Әди Шәріпов шығармалары – патриотизмнің қайнар көзі

Тағылымы мен өнегесі тарих тақтасында өшпестей болып таңбаланған тұлғалардың бірі – Әди Шәріпов. Ол қанында бар қайсар қасиетімен, жақсылыққа жаралған жүрегімен соғыс жылдарында партизан отрядын басқарды. Беларусь жерінде «партизан Саша-қазақ» есімімен аты аңызға айналды. Соғыс біткен соң қаламын қару етіп, майдангер достарымен батпақ кешіп, оқ пен оттың тынысымен тілдескен сәттерді көркем туынды етіп, жарыққа шығарды. Әди Шәріпов қаламынан туған «Партизан қызы», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар», «Сахара қызы», «Дос сыры» атты туындылары өмір өткелдерінен елес беретін проза жанрындағы шоқтығы биік шығармалар.
Еңбек жолын мұғалім мамандығымен байланыстырған партизан-жазушы соғыстан кейін Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары, Қазақ КСР Оқу министрі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Сыртқы істер министрі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы және КСРО Жазушылар одағының хатшысы болып қызмет атқарады. Ғылым жолында «Ж.Саиннің өмірі мен творчествосы», «Қазіргі дәуір және қазақ әдебиеті дамуының проблемалары», «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық», «Сырбай Мәуленов творчествосы» атты әдеби зерттеу еңбектері жарыққа шығады.
Жазушы Рамазан Тоқтаров өзінің естелігінде: «Әдекең қызыл өрт-майдан өтінде жүрсін, бейбіт тірліктің бүлікшілерімен өліспей беріспейтін жекпе-жек айқасқа да шықсын, соның бәрінде ешқашан өзінің жеке басын қорғап, ұлт тағдыры шешілетін әлеуметтік мәселелерден бір сәтке де тысқары қалып көрген емес. Ол үшін көріп отырсыздар, құрбандықтың қандай түріне болса да ойланбастан бара берген. Әди Шәріпов секілді ұлтының тағдыры мен биік идеал үшін күресе алатын ұл тудырған қазақ халқы ешқашан дағдарысқа ұшырамақ емес» — деп аянбай еткен еткен қайратты тұлғаның ұлт алдындағы қадірі мен қасиетін ерекше атап көрсетеді.
Бірде жазушы Әзілхан Нұршайықов Әди атамызға: «Әр күнді қандай тілекпен бастайсыз?» — деген сұрақ қойыпты. Сонда Әди атамыз: «Әр күнім адамдарға пайда келтірумен өтсе екен деймін» — деп жауап беріпті. Осындай Әди Шәріпов шығармаларын насихаттау және адам бойындағы қарапайымдылық, жақсылық жасау, ізгілік қасиеттерін дәріптеуде Алматы қаласында орналасқан Әди Шәріпов атындағы №16 жалпы білім беретін мектебінің орны ерекше. Мектеп табалдырығын аттаған жас бүлдіршіндер салтанатты түрде ант беріп, «шәріповшілер» қатарына өтуді мектеп ұжымы мен оқушылар әдетке айналдырған. Рухани құндылықтарды бойымызға сіңіру мақсатында «Әди Шәріпов оқулары» және ұлы жеңіске арналған мерекелік іс-шараларда Әди шығармаларынан оқушылар көрініс қойып, ерлік пен батылдық бейнесін көрсетуде ерекше белсенділік танытады. Партизандардың көзсіз ерлігі мен патриотизмнің үлгісі болған Әди Шәріпов шығармалары бүгінгі жастарға патриоттық тәрбие берудің нышанына айналғандай. Ұлттық рух – тебіренген жүректің, алпыс екі тамырдың, бойдағы бардың, кеудедегі ардың жиынтығын құраған алапат күш. Осындай ұлы күш қара домалақтарымыздың қанына сіңген қасиеті болса деймін. Ахметше айтсақ: «Біз тірі болуымыз керек. Тірі болу үшін ірі болуымыз керек». Аталған мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп, аталған үрдісті жүзеге асыруда тамшыдай үлесімді қосу мен үшін үлкен борыш, зор қуаныш деп білемін. Елім деп еңіреп, артында өшпейтін із бен өлмейтін өнеге қалдырған партизан-жазушының дара тұлғасы ұмытылмақ емес!

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *