ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ САНАЛЫ ДА САПАЛЫ БОЛУЫ ҚАЖЕТ!

Алтаева Гүлжан Рамазанқызы

Әлемде қазақ деген ұлт біреу, демек  оның ұлттық таным табиғаты, ұлттық ойлау болмысы, яғни менталитеті, салт-санасы, әдет-ғұрыпы барша қазаққа тән. Оның рухани-мәдени, тарихи мол қазынасы да – тұтас ортақ байлық. Жастар біздің болашағымыз. Сондықтан қазақ халқының өн бойындағы ұлттық қасиеттер бала тәрбиесімен қатар, еліміздің ұлтаралық келісімінің  баяндылығына, саяси тұрақтылықтың беріктігіне де ықпал ететіні сөзсіз.

Ұрпақ тәрбиесін қандай кезеңде де  көзден таса көңілден қағаберіс қалдыруға болмайды. Бүгінгі бала ертеңгі аға, қалыптаса келе дара тұлға. Бұл туралы алаштың  арыс  ұлы  Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» — деп өсиет  айтқан еді. Адамзат пайда болғалы бері жас ұрпақты тәрбиелеу ісі – адамның алдында тұрған міндеттердің ішінен басты орын алады. Біздің мақсатымыз студент жастардың құндылық бағдарының ерекшеліктерін анықтау. Өйткені студент жастар қоғамдағы жаңашыл идеяны қуаттап,   қоғамдағы рухани-мәдени құндылықтарды дамытуда ерекше орын алады. Борис Герасимович Ананьевтің ойынша, студенттік кезеңде жастардың құндылықтар жүйесі мен қатар мотивтік өрісінде кеңінен жаңаша өзгерістер пайда болады. Осы өзгерістер көптеген арнайы әлеуметтік қабілеттіліктердің пайда болуына себеп болады, мысалы,  өмірдің мән-мағынасын іздеу, болашаққа жоспар құру,  таңдаған мамандыққа  байланысты терең білім алу, өзінің рухани-адамгершілік құндылықтар шеңберінде дүниетанымын  кеңейту т.б. оларды  жай   ойландырып  қана қоймай, белсенді әрекетке итермелейді.Олай болса, күндізгі бөлімде оқу студенттердің тек білім деңгейіне ғана емес, сонымен қатар олардың рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесі тереңдейді,  өздерін сыйлайды және өзгелерді құрметтеп, өзін қоршаған адамдармен мәдениетті қарым қатынас құруға  ықпал етеді. Ел ұлағатты ұрпағымен күшті мемлекет болмақ  демекші, еліміздің ертеңі жастардың бойына сіңірген құндылықтарымен тығыз  байланысты. Отан сүйгіштік, еңбекқорлық, жауапкершілік, мәдениеттілік пен инабаттылық қашанда жеке тұлғаның бетке ұстар адами қасиеттері болып табылады. Осы құндылықтарды күнделікті ұстанған адам өзінің жарасымды қылықтарымен қоршаған ортасында беделге ие болып, көздеген мақсатына жете алады. Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу —біздің де қоғам алдындағы борышымыз.

«Адамгершілік — асыл қасиет» демекші жастар бойымызға рухани-адамгершілік қасиеттерді ұялату үшін мейірбан, ақылды, шыншыл, қайырымды, т.б. адамдық асыл қасиеттерді ешқашанда жоғалтпайық. Елімізде білім берудің бүгінгі жайы қоғамдық өмірдің барлық салаларына түбегейлі өзгертуде маңызды мәнге және оның дамуы жалпы мемлекеттік саясаттың басты буыны ретінде қарастырып отыр. Өйткені экономикалық қоғамдық жаңартудың қазіргі аяқ алысында білім беру жүйесінің алдында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруге негізгі тірек болатын білімді азаматтар тәрбиелеп шығару міндеті тұр. Бұл үшін білім беру саласы халықаралық деңгейдегі сатыға көтерілуі тиіс. Міне, осы талап тұрғысынан қарасақ бала тәрбиесі отбасынан басталады. Қоғамда отбасы екі қызмет атқарады, оның бірі- дүниеге ұрпақ әкелу, екіншісі дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамуын қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру-әрбір ата-ананың қасиетті борышы. Отбасында баланың тұлғалық қасиетіне ықпал ететін көптеген жағдайлар болады. Мәселен, отбасы мүшесінің мәдени деңгейі баланың түрлі әлеуметтік құндылықтарды игеруіне игі әсерін тигізеді. Отбасы тәрбиесінде балаларды білімді, ізгілікті, жан-жақты жетілген, өз өмірінің құндылығын жете түсінетін етіп тәрбиелеуді қажет етеді. Ата-ана баланың мүмкіндіктерін барынша дамытып, оны өмірге қолдана білуге, еңбек етуге, еңбектің қандай түрі болса да атқаруға психологиялық даяр болуға, әрдайым өзінің білімін жетілдіріп отыруға тәрбиелеу керек. Жас ұрпақтың тәрбиелік қасиеттерінің қалыптасуына ата-ананың балаға деген мейрімділігі мен махаббаты қажет. Бала отбасында жақсыны да, жаманды да бойыңа сіңіреді.Сондықтан халқымыз « Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп текке айтпаған. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйрық арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде тіпті сіз үйде болмаған кезде де іске асады. Ұлттық қадір-қасиет ата – бабалардан қалған дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, біздің заманымызға дейін жетіп отыр. Халқымыздық рухани бейнесін әдебиет, өнер, ғылым, мінез-құлық, ұлттық сезім, әдет-ғұрыптар, т.б. бейнелейді. Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік құндылықтары қалыптасқан халқымыздың асыл, абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына жеткізу үшін, әрбір тәрбиелі ұстаз, халық педагогикасын, салт-дәстүрлерді, әдет- ғұрыптарды жан-жақты терең білуі қажет. Жетілген мінез-құлық үш нәрсенің — жүректің, ақылды және қолдық бірлігі мен келісімі. Бала өз жүрегін тыңдауға үйренсе, жүрегінің айтқанын істейтін болса, өмірден өз орнын табады. Адам баласының өмір тәжірибесінде қалыптасқан үлкендерге құрмет көрсету ізеті өшпес дәстүрге айналған. Қазір адамдардың барлығының да көздері ашық, ғылыми- техникалық  дамудың шарықтап тұрған кезеңі – компьютер дәуірінде өмір сүріп жатыр. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Бүкіл адамзат соны іздеумен әлек. Ол – рух қажеттілігі, рухани азық.Шәкірттердің саналы тәртібі, пайымды мінезі туралы түсінігін қалыптастыру, оған сәйкес сезімін және сенімін тәрбиелеу құлық тәрбиесіне байланысты.Рухтың мекені — адамның жүрегі. Жүректің жылуы, махаббат, ар — намыс, қайрат — жігер деген сезімдердің барлығы да осы рухтан туындайды.Түсіну үшін мынадай салыстыру келтіруге болады: Күн –адамның рухы болса, сәулесі — оның ақылы. Рухани бай адам ең алдымен әділ, мейірімді және қанағатшыл болады.

Біз ұлт болашағын, еліміздің келешегі – жас ұрпақты тәрбиелеп отырғанымызды әсте ұмытпаймын. Тәрбиеші – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Осы орайда сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуді мерейлі мақсатым деп түсіндім. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі демекші, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе? Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, озық өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда, оны ұтымды  пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондықтан ұлттық  мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы да мектептегі жас  ұрпақ тәрбиесіне байланыстырып отырмыз. «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері саналып келе жатқан тақ-тақ жол болғандықтан әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс…» — деп ақын, педагог Мағжан Жұмабаев қалың жұртты қазақы тәрбиені жоғалтып алмауға міндеттейді.

Әдебиеттер:

  1. С.Қабдиева. Ұрпақ тәрбиесіндегі адамгершілік мәселелері. //Бастауыш мектеп, №2, 2005. –Б.26-29.
  2. Т.Сламбекова.Оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу — басты мақсат Бастауыш мектеп, №2, 2004. –Б.5-8.
  3. Әл-Фараби.Әлеуметтік-этикалық трактаттар. — Алматы:Ғылым, 1975.- 418 б.
  4. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.- Алматы: Ғылым, Т.I:А-К, 1959; Т.II Қ-Я, 1961.
  5. Назарбаев Н.Ә. «Қалың елім — қазағым». Алматы: Өнер,
  6. Құдабаев А.Ж. «Ұлттық рухтың ұстазы». Павлодар,

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *