Ұстаз – ұлағатты есім

Зейнуллина Мереке Амангалиевна

Ұстаз – ұлағатты есім

(шығарма)

 

«Дүниедегі мамандық атаулының төресі –

ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық

иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін,

мейірімді, абзал жандар. «Мұғалім

мамандығы – барлық мамандықтың анасы»

Ы. Алтынсарин.

 

Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсырытын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде.
Қазақ мектебінің болашағы туралы М.Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты»деп айтып кеткен.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихи — әлеуметтік, мәдени — рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі зор.

Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет.
Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі –мұғалім.
Адамның адам болып қалыптасуына ата-аналармен қатар , мұғалімнің де рөлі үлкен. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы –

деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, сөзі – маржан, үні – ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін! Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің,  дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!

«Қазақтың қаны бір, жаны бір жол басшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі», — деген қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаев. Ертеңгі күннің бүгінгіден гөрі жарқынырақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Демек, қай елдің болсын өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы  білім саласының даму бағытына тікелей байланысты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында», — дегені бәрімізге белгілі. Еліміз өркениетті елдердің қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл – ұстаздардың еңбегінің жемісі. Олай дейтін себебіміз, ақынды да , батырды да , алыпты да, дананы да ұстаз тәрбиелейді. Мұғалім қандай болса, қоғамның да сондай болатыныбұлжымас заңдылық. Яғни, бұл ерте уақыттардың өзінде-ақ белгілі болды. Адамзат өркениетінің даму тарихында  жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан. Қасиетті қара шаңырақтың білім нәрімен сусындап, мұғалім деген атақты алып шығу, оқушыларға жақсы тәрбие мен білім беру үлкен ерлік. Себебі, біз тәрбиелеген ұрпақ  ертеңгі күні еліміздің тірегі болмақ . Тәуелсіздіктің тұғырын, еліміздің тыныштығын сақтап қалатын солар.  Сондықтан ұстаз болу – жүректің батырлығы!

Осы ұстаздарымыз  жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.
Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.

Ұстаз , ұстаз!..

Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші! Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Алғаш «Әліппенің” бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алады ғой.
Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

Мұғалім деген – ерекше тұлға ,  дара шың,
Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын.
Мұғалім деген – аяулы адам асыл жан,
Шәкірт көңілінде күн болып жайнап жанатын.
Мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екенін баршамыз мойындаймыз.
Тәлім-тәрбие беріп , жақсы қасиеттерді бала бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі ерекше. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде дараланады.
Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздар әрқашанда аман болсын!

 

 

 

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *