Не үшін менің таңдауым Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ?!

Мектеп қабырғасындағы жоғарғы сынып оқушыларының  әрқайсының ойында маңызды екі таңдау болары сөзсіз. Бірі — мамандық болса, екіншісі — сол армандаған мамандықты қандай университет қабырғасында оқитындығы. Екі таңдауды да жасау маған оңайға соқпады. Медициналық бағытты таңдағаныммен, бала арманым менің таңдауымды өзгертуге бірден-бір себеп болды. 5-ші сынып оқушысы болған кезімде журналистика саласына қызығушылығым оянып, күнде теледидардағы журналистердің сөзін бағумен күнімді өткізетінмін. Солайша, менің жүрек қалауым диктор мамандығына бұрылды. Сөйтіп, күн өткен сайын әр арнадағы бағдарламаларға зерттеу жасап, өзім болашақта қандай бағдарлама ұйымдастыратынымды ойластырып, жоспар құратынмын. 

Университет таңдау мәселесі де мен үшін есте қаларлық оқиға болды. Жоғарыда айтқанымдай мен медицина саласының маман иесі боламын деп шешім қабылдап, өз туған қалам, Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы медициналық академияға таңдау жасаған болатынмын. Алайда сол бала күнімде мектебіміздегі үлгі тұтар түлек Қазақстан бойынша ҰБТ-ден ең жоғарғы ұпай жинап, ҚазҰУ-ін таңдаған болатын. Сол кезде мен ҚазҰУ-ін газет беттерінен көріп, іштей ерекше сезімде болып, өзіме “мен де осы университеттің студенті атанамын” деп уәде берген болатынмын. 

Есейе келе бала күнгі арманымды ұмытып, мүлде басқа сала таңдағаныма кейде расымен өзім де таңғаламын. Бірақ, Алланың маған деген жоспары әрі бала арманым менің өзіндік өмір жолыма бағыт беріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне журналистика факультетіне түстім. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті маңызды ғылыми-зерттеу институттарының бірі және сонымен қатар Қазақстан Республикасының көптеген ғылыми және кәсіби салаларындағы магистранттар мен аспиранттарға орасан зор мүмкіндіктер ашатын көрнекті оқу ордасы болып табылады. Университетіміздің өзіндік тағылымды тарихы, бұл университет қабырғасында білім алған біртуар азаматтар маған өзім таңдаған мамандықты өте жоғарғы деңгейде меңгеріп шығатындығыма сенімділік берді. ҚазҰУ-да 14 оқу ғимаратынан бөлек, университет аумағында Ө. А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, 4 мұражай, Әл-Фараби кітапханасы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Smart Health UniverSity диагностикалық орталығы бар. 

Осындай керемет жоғарғы оқу орнына түскенде, оқу форматы бірден онлайн болды. 1-ші курсты онлайн форматта өткізсек те, университеттің атмосферасын сәл де болса сезіне алдық. Онлайн форматтың да өзіндік қызығы мен шыжығы болды. Сол бір қиын кезеңдердегі оқытушылардың шыдамдылығы мен біліктілігіне бас иемін. Ендігі, біздегі студенттік арман — университетімізге барып, қара шаңырағымызда білім алып, группаластарымызбен, ұстаздарымызбен жүзбе- жүз кездесу.

Жоғарыда айтылғандардың бәрін ескере отырып, осы оқу орнының студенті ретінде мен университетіміз өз студенттеріне толыққанды білім алу үшін және де даму үстіндегі қазіргі әлемнің талаптарына сай болу үшін көптеген таңғажайып мүмкіндіктер береді деп үлкен сеніммен айта аламын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің 2-ші курс студенті: Ерболатқызы Нұрханым

Жетекші: Назкен Жансерікқызы

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *