«Тәрбие – тал бесіктен басталады»

Адам баласының өмірлік мақсаты білім алып, өмірдегі өз орнын табу болса , сол жолда тәрбиелілік, табандылық, мінез-құлық сияқты көптеген адам баласына тән қасиеттердің маңызы ұшан теңіз. Аталған қасиеттердің барлығы ата-аналарымыздың, үлкендердің, көпті көрген кісілердің бізге көрсеткен үлгі-өнеге, тәрбиесінен бастау алады. Біздің алғаш болып тәрбие алатын орнымыз – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы қалыптасады. Еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің негізгі мақсатымыз. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту». Саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Бүгінде жаһандану заманында жас ұрпаққа жақсы тәрбие мен білім беру негізгі мақсатымыз болып отыр. Өз елінің халқын, өз елін, өз Отанын сүйетін нағыз ұлтжанды нағыз азамат тәрбиелеуде ең бірінші ата-ананың рөлі ерекше орын алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», деп қазақ халқы тәрбиенің бастауы – отбасынан басталатынын ерте кезден-ақ білген. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік,үлкенді құрметтеу, ұяңдық, пәктік сияқты халқымыздың асыл қасиеттері ерте заманнан бері атаның қанымен, ананың сүтімен бойымызға сіңісіп келеді. Бала анасының жатырына бекінген күннен бастап анасының психологиялық қолдауымен дами бастайды. Ана құрсағындағы тоғыз ай тәрбие ана тілі сабағының кіріспесі болып табылады. Бұл кезеңде әр сағат, әр күн, әр айдың өз киесі бар. Балаға тектілік болашақ әке мен ананың кәмелетке толғанға дейінгі немесе жұбайлық өмірге дейінгі іс-әрекет, мінез-құлқымен беріледі. Яғни болашақ сәби сол іс-әрекеттерді қайталайды. Тектілік қасиет отау құрған екі жастың рухани және тән тазалығының қандай дәрежеде екендігіне байланысты. Баланы дүниеге әкеліп тәрбиелеу, азамат ету — анаға да, әкеге де парыз. Десек те, ең бірінші әйел адамның бойында перзент тоғыз ай, тоғыз күн жататынын ескерсек, ең негізгі нәрсе әйел сол нәрсеге байланысты. Осы ретте бала тәрбиелеудегі бірінші қасиет — сабырлылық. Кісінің иманы сабырлылықпен толығады, сабырлылық барлығын жеңе алатын күш іспеттес. Әсілінде, бала тәрбиесі ана құрсағында жатқанда-ақ басталмақ керек. Ана — өмір тұтқасы, өмірге адам әкелуші, тәрбиеші. «Сүтпен сіңген мінез, сүйекпен кетеді» деген қазақта асыл сөз осындайдан туындаса керек. Сондай-ақ құрсақтағы бала мен ананың өмірін бір-бірінен бөліп қарауға әсте болмайды. Ана өз бойындағы қуатты, мінез-құлықты, бар жақсы қасиеттерін болашақ сәбиінің бойына дарытады . Алайда тек әйел адамды жауапты етіп қарауға да болмайды . Қазақ халқы әкені асқар тауға теңеп жатады. Әке өз кезегінде бала тәрбиесінде маңызы бөлек . Имам Мүслім риуаят еткен мынадай сөз бар: «Әкенің баласы үшін жақсы тәрбие беруден артық сыйы жоқ». Ендеше барлық жақсылықтың бастауы — имандылық. Ол барлық тәрбиенің жиынтығы. Тәрбиенің негізі отбасында, әке мен ананың үлгілі өнегесінде қалыптасады. Бала не көрсе, не естісе, соны қайталайды. Дүниеге келген сәбидің бәрі де мұсылман болады, ал оның христиан немесе иудей болатыны ата-анадан, айналасындағы ортасынан екені сөзсіз. Бұдан түсінетініміз нәресте туа сала жаман болмайды, жүре жаман болады. тәрбие бесігі шаңырақтағы бүлдіршіндердің үйді бастарына көтеріп, шулағанының өзі періштелердің құлшылықтағы тәс- бихын еске салатындай тым тәтті болмақ. Үйленуді әрі ғибадат, әрі сүннет деп ұғу керек. Сондықтан да ата-ананың мұсылмандық міндеттерінің бірі − мұсылман үмбеті деген атқа лайық иманды пер- зент тәрбиелеу. Осы арқылы екі дүниеде де Аллаһтың разылығына бөлену. Шаңырақ көтеретін екі жас алда- рына осындай асыл мақсат қойса, болашақта отбасы- мен басталатын отаны берік болады. Ислам діні бозбала мен бойжеткеннің осы бағыт- ты көздей отырып, шаңырақ көтеруін сауапты әрі құптарлық іс деп таниды. Бас-аяғын терең ойластырып, ыстық сезім мен нұрлы ақылды басшы етіп тігілген отау баянды, сол отауда жарық дүние есігін ашқан ұрпақ та қайырлы болмақ. Баяғыда бір кісі ойшылға барып: «Балам бір жасқа толды. Тәрбиесін қай кезден бастаған дұрыс?», – деп сұрағанда, әлгі ойшыл: «Сіз тәрбиені бір жылға кешіктіріпсіз ғой», – деген екен. Мұнан тәрбиенің сәби жарық дүниеге келген сәттен бастап қолға алынуы керектігін байқаймыз. Ал дінімізде ұрпақ тәрбиесі тіпті одан да ерте, жар таңдаудан басталады. Себебі, Ислам дінінің шаңырақ құруға байланысты ұстанымдарына зер салсақ, шаңырақта дүние есігін ашатын ұрпақтың да қамы алдан ала ойластырылып қойғанын аңғару қиын емес. Өскен ортасының балаға міндетті түрде әсер ететіні айтпаса да түсінікті. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті балаға тәрбие болмақ. Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы демек – жас кезінен анаша, есірткі, сыра, арақ, темекі, зинақорлық секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы. Әдепті болу, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші. Егер ата-ана баласын мейірімге бөлеп, ойы мен жүрегін ізгілікке бағыттап, өздерін әрі қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелесе, ұлтқа тұлға болатын берік тірек сыйламақ. Керісінше, адамдық қасиеттеріне көңіл бөлмей, тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз етумен шектелсе, онда бала қоғамды ішінен ірітетін зиянкес болып өспек. Ағаштың түрі мен тіршілігі жалғасу үшін оның тұқымы қаншалықты маңызды болса, адамзат тіршілігі мен ұрпақ жалғастығында да баланың рөлі сондай екенін ұмытпаған жөн. Өзінің істеуі харам болған нәрсені баласына жасатқан адамның өзі де сол күнәға ортақ болады. Балаларының тура жолдан адасып, көшеде етек жайған жаман мінездерді бойына сіңіруіне себепші болған адам да ертеңгі күні Алла Тағала алдында жауапкер. Дініміздің негізі де осыны мұрат етеді. Иманды, адал мен арамды, адамдық парызды үйретуді діттейді. Қазақ халқы қай уақытта да бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қараған. Себебі, бала – ертеңгі ел қорғаны. Ел тұтқасы. Балаға айналасындағы өмір шындығы ауадай қажет. Ең алдымен өз ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениеті, салт-дәстүрімен, тілімен, тарихымен, өнерімен тереңірек таныс болуы тиіс. Осындай талап тұрғысында әке мен шеше және баланың басқа да ересектерінің өзара жақсы қарым-қатынас, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс-тұрысы, еңбек сүйгіштігі, ізденістері бәрі балаға өнеге. Осы орайда баланың ата-ананың өзара тату-тәтті сыйластығы, мейірбандық пен ыстық ықыласы, сөйлеген сөздері бәрі-бәрі балаға ерекше әсер етеді. Отбасындағы ұрыс-керіс, орынсыз жанжал, балағат сөздер баланы жақсы әдетке тәрбиелемейді. Өйткені бала іштей тынып, не істерін білмейді. Өз ата-анасының оғаштау мінезі балалардың дөрекі, тілазар, қатыгез, өзімшіл болып өсуіне әсер етеді. Жас ұрпағымыз, өзіміздің келешегіміз кішкентай ғана сәбидің нағыз азамат болуына ықпалды ортаның бірі жолдас-жорасы, достық қарым-қатынастары, мінез-құлықтарын білгені жөн. Олардың өзара қарым-қатынасына құрметпен қарауы керек. Осындай қағидаттар ғана жеткіліксіз. Отбасындағы бала тәрбиесіне байланысты Имам Ғазалидің еңбегіндегі қағидаттарға құлақ түрсек. Бала дүние есігін ашқаннан бастап бақылауда болуы керек, назардан тыс қалдыруға болмайды. Оны діндар, ізгі,астың адалына көңіл бөлетін әйелдің емізгені дұрысырақ. Баланы қорғаштау: оған әдеп үйрету, бойына кір жуытпай, адамгершілік мінезге баулуды білдіреді. Осы себепті оны жаман достардан қорғап, баршылық пен молшылыққа тым үйір етпеу керек. Неге десеңіз, егер осылай өссе, өскенде, солардың соңына түсіп, өмірін құртады, ақыретін де оңдырмайды. Балада ақыл пайда болғанда, оны жақсылап тәрбиелеу керек. Бұның алғашқы белгісі ұят сезімінен аңғарылады. Бала ұялып, бірқатар іс-әрекеттерін доғара бастаса, онда ақыл нұры пайда болды деген сөз. Бұл Алла тағаланың балаға берген сыйы. Бұл жағдай бала мінезінің орнықты бола түскенін, жүрегінің пәк, балиғат жасында ақылы толысатынын ұқтырады. Осы тұрғыдан ұялшақ баланы қараусыз қалдыруға болмайды. Қайта оған ұялу мен ұялмау керек жағдайларды үйрету арқылы оның әдепті болып өсуіне көмектескен жөн. Балада байқалатын алғашқы қасиет тамаққа деген обырлылық. Баланың жанында көп жеудің дұрыс еместігін айтып, әдепті әрі аз жеген адамды мақтау керек. Балаға ас кезінде өзінен гөрі досын құрметтеуді, ас ішудің әдебін үйрету керек. Астан бұрын және астан кейін қол жуу, бисмилләмен бастау, асықпай әрі өз алдынан жеу секілді. Балаға кейде қатқан нан да берген дұрыс. Қарапайым ас ішуге дағдыландырған жөн. Сонда бала тек жақсы, дәмді тамақ ішуді талап етпейтін болады. Баланы қымбат киінуге емес, қарапайым киінуге әдеттендіру керек. Сән қуып, ысырапқа үйренген балаларға жолатпаған жөн. Ұл баланы тым сәнді киіндірмеген дұрыс. Қалай болса солай сөйлейтін адамдардан баланы алыс ұстау керек. Өйткені баланы басынан қадағаламасаңыз, көбіне тәрбиесіз, өтірікші, қызғаншақ, тойымсыз, сұқ, мылжың, артық күлетін, қу әрі ұятсыз болады. Әркім өз баласын бұндай нашар мінездерден тек жақсы тәрбие арқылы қорғайды. Бала Құранды және бірқатар хадистерді, жақсы адамдардың әңгімелері мен жағдайларын үйренуі керек. Сонда жүрегінде жақсы кісілерге деген сүйіспеншілік орнайды. Бала бұған қоса ұятсыздықты дәріптейтін өлеңдерден, әндерден алыс болғаны жөн. Өйткені бұндай әдебиет баланың жүрегіне жамандықтың дәнін себеді. Баладан жақсы қылықтар байқалса, сол үшін баланы марапаттаған дұрыс. Баланы ондайда қуанту керек. Елдің көзінше сол әрекетін айтып, оны мақтаған жөн. Егер кей жағдайларда бала қателік жіберсе, көз жұмып қараған да дұрыс. Баланы ұятсыздыққа итермелемеу керек, айыбын әшкерелемеген жөн. Әсіресе, бала ол қылығын жасырғысы келсе. Кері жағдайда бала қателікті ашық жасаудан қымсынбайтын болады. Балаға жиі-жиі ұрысқан дұрыс емес. Өйткені көп ұрысу ұрыстың әсерін жояды. Нашар қылыққа баруды оған жеңіл етіп көрсетеді. Айтудың оның көңіліне әсері болмай қалады. Әке баламен сөйлескендегі сұсын сақтауы тиіс. Осы себепті баланы анда-санда ғана ұрысу керек. Ана болса, балаға әкесіне деген құрметті үйретіп, нашар қылықтардан алыс ұстағаны мақұл. Баланы күндіз ұйықтатпаған жөн. Өйткені күндізгі ұйқы жалқаулыққа тартады. Ал түнгі ұйқыға тыйым салуға болмайды. Баланы мамық төсек, құс жастыққа үйретпеген жөн. Күндіз бір мезгіл жүруге, қимыл-қозғалыс жасауға дағдыландырса, бала жалқауланбайтын болады. Осындай іс-қимылдар кезінде әурет жерлерін ашпауға көңіл бөлдірген мақұл. Балаға әке-шешесінің байлығымен дос-жарандарына мақтануға жол бермеген жөн. Достарын сыйлауды, кішіпейіл болуды, олармен сыпайы қатынас жасауды үйрету керек. Артықшылық алуда емес, беруде екенін, басқалардан алудың жақсы еместігін, тәрбиесіздік екенін айтқан жөн. Қысқаша айтқанда, бала ақшаға құнықпауы тиіс. Өйткені құнығу балалар үшін удан да арман зиян. Үлкендер үшін де тап осылай. Балаға қалай отырып, тұру керектігін, тәрбие үйретілуі керек. Көп сөйлетпей, көп сөйлеу нашар адамдардың әдеті екенін білдірген жөн. Мейлі дұрыс, мейлі дұрыс емес болсын, сөйлегенде тым ант-су ішкізе бермеу керек. Сонда кішкене кезінен ондайға тілін үйретпейді. Қарғыстауға, балағаттауға тыйым салу керек. Нашар ауыздылардан баланы қорғау керек. Өйткені бұндай нашар қылықтар жаман достардан жұғады. Баланы тәрбиелеудің негізі жаман достарға жолатпау. Біреу сөйлегенде, оны байыппен тыңдатып, егер жасы өзінен үлкен болса, құрметпен тыңдауды үйреткен дұрыс. Өзінен жасы үлкендерге тұрып орын беруді, олардың алдында әдеппен отыруды үйреткен мақұл. Ұстазын құрметтеуді, жазаласа да сабыр етуді, шыдаудың жігітке тән мінез екенін білдірген жөн. Жасы өзінен үлкендерге мейлі жақыны болсын, болмасын құрметтеуді, олардың жанында байсалдылық сақтауды білдірген жөн. Балаға керекті діни мәліметтерді үйретіп, ұрлық, харам жеу, қиянатшылдық, өтірік пен арсыздық, нашар қылықтардан абай болуын қадағалау керек. Бала кішкене кезінен осылай тәрбиеленсе, балиғат жасына толғанда, бұл істердің астарын өзі түсінеді.Бала тәрбиесі басынан осылай қолға алынса, жұғымды болады. Берген тәрбие жүрегіне әсер етеді, өз жемісін береді. Тура тасқа қашап жазу жазғандай. Ал бала бұл жағдайлардан алыс өссе, оның жүрегі ақиқатты қабылдаудан тайсақтайтын болады. Тура қабырғаға құрғақ топырақтың жабыспағанындай. Осы тұрғыдан келгенде, бала тәрбиесіне басынан көңіл бөлген жөн.
Қорытындылай келе : ел болашағының тізгінін ұстар тұлғаның бойына білім нәрін, тәрбиенің иісін сіңдіруміз қажет. Ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн, себебі бала ата-ананың өмірін жалғастырады. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп айтқандай, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса елдің болашағы зор болмақ.

Жақсылықбай П.И. Исламтану 4 – курс студенті
Ғылыми жетекші:

PhD қауымдастырылған профессор: Бағашаров Қ.С

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.