапкершілігі мол, өзінің жеке ойы бар қыз. Ішкі жан дүниесі әдемі қыз қалайша сұлу қыз болмасқа?!

2. Байқау артта қалды, оған дайындық қалай жүргізілгенін еске түсірсеңіз. Қалған сұлулар арасындағы толқу мен бәсекелестікті қалай жеңе алдыңыз?

Мен сұлулық байқауларын кішкентай кезімнен тамашалап, қызығып өстім. Сондықтан өз қаламның аруы болсам деген ой менде бұрыннан болған. Өзімді жан жақты дамытып, саналы түрде осы жылы бағымды сынадым. Және артылған үміт пен еңбек ақталды. Байқауға келетін болсақ, қатысушы қыздар арасында салауатты бәсекелестік болды. Әрине, барлығымыз финал алдында қатты қобалжыдық, толқулар болды. Бірақ, біз қыздармен сондай сәтте бір-бірімізге қолдау көрсете білдік. Финал кезінде де сахнаға шықпай тұрып бір-бірімізге мотивация беріп те жаттық. Барлық қатысушылар өзге адам үшін шын қуана алатын ақылды, дос жанды қыздар болды.

3. Сіз қандай мамандықты меңгеріп жатырсыз? Болашақта мамандық бойынша жұмыс істеу ойда барма?

Негізі мамандығым — мемлекеттік және жергілікті басқару. Бірақ мен табиғатымнан шығармашылыққа жақын адаммын. Қазіргі таңда киелі сахнада көптеген іс-шаралардың тізгінін ұстап жүрмін. Нақтырақ айтсам, “Талдықорған әуендері” халықтық, фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінде концерт-жүргізушісі қызметін атқарамын. Сондықтан өзімді болашақта алған білімім мен қабілетімді ұштастыра білетін мемлекеттік қызметші ретінде елестетемін.

4. Он жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?

Он жылдан кейін ең алдымен өзімді тұлға ретінде қалыптастырып, өмірде өз орнын тапқан бақытты әйел ретінде елестетемін. “Бақытты әйел” деп отырғаныма көп нәрсе кіреді. Дәлірек айтсам, сүйікті жар, аяулы ана, ата-анамның үмітін ақтаған бала және ортама сыйлы адам болеым келеді. Бұдан артық не керек?!

5. Сіз Мисс Талдықорған 2022 болдыңыз деп жариялаған кезде алғашқы эмоцияларыңыз қандай болды?

10. Мисс Талдықорған — 2022 атанғанымды алғаш естігенде қатты қуандым. Езуім жиналмай, іштей алғыс айта бердім. Марапаттап, басыма тәжді кигізгенде аралас сезім болды. Сосын отбасым, жақындарым, барлық достарым құттықтай бастағанда көзімнен жас тоқтамай аға берді. Әрине, қуаныштың көз жасы.

6.Сіздің ойыңызша, қазіргі қыздар өздерін белгілі бір сұлулық стандартына еліктейді ме?

Барлығы емес. Бірақ еліктейтіндер бар. Қазіргі кезде қандай да бір қатып қалған сұлулық стандарты бар деп ойламаймын. Барлық стандартты адамдар өздері қалыптастырады. Бұл жерде мәселе талғамда.

7.Қазіргі алдағы жоспарыңыз

Қазіргі таңда І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 2 курс магистрантымын. Сондықтан да, жақын арадағы менің жоспарым ең алдымен магистрлік диссертациямды аяқтап, сәтті қорғап шығу. Ойымда бірнеше жобалар бар, алдағы уақытта соларды іске асыруға тырысамын.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *