З. Шашкиннің «Доктор Дарханов» романындағы антонимдердің стильдік қызметі
Жақсылық Надира Досжанқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Лексиколог Ә.Болғанбаев өзінің «Қазақ тілінің лексикологиясы» атты оқулығында «Антонимдер дүниедегі заттардың, құбылыстардың сын-сапасын, артық-кем қасиетін, мөлшер-көлемін салыстырып, бір-біріне қарама-қарсы қоюдан шығады. Қазақ тілінде антонимдер көбіне-көп сын есімдерден болады, онан соң етістіктерде, зат есімдерде, үстеулерде азды-көпті кездеседі. Ал қалған сөз таптарынан антонимдер тым тапшы»,-деп жазады[1, 45-46].
Ғалым А.Салқынбай «Қазіргі қазақ тілі» атты еңбегінде «Антонимдер(гректің anti-қарсы, onyma-ат,есім сөздерінен алынған)-тұлғалық жағынан әр алуан, мағыналық құрылымы жағынан бір-біріне қарама—қарсы айтылатын лексикалық бірліктер. Антонимдік парадигма құрылуының мәнісі, оларды бір-бірімен қарама-қарсы қойып салыстыру мүмкін болуы,осыған сәйкес құрамында жұп сөз болуы қажет. Егер парадигмалық қатардағы сөздің бірі болмаса, екіншісі өзі антоним бола алмайды, яғни кез келген лексикалық бірлік антоним деп танылуы үшін, оның қарама-қарсы жұп құрайтын сыңары болуға тиісті»,-деп жазады.
Қазақ тіл білімінде антонимдерді алғаш арнайы зерттеп, сөздігін құрастырған, тілдік табиғатын терең ашып көрсеткен, ғалым Ж.Мусин былай деп жазады: «…антонимдік жүптың сыңарлары қарама-қарсылықты мәні жағынан безбеннің екі басындай бір-біріне тепе-тең болуы керек екен. Егер олардың бірі мағына қарама-қарсылығы жағынан сәл төмен, не сәл жоғары болса, онда олар антоним бола алмайды.
Тіл білімінде антонимдердің табиғаты құрылымдық, семантикалық және қолданыстық ерекшеліктеріне қарай сипатталады.
Құрылымдық ерекшелігіне байланысты: бір түбірлес антонимдер-бір түбірге сөз тудырушы жұрнақтардың жалғануы негізінде, екіншілік мағынаның пайда болуы арқылы жасалады.
Әр түбірлі антонимдер-әр түрлі түбірдің негізінде жасалады, тіл-тілде көптеп саналады, болмыстағы қарама-қарсы ұғымдардың аталуы әр түрлі таңбалық негізде жасалатындығының өзі танымның бір сипатты белгісі.
Семантикалық ерекшелігіне байланысты: контрарлы, контрадикторлы, векторлы деп бөлінеді.
Толық антонимдер –толық қарама-қарсылық мән туғызатын лексикалық бірліктер жұбы. Мұндай антонимдік жұп құрамында аралық сипат болмайды, заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен белгілерінің табиғи болмысы бірін-бірі толықтырып тұрады.
Әуелі біреуін, соңынан екіншісін(«Доктор Дарханов», 113 бет).
Әуелі Алғаш, басында[ҚТТС;93 бет].
Соңы Арты, ақыры, аяғы[ҚТТС;737].
Векторлы антонимдер-зат не құбылыс іс-әрекеттің, қимылының, белгісінің, қасиетінің өзара қарама-қарсы бағытта белгіленуі, яғни лексикалық бірліктердің векторлық қарама-қарсылығы. Мысалы, 1. Шешемнің тірі кезінде елдегі туыстары келіп-кетіп жүруші еді, кейінгі жылдары олар да қатынаспай қойды(«Доктор Дарханов», 8 бет).
Кел 1. Бері қарай бет алып жүру, жылжу[ҚТТС;379].
Кет 7. Көсемшемен тіркесіп қимыл-әрекеттің кенет, бірден болғанын білдіреді[ҚТТС;392].
Не «жоқ», не «бар» деген сөзді сізден ести алмай бәңгі болған жоқ па?(«Доктор Дарханов», 86 бет).
Жоқ II 1. Бар сөзінің қарсы мағынасы[ҚТТС;305].
Бар III 1. Жоқ емес, бар болушылық[ҚТТС;108]. [2,102-103].
Ғалым Ф.Оразбаеваның жетекшілігімен шыққан ‟Қазіргі қазақ тілі” оқулығында былай деп жазады: «Соңғы кезде зерттеушілер қазақ тіліндегі антонимдерді градуалды, привативті және эквиполентті антонимдік оппозицияларға ажыратып жүр.
Градуалды оппозициялардың мүшелері белгілі бір қасиеттің ең соңғы шегіне дейінгі дәрежесін білдіреді. Мысалы, …бүгінде кемеліне кеп толған, ақыл-айласы тең түскен, жақсы-жаманның жігін айыра білетін келісті әйел болған(«Доктор Дарханов»,126 бет).
Ана бір жылдары ағымыз – ақ, қара дегеніміз қара еді(«Доктор Дарханов», 193 бет).
Ақ сөзінің негізі мағынасы қардың, сүттің, бордың түсін білдірген кезде қара сөзі антоним болады. Сондай-ақ бұл сөздің адал, кінәсіз, жазықсыз, айыпсыз, таза деген сияқты ауыспалы мағынасы да бар. Жоғарыда келтірілген түсті білдіретін қара сөзінің де «кінәлі, айыпты, арам» деген мағынада қолданылатын кездері болады. Осы орайда бұл екі сөз тағы да антоним болады.
Привативті антонимиялық оппозициялар мүшелері арасында аралық элементтің болуы мүмкін емес. Бұл қатарға әр түбірлі(бар-жоқ) және түбірлес(жанды-жансыз) лексемалар енеді. Мысалы, Өзін-өзі күтіп, өзінің тәнін де, жанын да қадірлейді(«Доктор Дарханов», 116 бет).
Тән I 1. Адамның тұла бойы, денесі[ҚТТС;791].
Жан I 2. Адамның ішкі сарайы, ой-санасы[ҚТТС;263].
Эквиполентті антоимиялық оппозициялар мүшелері арасында тіл тәжірибесі арқылы орныққан қарама-қарсылық бар: кіру-шығу, қашу-қуу, т.б.». Мысалы, Көк үйдің екінші жақ бөлігінде қызметкер қазақ тұратын-ды, соның үйіне бір қыз бала кіріп-шығып жүретін-ді, сол екен(«Доктор Дарханов», 13 бет).
Кір III 1. Ену, келу, бару[ҚТТС;438].
Шық II Шығып кету, кетіп қалу[ҚТТС;933][3, 51бет].
Г.И.Уайсова, Г.Ж.Омарова «Қазақ тілі негіздері» атты оқу құралында «антонимдер семантикалық құбылыс болғандықтан, олар сөздік құрамдағы сөздермен қат-қабат байланысқа түсетіндігін айта келіп, бір сөз әр мағынасында әр түрлі сөздермен антонимдес болуы мүмкін»,- деп жазады.
Мысалы: «ашық» деген сөз бір мағынасында жасырын деген сөзбен антонимдес те, ал екінші бір мағынасында жабық деген сөзбен антонимдес. Маңдайша дөңгелене келген сопақша терезе ылғи ашық, жазда бір жабылмайды; қарағай майының иісі үйдің ішін алып, кіріп келгенде қолқаны атады(«Доктор Дарханов», 118 бет). [4, 27 бет].
Әділбекова Жеңіскүл Қуандыққызының 2007 жылы қорғаған «Қазақ тіліндегі қарама-қарсылықты мағынаның көркем мәтіндегі көріктеуіштік қызметі» атты кандидаттық диссертациясының авторефератында былай деп жазады: «Антоним сөздер арқылы берілетін қарама-қарсылық ұғымының заңдылықтарын анықтау бір жағынан, қарама-қарсы құбылыстардың мәнін ашатын диалектика заңына сүйенуді, екінші жағынан сол тілде сөйлеуші адамның ойлау ерекшеліктерін ескеруді талап етеді. Сондай-ақ, адамзаттың әрекет үстіндегі түрлі қарама-қайшылық процестерін қабылдау қабілеті мен оны жеткізе білу тәсілдерін қарастыруды негіздейді»[5, 10 бет].
Қорыта айтсақ, Зейін Шашкиннің «Доктор Дарханов» шығармасында 40 антоним кездесті. Жазушы өз шығармасында антонимдерді өте орынды қолданған.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. – Алматы: ‟Мектеп” баспасы, 1988. – 144 бет.,45-46.
- Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі: Оқу құралы. – Алматы: ‟Қазақ университеті”, 2008. – 340 бет.,102-103.
- Оразбаева Ф.Ш., Сағидолда Г., Қасым Б., Қобыланова А., Есенова Қ., Исабекова Ұ., Қасабек Қ., Балтабаева Ж., Мұхамади Қ., Рахметова Р., Көпбаева Ж. Қазіргі қазақ тілі: Оқу құралы. – Алматы: ‟Print-S” баспасы, 2005. – 534 бет.,51б.
- Уайсова Г. И., Омарова Г. Ж. Қазақ тілі негіздері: оқу құралы.-Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ,2013.-146 б.,27 б.
- Әділбекова Ж.Қ. Қазақ тіліндегі қарама-қарсылықты мағынаның көркем мәтіндегі көріктеуіштік қызметі. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2007. – 25бет.,10 б.