Әл-Фарабидің ғылым тарихы мен философияға қосқан үлесі

Есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпактан-ұрпаққа өтіп келе жатқан ардагер азаматтар тарихта аса көп емес. Тарих жазбасында, халықтың рухани қазынасында айтулылардың айтулысы, жүйріктердің жүйрігі ғана мәңгілік. Мың жылдан артық уақыт өтсе де, аты ауыздан-ауызға жатталып, еңбектері уақыттың, мезгілдің қатыгез сынынан мүдірмей өткен, сол адамзат ұлдарының, тарих перзенттерінің бірі Әбу насыр Фараби. Ол да осы Отырарда туды, осында “кірін жуып, кіндігін кесті”. Қаратаудың тасына секірді, Сырдың суын ішті, Арыстың лай-батпағын кешті, Қызыл-құмның аптабына күйді.

Фарабидің өмірі жөнінен бізге жеткен мағлұматтар үздік-үздік аңыз-шыны аралас болып келеді. Фарабидің толық аты-жөні — Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби, яғни өз аты Мұхаммед, әкесі Мұхаммед, оның әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Бараба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Кейде оны жай ғана “Тархани” деп те атайды. Бізге жеткен кейбір деректерге қарағанда оның әкесі сол тұста көшпеліліктен отырықшылыққа ауысқан түркі тайпаларының бірінен шыққан әскер басы екен. Бір нұсқада Фарабидің руы қаңлы-қыпшақ деп көрсетілген. Бұл шындыққа жақын келетін сияқты. “Тархан” деген атаудың төркінін екі түрде топшылауға болады. Бірінші жағынан, ежелден Сыр, Отырар бойын жайлаған (қазір де мекендеп отыр) тарихқа ертеден мәлім қаңлы тайпасында “Тархан” (кейде “Дархан деп те атайды”) атты ру болған (қазір де бар). Екінші жағынан Қашқари “Қанды-қыпшақтардың атақтыларының есімі” деп жазады. Демек “қанды” мен Тархани байланысты. Сондықтан да Фараби қазіргі қазақ ұлтын құрған байырғы рулардың бірі қаңлы-қыпшақтан шыққан деп айтуға толық негіз бар. Әбунасыр оқуды өте ерте бастаған. Бастапқы білімді ол туған қаласы Отырарда алады, одан соң Хорасанға барады. Кейінірек білімін онан сайын толықтыру мақсатында араб мәдениетінің орталығы Бағдатқа кетеді. Ғылым-білімге өте құмартқан зерек Әбунасыр мұсылман бола тұра, тіпті кәпірлерден сабақ алудан тайсалмайды. Мәселен, тәуіптік өнер (медицина) мен логиканы христиан оқымыстысы Юханна ибн Хайланнан, ал жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін атақты аудармашы Әбу Башар Маттадан (ол да христиан) үйренеді. Бір нұсқада Фараби осы шәкірт шағында атақты оқымысты Абубәкір ибн Сиражбен жақын араласып, оған логиканы үйретіп, одан астрономияны үйренген деп айтылған. Фараби түркі, араб, парсы, грек және басқа тілдерді жетік білген. Кейбір деректер бойынша тіпті ол 70 тіл білген деп те айтылады.

Фараби ғылымды көбінесе өз бетінше меңгеріп, аса зор табандылық көрсеткен, орасан мол табыстарға жеткен адам. Ол, әсіресе, грек ғылымы мен философиясын, ең әуелі Аристотельдің бай мұрасын игеруді қолға алған. Мұнда ол аса үлкен шыдамдылық пен ыждаһаттылық көрсетеді. Бір аңыз бойынша, ол Аристотельдің  “Жан туралы” дейтін еңбегін жүз рет, “Табиғи гармониясын” қырық рет, “Риторикасын” екі жүз рет оқыған көрінеді.

Міне осылай Фараби жұртқа мәлім оқымысты болып, дүние жүзінің екінші ұстазы деген дәрежеге көтерілді. Ол алғашқы кезде Бағдатта жұмыс істейді, кейіннен Дамаскіде, сонан кейін Алеппода (Сирия) әмірі Сайф әд-Дауланың қарамағында болады. Фараби өз бетінше ғылыммен үзбей шұғылдана берген. Мәселен, бір әңгіме бойынша ол Дамаскіде жүрген кезінде күндіз кала шетіндегі бау-бақшада қарауылдық қызмет атқарып, күндіз тапқан ақшасына сатып алған шырақ жарығымен түнімен ғылыми жұмыспен шұғылданады екен. Фараби өте қарапайым, канағатшыл кісі болған, жұпыны киініп, ырду-дырдудан барынша аулақ жүруге тырысқан.

Фараби өлерінің алдында Египетке барып қайткан. Ол бұрынырақ өз отаны — Түркістанға да барған, кейбір мағлұмат бойынша сол тұстағы Бұхардың әмірі Мансұр ибн Нұхтың өтінуі бойынша “Екінші тәлім” (Ат-Таһлім ас-сани) атты еңбек жазған. “Екінші ұстаз” деген лақапты осы оқиғаға байланысты алған дейді. Фараби хиджра есебі бойынша 339 жылы раджаб айында (бізше 950 жылғы желтоқсанның аяғы немесе 951 жылғы қаңтардың басы) Дамаскіде қайтыс болады. Тарихшы ибн Халлаканның айтуынша, Дамаскінің “Баб ас-сағир” (Кіші дарбаза) зиратына қойылған көрінеді. 

Фарабидің қоғамдық-философиялық, жаратылыстану туралы ғылыми көзқарастары орта ғасырлардағы Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі мәдениет, философиялық және ғылыми ой-пікірлердің даму нәтижесі болып табылады.  Фараби ұлы грек ойшылы ойлап тапқан логика ғылымына да өзіндік үлесін қосты. Ерекше, батыл философиялық көзқарастары қоғамдық пікірлермен қарама–қайшы келіп, грек философия ғылымын толығымен түсінуге кедергі болды. Және де көптеген адамдар оның еркін, өткір білдіретін философиялық көзқарастарынан діннен алшақтағаны жайлы пікірлерін айта бастады. Бірақ та бұл тек Фарабидің ой еркіндігі мен өз ойын, өз ұстанымдарын нақты жеткізуі еді.

Фарабидің ғылыми-философиялық көзқарастары мен бағыт-бағдарлары өте күрделі саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайларда калыптасты. Ұзаққа созылған жаулаушылық саясаты нәтижесінде құрылған жаңа мемлекет — араб халифаты тек қана жерлерді, елдерді, территорияларды қосып қана қоймай мемлекеттік дін дәрежесіне көтерілген ислам идеологиясы біріктірген әртүрлі мәдениеттерді қосып жаңа қоспа (синкреттік) мәдениет туғызды. ІХ-Х ғасырларда саяси, философиялық ойдың даму — таптық және діни ағым қайшылықтардың көрінісі болған әртүрлі ағымдар мен кешендердің осы шиеленіскен идеологиялык тайталасы, күресі жағдайында жүрді. Бұл ең әуелі кертартпа жөне ілгерішіл күштер арасында, Араб халифаты мүддесін кездеген ресми мұсылман дін басылары мен бағынышты, тәуелді халықтардың егемендігі мен еркіндігінің жоғын жоктаушылар арасындағы күрес болды. Мұндай жағдай философияда айқын боп қалды.

Философия адам жан дүниесін мәңгілік ететін, рационалды дәлелдеуге сүйенетін, ақиқат танымын ұғынуға барынша жақын, адамға саналы түрде бақытқа жолын ашады дейді. Осыған сүйене отырып, қоғамды басқару қызметін, философ-басқарушы атқаруы тиіс деп есептейді. Сол кезде ғана ол мемлекеттің халқы бақытты да мемлекет бағдарын құрметтейтін адал болады деп есептейді. Философ пен ағартушы  билеушінің негізгі практикалық міндеттерінің бірі – философиямен қатар, шынайы дінге енген элитарлық білім ретінде құрылуы.

Араб философиясында Фарабиге дейін бірнеше ағымдар мен кезеңдер болды. Діни философияны VIII ғ. бас кезінде пайда болған мутакаллимдер қуаттады. Олар құдайдың мәнісі, дүниенің түпкі сыры жөнінде кұран қағидаларын бұлжытпай басшылықка алды, табиғи заңдылық және табиғаттағы себептілік принциптеріне қарсы шыкты. Мутакаллимдер болмыстағы барлық құбылыстар, оқиғалар тек бір құдайдың еркімен болады, құдайдың кұдіретінсіз “адамның жалғыз шашы түспейді” дегенді уағыздады, дәлелдеп бақты. Алайда араб халифатында, мемлекетінде ғылымның өркендеуі басқаша көзқарастардың, сенімдердің бой көтеруіне әкеп соқты. Олар сайып келгенде, мұсылмандық қатып қалған қағидаларға (догматтарға) қарсы бағыттап, рационалистік, материалистік көзқарастардың етек алуына жағдай туғызды. Мұндай ғылыми, рационалистік бағытты жактаушылар мутазилиттер, яғни дәстүрлі діннен “бөлініп кетушілер” еді. Олар адамзат ақыл-ойы шындыққа жетуде кұдайдың алдын ала сызып-пішіп қойған жолы емес, одан басқа ақыл, парасат жолын басшылыққа алу жөн деп есептеді. Мұндай күрес сол заманда философия мен ғылымды дамытуда үлкен маңызы болды. Екінші жағынан мутазилиттер Аристотельдің құдай туралы идеясына карсы шығып дүниенің мәңгілігін, ондағы орын алатын заңдылықтарды біртіндеп жоққа шығарды. Мутазилиттердің имамы, жетекшісі атақты әл-Ашари болды. Фарабидің ғылыми-философиялық шығармашылық қызметінде логика мәселелері үлкен орын алады. Логика ойлау жүйесі мен пікірлерді мүлтіксіз дәлелдеуді қажет етеді, сондықтан да Фараби оны шындыкты табудың және оны негіздеудің бірден бір әдісі ретінде жоғары бағалайды. Мен мақаламда Фарабидің ғылыми жетістіктерін баяндауда осы жоспарды басшылыққа аламын. Казіргі қолда бар мағлұматқа қарағанда ұлы бабамыздың ғылымға белгілі (зерттелген-зерттелмегенін қосканда) 70-ке тарта шығармасы бар көрінеді. Олардың толық немесе үзінді түрінде кезінде КСРО халықтары тілдеріне бірсыпырасы аударылған. Олар мыналар: “Ғылымдардың шығуы”, “Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбегі”, “Ізгі кала тұрғындарының көзқарастары туралы кітап”, “Мәселелердің түпкі мазмұны”, “Жұлдыз бойынша болжаулардың дұрысы мен терісі туралы”, “Вакуум туралы” трактат, “Музыканың ұлы кітабы” (кіріспесі қазақтіліне аударылған), “Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарына түсініктеме”, “Философияны оқып-үйрену үшін алдын ала не білу қажеттігі жайлы”, Порфирийдің “Философияға кіріспе” атты кітабына түсініктеме, “Химия өнерінің қажеттігі жайлы”, “Птолемейдің “Алмагесіне” түсініктеме” және қосымша кітап, “Платон мен Аристотельдің көзқарастарының ортақтығы жайлы”, “Философиялық сұраулар және оған жауаптар”, “Бақытқа жету туралы”, “Адам ағзалары жөнінде Аристотельге қарсы шығушы Галенді бекерге шығару трактаты”, “Ақылдың мәні туралы”, “Түсініктемелер”, “Философияның дінге қатысы”, ‘Әріптер туралы кітап”, “Логикаға кіріспе трактат”, ” Геометриялық трактат” т.б.

Фараби қолжазбалары әлемнің көптеген кітапханаларында кеңінен таралған. Фараби мұрасын зерттеуші ғалымдардың үлкен бір тобы Фараби шығармаларын орыс және қазақ тілдерінде басып  шығаруға және оның энциклопедиялық мұраларының түрлі аспектілерін зерделеуге көптеп қадамдар жасап, көптеген ғалымдар фарабитануға өз үлестерін айтарлықтай қосуда.

 

 

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты

Майра Султанбаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің магистранты

Толғанай Сұлтан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің магистранты

Бағжан Қуанбек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің магистранты

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *