Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі студенттерге білім мен тәрбие берудің үйлесімділігі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан тарихы кафедрасының

доценті, т.ғ.к., Қозғамбаева Гүлнәр Бестібайқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Қазақстандағы көпсалалы білім беретін алдыңғы қатарлы оқу орны. Алғашында Қазақ Мемлекеттік университеті деп аталды. Ол РКФСР Халық Ағарту Комиссариатының шешімімен 1934 жылдың 1 қаңтарында құрылды. Оның құрамында алғашында физика-математика және биология факультеттері болды. Университет отандық ғылым мен техниканы, мәдениет пен жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қосып отырды.

1939 жылы республиканың мәдени өмірінде маңызды оқиға болды. Университеттің биология, химия, физика, математика факультеттерінің ең алғаш түлектері дайындалып шығарылды. 87 жоғары білікті маман КСРО ҒА-ның Қазақ бөлімшесіне, ғылыми және педагогикалық жұмыстары бойынша республиканың түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындары мен мектептеріне жіберілді.

КазҰУ-дың қабырғасында ХХ ғасырдың 50- ші жылдарынан Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан және тағы басқа да  аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері дәріс оқып, еңбек еткендіктен оқу орнының мықты базасы қалыптасты. Қазақ Ұлттық университеті өзінің негізін  қалағаннан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар көркті, университеттік дәстүрлердің, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау — көзі болды.

1993 жылдың 9 қаңтарында ҚР  Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің мәртебесі туралы» арнайы қаулысымен университетке автономды мемлекеттік жоғары оқу орны мәртебесі берілді және ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті болып өзгертілді.
2001 жылдың 5 шілдесінде ҚР-сы Президентінің Жарлығымен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында  алғашқы болып ұлттық университет ерекше мәртебесі берілді.

Университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің жапсырмасыз ашықтығы, білім алушылардың академиялық ілкімділігі, «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Университеттің жаңа даму кезеңінде әл–Фараби атындағы ҚазҰУ–дың жаңа Академиялық саясаты іске асырылды, білім тексерудің қуатты корпоративтік Интранет жүйесі жолға қойылды.

Қара шаңырақ, Қазақ Ұлттық  университеті  айрықша мәртебеге ие   оқу  орны,  ол   республиканың  жоғары оқу орындарының     рейтингінде    алдыңғы қатардан орын алады.   Қазақстан республикасы Тұңғыш Президентінің  «Сапа саласындағы жетістігі  үшін»  сыйлығының  лауреаты. Университетте жиырма мыңнан астам студент, магистрант және РhD докторанттары  оқиды. Университет қабырғассында білім алып жүрген студенттердің мәдени өміріне үлкен көңіл бөліп, оқу орны тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы — ҚазҰУ қалашығының інжу-маржаны. Мұнда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркемөнер үйірмелері, «Біз» студенттер театры, КТК командасы жұмыс істейді.

Жастар — елдің болашағы. Студенттерді  оқыту  және тәрбиелеу өзара тығыз байланыста, сондықтан да қазіргі таңдағы тәрбие жұмысының  басты міндеттерінің бірі –  жастарды  отаншылдық, патриоттық және ұлттық рухта тәрбиелеу болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студент жастарды тәрбиелеудің негізгі нәтижесі ретінде жобалау әдісі қолға алынды.

Университет студенттерінің өмірі қызықтылығымен әрі алуандығымен ерекшеленеді.Ол тек дәрістер мен семинарларға қатысумен ғана шектелмейді. Олар шығармашылық пен талантты шыңдайтын театр студиялары мен поэтикалық клубтарға, көңілді және тапқырлар сайысына белсене қатысады.

Университет білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттік өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуге мол мүмкіндіктер тудыруда. 

ҚазҰУ 400-ден астам шетелдік университеттермен ынтымақтастық туралы келісім жасаған. Осы негізде магистрант, докторанттарға екі адамның жетекшілік ету тәжірибесі кеңінен өрістеп отыр. Бір ғылыми жетекші Қазақстаннан болса, екіншісі – шетел ЖОО-дағы белгілі ғалым. Осының бәрі де ҚазҰУ студенттері үшін халықаралық деңгейде оқып, зерттеулер жүргізуге лайықты жол ашады. Сонымен қатар университет әлемдік жетекші университеттермен қарым-қатынас жасай отырып, жыл сайын студенттерге, жалпы білім алушыларға шет елде сапалы білім алу үшін тиімді жағдайлар жасап отыр. Жыл сайын  тәжірибиеден өту шаралары да іске асырлады. Оқу орнында қос дипломды бағдарлама бойынша жұмыс жасау мүмкіндігі қарастырылған. Мәселен, магистратурада білім алушылар оқудың бір жылын Қазақстанда, бір жылын шет елдік университетте оқып, екі оқу орнынан да диплом алу мүмкіндігі жасалған. Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті  жігерлі жастардың, елі үшін ерінбей еңбек етер болашақ мамандардың мерейлі мекені болып табылады.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *