ЗАР ЗАМАН КЕЗІНДЕГІ КҮРЕСКЕРЛІК САРЫН
ЗАР ЗАМАН КЕЗІНДЕГІ КҮРЕСКЕРЛІК САРЫН
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Тараз қаласының білім бөлімінің Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназиясы»
Асилдин Ә.Е
Түйін сөздер: Зар заман ақындары, отаршылдық саясат, күрескер, еркіндікті аңсау, ұлт.
Ключевые слова: Траурные поэты, колониальная политика, истребитель, стремление к свободе, нация
Key words: Mourning poets, colonial politics, fighter, desire for freedom, nation
Түйіндеме
Мақалада зар заман ақындарының отаршылдық езгіге қарсы бағытта жазылған шығармалары талданып, жан-жақты ашылады. Сол кезеңдегі тарихи-әлеуметтік жағдай мен зар заман ақындары поэзиясының мазмұны салыстырмалы түрде таразыланып, оның қазақ әдебиетіндегі маңызы туралы сөз қозғалады. Сондай-ақ, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір сынды қазақ әдебиетінің тұлғалы өкілдерінің +
0күрескерлік сарындағы шығармалары туралы сөз етіледі.
Аннотация
В статье раскрываются произведения поэтов периода “Зар заман” против колониального гнета. К тому же говорится об историко-социальном положении и сравнительно взвешиваются содержание поэзии поэтов периода “Зар заман” , а дальше идет речь об его значении в казахской литературе. А также рассказывается о произведениях выдающихся представителей казахской литературы, таких как Дулат Бабатайулы, Шортанбай Канайулы, Мурат Монкеулы, Кердери Әбубакир
Abstract
The article reveals the works of poets of the “ZAR Zaman” period against colonial oppression. In addition, it is said about the historical and social situation and relatively weighed the content of poetry of poets of the period “ZAR Zaman” , and then we are talking about its significance in Kazakh literature. It also tells about the works of outstanding representatives of Kazakh literature, such as Dulat Babatayuly, shortanbay Kanayuly, Murat Monkeuly, Kerderi Abubakir.
Қазақ халқы арқаға аяздай бататын аумалы-төкпелі замандарды бастан кешкен батыр халық. Оған тек тарих қана дәлел емес, қоғамға кесапаттарды алдын ала ескертіп қана қоймай, көркем тарих пен заман шындығынан сыр шертетін әдебиет те куә. Белгілі академик Зейнолла Қабдоловтың пікіріне жүгінсек: «Әдебиет – ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы»[1.20]. Қазіргі таңда сол әдебиеттегі ақтаңдақтардың кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасынан кенде емеспіз. Еркіндікке ұмтылған бабалар сөзі бүгінгі күнге дейін өз бағасын жоғалтқан емес. Оның басты құпиясы – түпкі мақсат-мұраттарының қазаққа қызмет еткендігінде.
Қазақ халқының өткенінің еншісінде қалған зұлмат кезеңдердің бірі – Ресейге бодан болып, бұғауланған мезгіл. Бұл аталмыш тарихи-әлеуметтік жағдай қазақ әдебиетін де айналып өтпей, «зар заман» ақындарының шоғырын қалыптастырған еді. Ол шоғырдың алдыңғы шебінде Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы сынды тау тұлғалар төбе көрсеткендігі белгілі. Олардың шығармалары ойран мен озбырлыққа толы отарлау саясаты мен құлашты кеңге жазуға мұрсат бермеген құрсаулы жүйенің ақиқатына негізделген болатын. Нәтижесінде, сол дәуірде озбырлық озып, қазақ әдебиеті төл тарихымен тамырлас қазыналарын жоғалтуға шақ қалды. «Күні кешеге дейін қазақ әдебиетінің тұлғалы өкілдері Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкірлер ағартушылық-демократияшылдық бағытқа қарсы кертартпа бағыттың өкілдері ретінде бағаланып келді. Қоғамды ғана емес, әдебиетті де кері қарай тартатын ағымның ақындары жөнінде мыңдаған мектептер мен ондаған оқу орындарында дәрістер оқылды. «Зар заман» деген ұғым пессимизмнің талассыз баламасы болып кеткені де содан» [2.6]. Дейтұрғанмен де қазақ әдебиеті өз ұлтының тарихымен тамырлас, отаршылдық саясаттың құрбанына айналған қалың қазақтың шерін тарқатқан қазынасын қайтарып алу мүмкіндігінен шеткері қалмады. Өйткені, кеңістік өлшеміне айналған уақыт өз марапатын ұсынудан тартынып қалмаған еді.
Еркіндік ұғымының тармақшасына айналған – туған халқының салт-дәстүріне деген сағыныш сазымен қатар, озбыр саясаттың салқыны тиген халықтың мұң-зарын, жағымпаздар мен сатқындардың жиіркенішті қылығын, азаттығынан айырылған елінің торға қамалған құстай халге жеткен жай-күйін өз шығармаларына арқау еткен алыптардың тікелей себепкер болуымен, аталған жағдайдың әдебиетте көрініс табуы таңсық дүние емес. Хакім Абайдың сөзіне жүгінсек, «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» [3.101]. Ғасырлар бойғы уақытты араға салса да, бізді мол ғибратымен тәнті етіп отырған зар заман ақындарының сипаты дәл осы сөзге балама түрде сай келеді. Себебі, бостандықтан шектеп, бүтін халықты бұғаулаған кезеңде көкірекке құйылған қайғы толассыз еді. Өйткені, құрығы ұзын қатыгез идеология үстемдік еткен дәл осы кезеңдегі шығармаларды «зар заман жырлары» деп атау да тегін емес еді. Бұл атауды қазақ әдебиеті көшбасшыларының ғылымға енгізгендігін ескерсек, сол дәуір сипаты менмұндалап тұрғандығын айқын аңғаруға болады. Ұзақ жылдар бойы «кертартпалыққа» баланып, өз бағасын ала алмай келген бұл кезеңнің құшағына сыйып кеткен зар мен мұңның болмысын сөзбен жеткізу тіпті оңай емес. Шындығында, кертарпалықтың емес, күрескерліктің иісі аңқып тұрған «зар заман» атауын ғылымға енгізген Мұхтар Әуезов пікірін алдыға тартар болсақ, ол бұл заманның сипатын былайша суреттейді: «Бұл дәуірдің әдебиеті сол кездегі жұмбақ күнге жеткен елдің алдында тұрған құздан, алдында тұрған қайғылы күннен қорқып, қобалжып тұрып, ыңыранып, күрсінген күйін білдіреді. Не болса да артқа қайтар күн жоқ. Өлімге кетсе де алға кететін болған соң артқы бостандық, бірлік күніне қоштасқан мезгілі» [4.143]. Шындығы сол, өз табиғатына ғана жарасымды бүтіндей болмысынан, әдетіне айналған өмір сүру дағдысынан, ұлт есебіндегі байлығына баланған – салт-дәстүрінен, тілі мен дінінен айрылған қазақта бостандыққа деген ұмтылыс болғанымен, оған жетеміз деген ниеттегі үміт шырағының жалыны әлсіз еді, дауыл емес, жай самал желдің жалп етіп өшіруге қуаты жетер еді. Соған қарамастан сөзді сүйектен өткізе сөйлейтін шешен халық, сөз қаруы – тіл екендігін тереңінен ұққан батыр халық күрескерлікпен қанат қағуды тоқтатқан емес. Бүгінгі егемендігіміз – сол дәуірде егілген дәннің жемісі екені даусыз.
«Көркем шығарма өзін туындатқан дәуірмен тығыз байланысты… сонысымен де оның көркемдік үлгілері тарихи тұрғыдан ерекшеленіп тұрады» – деп Л.Тимофеев айтқандай зар заман поэзиясында отаршылдық кезеңдегі қазақтың қасіреті күрескерлікке толы сарынмен шынайы суреттеледі[5.8]. Нақтырақ дәлелдерді алдыға тартар болсақ, зар заман ақындарының көрнекті өкілі Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» атты толғауындағы мына бір үзіндіге назар салсақ, отаршылдыққа деген өшпенділіктің көмейіне жыр болып құйылғандығын аңғаруға болады:
Еділді тартып алғаны
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны,
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны
Ойдағысы болғаны [6.6].
Байқасақ, осы уақытқа дейін батыр бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған ұлан-ғайыр даласы өзгенің иелігіне кетіп, өз жерінде өз еркіндігінен айырылған халқы үшін Мұраттың күйінгендігі өлеңмен өріліп, әділеттілік атауынан әлдеқайда алшақ жүйеге қарсыласумен ұштасып жатыр. Сондай-ақ, орыстың қазаққа үстемдік етуіне түбегейлі қарсылық Мұрат шығармаларында ашықтан ашық жазылған:
Діні басқа біреулер
Ел биледі аралап.
Бір бәледен мың бәле
Өсіп бір кетті балалап [7.17].
Бұл жерде «діні басқа» деп орысты тікелей меңзеп, қазақтың басына туған нәубеттің ұлғайып бара жатқандығын күңірене жырға қосқан. Мұраттың мұңы басым толғауы ел ертеңіне алаңдаушылық танытып, өткенді аңсау сезіміне ерік береді. Сонымен қоса, бодандықтың бұғауынан әрі аса алмай, жұтылып кетудің аз-ақ алдында тұрған халқының өткені мен бүгінін тілге тиек етіп, жырға қосады. Мәселен, дәл сол «Үш қиян» толғауындағы мына бір үзінді сөзімізге бұлтартпас айғақ бола алады:
Сыйласқан төре хандай бір-бірімен,
Айырды ағайыннан күліп-ойнап.
Халқымның салтанаты еске түссе,
Жүрегім өрттенеді оттай жайнап [7.35].
Зар заман ақындарының мақсат-мүддесі бір. Ол – еркіндік пен әділеттілікті аңсау. Мәселен, зар заман ақындарының болмысы бөлек көрнекті өкілі Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» атты өлеңіндегі мына бір шумақтарға назар салсақ, аталмыш мақсатқа ортақ ұмтылысты аңғару қиын емес:
Аузына кәпір қаратты
Дін мұсылман Алашты
Дүниенің тұтқасы
Қарап тұрсам мал екен
Кәпір мен қазақ таласты.
Заман қайтіп озаалсын ? [8.17].
Бұл жерде «кәпір» деп діні бөлек, отаршылдық саясатпен қазаққа үстемдік етіп отырған орысты, «дін мұсылман Алаш» деп қазақ жұртшылығын меңзеп отырғандығы белгілі. Сондай-ақ, Мұрат шығармаларындағы өткенді аңсау, әділетсіз жүйеге деген қарсылық сынды күрескерлік сарын Шортанбай шығармаларынан да байқалады:
Кіріптар қылдың құдіретім
А бұ зар заманның аяғы
Заман кетті баяғы… [8.17].
Өз шығармаларына тек отаршылдықтың озбырлығын арқау етіп қана қоймай, адамдық қасиеттерді әлеуметтік қайшылықтармен байланыстыра суреттеу шеберлігіне ие Дулат Бабатайұлы да халқының жоғын жоқтады. Оның шығармаларында тілге тиек етіп отырған отаршылдыққа деген күрескерлік сарын былайшы сипат алған;
Сана құйып ойына
Қуат беріп бойына
Аққан жасы сел болған,
Етегі толы көл болған
Беріш боп шері байланған
Ұйқы беріп, қайғы алған
Қайғылыны уаттым [9.25].
Елі үшін «ұйқы беріп, қайғы алған» ақын халықтың ұлттық болмысын аяқасты етіп, құлдық санаға жетелеу мақсатындағы әкімшілік саясат пен идеологияға достық ниет таныта алмауы еш әбестік емес. Керісінше,
Батыстан патша түнегі
Жеріңе келіп түнеді.
Жоныңнан таспа тіледі,
Ішіңе әбден кіреді
Оны Дулат біледі, – деуі орынды емес пе? [9.26].
Шын мәнінде, зар заман ақындарының шығармашылығынан «интернационалистік рух» іздеудің реті жоқ. «Интернационализм» ұғымы коммунистердің ойдан шығарған атауы. Біздің ұлттық танымымызға сәйкес оның баламасы «ақжүректік». Яғни біз зар заман ақындарының шығармаларынан халқына деген жанашырлық пен ақжүректікті, әділеттілікті жанұшыра іздеуді байқай аламыз. Олардың шығармаларында көрініс тапқан күрескерлік сарын өз ұлтының ғана қамын күйттеген «өзімшілдіктен» емес, әділетсіздіктік салатанат құруына деген қарсылықтан және бейбіт халықтың жазықсыздан жазықсыз аяусыз саясаттың құрбаны болғандығына көз жұмып қарай алмаудан туған серпіліс еді. Біз айтып отырған «ақжүректік» ұғымы оның бұлтартпас бейнесі. Тіпті, оған Шәкірім қажы былайша анықтама береді: «Ақ жүрек дегеніміз – ұждан (махаббат, шапағат , ғаділет) адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып, әділет қуу. Ұлтының кемшілігін толтыру, артықты өзгелерге зиянсыз жолмен табу ақ жүрек (ұждан) ісі»[10].
Ал дәл осы «ақжүректікті» зар заман ақындарының өкіліне айналған Дулат шығармаларынан да кездестіруге болады:
Бекзаданың белгісі –
Қиянатқа баспайды.
Өзі түгіл, басқаны
Жақсылыққа бастайды [10.103].
Қазақ халқының басына түскен қайғыға бей-жай қарамай, ел ертеңіне алаңдаушылықпен күрескерлік танытып қана қоймай, қазақ әдебиетіне ерекше серпіліс алып келген зар заман ақындарының шоқтығы биік мұралары қашан да халық жадында қалары сөзсіз. Өйткені, оның – өктемдіктің қылышына тураланып, күйе жағылса да қын түбінде жатпас алтын кездік секілді жарқырай түскен рухани құндылығымыз екендігін тарих өзі дәлелдеген еді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Қазақ университеті, 1992.-352 б.
- Омарұлы Б. Зар заман әдебиеті. Монография (генезис, типология, поэтика) – Астана: Елорда, 2005. – 372 бет.
- Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том. Алматы: Жазушы, 1986. – 200 б.
4.Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 б.
- Тимофеев Л.И. Основы теории литературы. М.:Просвещение, 1976. – 548 с.
- Бауыржан Омарұлы Мұрат Мөңкеұлы. – Алматы: Крамде-Пресс, 1993. – 105 б.
- М.Мөңкеұлы шығармалары. Өлеңдер, жырлар, толғаулар, айтыстар, зерттеулер. Құрастырған: Бауыржан Омаров. / Мұрат Мөңкеұлы. – Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2013. – 288 б.
8.Қанайұлы Ш. Шығармалары. Толғаулар, айтыстар, дастандар. Шортанбай мұрасы: сын зерттеулер, мақалалар /Шортанбай Қанайұлы – Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2013. – 384 бет.
- Бабатайұлы Д. Тұнық тұма. Құрастырған: Қ.Раев. Алматы, 2002, 288 б
10.Шаһкәрім. Ұлтшылдық туралы. // Алматы, 1992, N2