Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті — сапалы білім ордасы.

Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Егеменді Қазақстан газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында » ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс», — деп атап өткен болатын. Осыған орай жаңа ғасыр қоғамды қайта құру жағдайында  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің білім беру саласындағы басты міндеттердің бірі – ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісін дамыту және жетілдіруді басты мақсат етіп отыр.

Қазақстандағы ең алғашқы университеттердің бірі, қарашаңырақ аталып кеткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 15 қаңтарда құрылғанына 88 жыл толады.  Тәжірибесі мол, білімді кадрлары қалыптасқан университетте бәсекеге қабілетті білімді жастарды тәрбиелеп, оладың алға қарай ұмтылуына, ғылым мен білімге бейім болуына қосқан үлесі қомақты.

Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — тәуелсіз Қазақстанның кадрлар дайындайтын негізгі орталығының бірі деп айта аламыз.  Республикамыздың басқару жүйесінде отырған білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды педагогтардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып, білім алып шыққан түлектер. Университет түлектері байтақ Отанымыздың барлық түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жатыр.

Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлес қосқан қайраткерлеріміз — Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Тұрсын Жұртбай, Жүрсін Ерман, Нұрлан Оразалин, Олжас Сүлейменов, Әзілхан Нұршайықов, Рахман Алшанов, Ақмарал Арыстанбекова, Мырзатай Жолдасбеков, Бақытжан Жұмағұлов, Қайрат Мәми, Тауман Төреханов және т.т. білім алды. Осындай тұлғалардың қалыптасуына өзіндік үлес қосқан университет бүгінгі таңда да заман талабына сай барлық жағынан даму үстінде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ж.Түй­ме­баев «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлем­де­гі 200-топ үздік ЖОО қа­тарына енген Қа­зақ­стан мен Орта­лық Азиядағы бірден-бір уни­вер­си­тет», — деп атап өтті. Бүгінде білім­­­нің қара шаңырағы QS жаһан­дық рейтинг­­­­­­те 175-орында тұрса, ұлттық рей­тин­г­­­терде де көш басында келеді.

Киелі қара шаңырақ астында ғылыми-зерттеу бағытында маңызы бар, ауқымды  іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда, халықаралық ғылыми институттар мен орталықтармен  тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасу мәселесі қарқынды дамып жатқанын ескерген жөн. Оқытушылар мен студенттер тәжірибе алмасу мақсатында шетелдерге баруға, оқуға мүмкіндіктер алды.   ҚазҰУ қабырғасында жаңа  жүйедегі  ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, бүгінгі талапқа сай жабдықталған ғылыми зертханалар жұмысы іске қосылды. Бұл дегеніміз талантты жас ғалымдарымыз ғылыми зерттеу аясында өзіне қажетті «эксперименттерді» сенімді түрде іске асыра алады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым, білім беру мен инновацияның орталығы ретінде жаңа технологиялар мен инновациялық әдіс-тәсілдерді алдағы уақытта да жоғары деңгейде енгізіп, қалыптасқан Қазақстан Республикасының дамуына айтарлықтай өзіндік үлес қосып, ең үздік, әлемдік деңгейдегі университеттер қатарынан орын алатыны анық.

2022 жылдың алғашқы 10 күні Еліміздің басынан сынақтар өтіп, бірқатар қайғылы оқиғалар орын алды. Тәуелсіздігімізге қауіп төнген бұл жағдайда ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері президентіміз Қасымжомарт Кемелұлының саяси ұстанымын қолдап, мемлекетіміздің болашағына нық сенім артты.

Еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Тарих факультеті  Қазақстан тарихы кафедрасының

қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к.  Н.А. Тасилова,

2-курс магистрі Жаркен Санжар

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *