Қазақ хандығының ұлы биі Қазыбек би Келдібекұлының 350-жылдығы

Шакенова  Жадыра Сериковна

Жоспар

Кіріспе

Қазыбек би Келдібекұлы

Негізгі бөлім      

а) Қаз дауысты – Қазыбек

ә) Қазыбек бидің — 350 жылдығы

б) Қалмақ ханына тектілігін мойындатқан — кемеңгер

Қорытынды

 

 

«Сөздің атасы-бірлік, анасы-шыңдық»

(Қаз дауысты Қазыбек би)

Кіріспе

Қазыбек би Келдібекұлы

Қаз дауысты Қазыбек би, Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін болатқожа атасынан шыққан ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек — есімдері елге белгілі әділ билер болған.

Қаз дауысты Қазыбектің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Қазыбек ұрпақтары ата-баба жолын қуып, сөз ұстаған парасатты әділ қазылар атанған. Баласы Бекболат, одан кейінгі Тіленші, Алшынбайлар да дүйім жұртты аузына қаратқан әділ де тура билер болған. Белгілі әнші-композитор Мәди Бәпиұлы да Қазыбек бидің ұрпағы.

Қазыбек би Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен. Денесін баласы Бекболат Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлеп, басына құлпытас орнатқан.  Қарағанды облысында бір ауданға, Алматы, Шымкент қалаларында көшелерге би есімі берілген, ел ордасы – Астанада ескерткіш орнатылған.

Негізгі бөлім

а) Қаз дауысты Қазыбек би

Бидің жастық шағы мен бүкіл саналы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп алғаш рет қалмақ ханына барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: “Дат, тақсыр!” деп жұлқынып алға шығады да:

“Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз…

Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!” – депті.

Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып,  шешендігіне риза болып: “Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын”, – деген екен. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен. Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, ел намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқан.

 

ә)Қазыбек бидің — 350 жылдығы

Биыл 2017 жылы Қазыбек би бабамыздың — 350 жылдық  мерейтойына облыстық деңгейде көптеген шаралар, республикалық, халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылды. Қазыбек би мұрасына қатысты қаншама ғылыми еңбектер, қос томдық монография жарық көрген. Сондай-ақ, ерекше сипаттағы фотоальбом шығарылыпты. Жай ғана фотоальбом емес, маңызды деген мәліметтермен көмкерілген шежірелік баянның берері мол. Республикалық деңгейде өткен шешендік өнер сайысының орны – бір төбе.

«Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық»— деп өлмес өсиет қалдырған Қаздауысты Қазыбек би дегенде, көз алдымызға қазақ-қалмақ арасындағы бітіспес дау-жанжалды өз ұлтының пайдасына шешіп, жоңғар билеушісін күшімен емес, шешендігімен, сөзінің сұсымен ықтырып отырған айрықша айбат иесін танимыз.

Дүбірлеген ұлы той – тамыз айында Егіндібұлақта баба рухына берілген ас. Онда республиканың түпкір-түпкірінен қонақтар қатысты. Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойына жолдаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Құттықтау хатын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова оқып берді. Аста аламанға ат шаптырылып, балуандар белдесті. Дүбірлі тойға арнайы Асанәлі Әшімов, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ағаларымыз келіп ақ тілегін арнады. Екінші күні Қарағанды төрінде ақындар айтысы өтті. Баба рухына берілген осы астағы басты шаралардың бірі – «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым» атты халықаралық автокеруен жолға шықты. Құрамында ақын, ғалым, әнші, күйші жыраулармен қатар, білім меценаты һәм лауазымды тұлғалар тоқайласқан автокеруен біздің облыстағы киелі жерлерді айтпағанда, Қызылорда, Тараз, Шымкент арқылы би бабамыз мәңгілік мекен тапқан Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне құран оқып, сонда түрлі шаралар ұйымдастырған. Одан Өзбекстандағы Ташкент қаласында жатқан Төле би бабамыздың басына және осы елдегі Науаи облысы, Нұрата кентінде жерленген Әйтеке би бабамыздың басына құран оқып, тәу етіп, елге  оралды. Бабаның биылғы 350 жылдық мерейтойының қорытындысы желтоқсанның 27 күні «Саржайлау» кинотеатрында өтіп, аталған сапардан репортаж ретінде шағын фильм  көрсетілді.          

б)Қалмақтың ханына тектілігін мойындатқан-кемеңгер.

Қазыбек би әйгілі боп тұрған шағында еліне жайлы қоныс іздеп Сарыарқаны шолып қайтуға кетеді. Соны сырттан есіткен қалмақ Қоңтажы дереу қалың қол аттандырып Қазыбекке қараған елді шаптырып алады. Ханның қолы малмен коса жүзге тарта ер балаларды да байлап әкетеді. Оның ішінде Қазыбектің өз баласы Қазымбет те кетеді

Сонда ханның көздегені Қазымбетті қайтармау екен. «Тірі емес» деп балаға күн төлеу ниетін білдіреді. Сонда Қазыбек шешендігінің арқасында қалмақты сөзбен жеңіп, шапқыншылыққа түскен балаларымен қоса малының толық төлеуін алып қайтады.

Осы бітімнен қайтып келе сала Қазыбек елін Сарыарқаға көшіріп, бұл жерді ата мекенді қоныс етеді. Бірақ әлі де ол қонысқа көшіп болмаған елдің соңғы бөлігін, сондай-ақ, Қазыбекке ниеттес кіші жүздің бір бөлігін Қоңтажы тағы шаптырын алады. Қазыбек осы жолы қалмақтың ханының алдына келіп:

— О хан, сен ел шабуды коймадың, мен елшілікке келуден танбадым, — дейді. Қоңтажы бұған:

— Қазыбек би, дұрыс айтасың, сенің қаршадай 14 жасар күніңде айтқан сөздеріңді есітіп: «Шіркін-ай, мынадан бір тұқым алар ма еді», — деп ойла-дым. Содан барып Қазымбеттей ұлыңды алдырдым. Сені қайта бір келтіру үшін мен артта қалған елінді шаптырып алдым. Ендігі сөздің турасы сенімен достасуға құмармын, не қыз ал, не қыз бер депті. Қазыбек ханға:

— Саған беретін қызым жоқ, қыз берсең алайын, — дейді. Хан Қазыбектен «ұлың нешеу еді» деп сұрайды. Қазыбек:

— Бір жарым ұлым бар, — деп жауап береді. Хан бұған таңданып:

— Бір жарымы қалай? Сенде дырдай бес ұл бар деп еститін едім дейді

Қазыбек оған:

— Менің елге ие болатын ұлым біреу-ақ, аты — Бекболат, соны бүтінге есептедім. Ал, әйеліне ғана ие болатын үшеуін есепке алып жүргенім жоқ, — деп Қоңтажыға қарапты.

Қоңтажы өз қызын Бекболатқа беріп,  қазақ пен қалмақтың шапқыншылығы тоқталған екен деседі.

Қорытынды     

Қорыта келгенде, менің туып өскен жерім — егеменді Қазақстан. Қазақстанның байлығы өте көп және қазынаға бай ел. Сол жерде біздің ата-бабаларымыз, батырларымыз, ақындарымыз, ғалымдарымыз туып өскен. «Отаның-алтын бесігің», — деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау — әрбір азаматтың бірінші міндеті. Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. Халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өткенде де ата-бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған.

Қазақ халқының ұлы биі, төбе биі — Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың рухы мәңгі жасасын, еліміздің іргесі сөгілмесін, саналы да білімді, елінің ертеңі болар ұрпақтар көбейсін, Қазыбек би бабамыздың қалдырған өсиеттері – болашақ ұрпаққа мәңгілік мұра болсын!- дегім келеді.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *