Эссе: » Көп кырлы тұлға — Маршал Әбдіхалықов»

» Көп кырлы тұлға — Маршал Әбдіхалықов»

Белгілі бір кезеңде өз халқына қалтқысыз қызмет еткен және бір кезде туған халқы өзін қорған етіп қалқан тұтқан арыстарды еске алып, еткен еңбегін паш ету, бедел тұтып, бетке ұстау, қалтқысыз қастерлей білу өреміздің өскендігінің белгісі болса керек. “Өткендерін еске алған – өскендіктің белгісі; өткендерін ұмытқан – өшкендіктің белгісі”, – деп халық даналығы айтқандай, барын базарлай білуі, мақтан тұтып, қадіріне жету – өсетін елдің қасиеті, жақсылық нышаны. “Көркем әдебиетті тек ұлы ақын-жазушылар жасамайды. Оның ұлылы-кішілі, ірілі-уақты өкілдері болады. Әдебиет тарихы әр кезеңде әдебиетке атсалысқан, оған өзінше аз да болса үлесін қосқан ақын-жазушыны ұмытпайды, ұмытуға тиісті де емес” – деген Т. Кәкішевтің пікірі Маршал Әміржанұлы Әбдіхалықовтың да әдебиеттегі еңбегіне арналғаны сөзсіз. Ердің жасы елудің үстінде, нағыз творчестволық кемелдену кезеңіне келгенде бақилық болған талантты жазушы өзінен кейін өз алдына жеке зерттеуге лайық қомақты әдеби мұра қалдырды. Әдебиет – адам рухының қуатын танытатын ғажайып құбылыс болса, талантты суреткер белгілі бір дәуірдің үні, халық ойы мен жай-күйінің жаршысы. Жазушы – алдымен өз дәуірінің перзенті. Маршал Әбдіхалықов – көп қырлы тұлға. Қаламы жүйрік журналист, жазушы, аудармашы, драматург. Таланттың өнер және өмір жолдарына тоқтала кетелік. Ол 1936 жылы 26 шілдеде Маңғыстау облысының бұрынғы Сығынды ауыл советінің Ақшұқыр жерінде дүниеге келген. Әкесі Әміржан 1942 жылы соғысқа аттанып, 1943 жылдан бастап хабар болмайды. Сөйтіп, бала Маршал шешесі Балипанның тәрбиесінде болады. Маршал 1943-1953 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы С.М.Киров (қазіргі Е.Өмірбаев) атындағы орта мектепте оқи жүріп, тырнақалды туындыларын қабырға газеттеріне жариялай бастайды. М. Әбдіхалықовтың мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдебиетке құштарлығы байқалады. Ол әдеби кітаптарды үзбей оқып, оқыған кітаптарының аты-жөнін, жазушының, кітаптағы басты кейіпкерлердің аттарын өзінің жеке дәптеріне жазып жүретін болған. Оның қолы мен қолтығынан ешқашан да әдеби кітаптар түспейтін, орыс тілін жетік меңгергендіктен оны сыныптастары “қасқа бас тілмәш” атандырған. 1954 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1959 жылы бітіріп шығады. Оқып жүрген шағында оның болашақ жазушылық дарыны байқала бастайды. 1955 жылы “Әдебиет және искусство” (қазіргі “Жұлдыз”) журналында 2-курс студенті Маршалдың “Нәрсіз гүл” әңгімесі қазақтың белгілі прозаик-жазушысы Мұқан Иманжановтың алғысөзімен жарық көрді. Тырнақалды бұл әңгімесі республикамыздағы оқырман қауымға Маршал есімін таныс етті. 1959 жылы университетті ойдағыдай бітіріп, “Лениншіл жас” газетінің жауапты қызметіне жұмысқа тағайындала тұрса да жанұя жағдайымен елге келеді. Өзі оқып, білім алған С.М. Киров атындағы орта мектептің әдебиет пәнінің мұғалімі болып сабақ береді және директордың оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1962 жылы ауданның партия, Кеңес орындары Маршалды Т.Г. Шевченко мемориалдық музейінің (мұражай) директоры етіп бекітеді. Мұражайдың директоры болып қызмет істеген М. Әбдіхалықовтың өлке тарихына, мәдениетіне сүбелі үлесін қосып жүргеніне жазушы З. Қабдоловтай кемеңгердің мына сөзі дәлел болса керек: “22 шілде 1962 жылы музейді аралап көрдік. Музей әлі шағын болса да ұлы ақынға, оның үлкен халқына деген ересен махаббатты паш ете алады. Т.Г. Шевченконың болуы – Маңғыстау үшін ерен оқиға. Бірақ бұл музей тек сол оқиғаның шежіресі ғана болып қоймай, қазақ халқының аса бір қызықты, тарихи шежіреге бай өлкесінің мол тарихын түгел тоғыстырғаны абзал. Сондықтан да, бұл үлкен мекеменің өз өлкесінің өткен-кеткенін, сән-салтанатын, әдет-ғұрпын, өзгеру-өсуінің айнасы боларлықтай дәрежеде қайрат қылғанын қалар ек”.1963 жылы шығармашылық, жазушылық талабын жалғастыру мақсатында ұстазы З.Қабдоловтың шақыруымен жанұясымен Алматыға қоныс аударады. Осы жылы М. Әбдіхалықов бір кезде еңбек жолын бастаған “Лениншіл жас” газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Орталықтан шалғай жатқан, республикалық баспасөз бетінде қағажу көрумен келген Маңғыстау тақырыбының бағы жанып сала береді. Бәлкім, онысына сол кезде М. Әбдіхалықовтың Маңғыстау топырағынан шыққан жалғыз журналист болғандығы себеп те шығар. Әңгіме, очерк, мақала, суреттеме бір сөзбен айтқанда Маршал қаламы жанр талғаған жоқ. 1964-1967 жылдар арасында “Қазақстан әйелдері” журналында бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. 1967-1975 жылдар аралығында “Қазақфильм” киностудиясында Совет киноөнерін насихаттау бюросында, режиссер-ұйымдастырушы халқымыздың көрнекті қаламгері, дарынды тұлға Әбіш Кекілбаевпен қызметтес болды. Әбіш Кекілбаев дубляж бөлімінің бас редакторы, М. Әбдіхалықов редакторы болды. Киностудиядағы жылдары Маршал шығармашылығындағы ең бір жемісті жылдар десек асыра айтқанымыз емес. Ол “Қазақфильм” киностудиясында редактор орынбасары болып істей жүріп, елуге жуық фильмдерді, киносценарийлерді аударуға қатысқан. Шығармашылық жұмысқа ауысқанға дейін 1976-1986 жылдар арасында “Жұлдыз” журналында аға әдеби қызметкер болып жұмыс жасайды. “Жұлдыз” журналы сол кезеңде республикадағы бірден-бір әдеби журнал болғандығы белгілі. М. Әбдіхалықов Маңғыстауды “Жұлдыз” журналы арқылы танытқан ең алғашқы жазушы болып табылады. Қаламгердің бірнеше әсерлі әңгімелері, аудармалары, “Аққыстау” хикаясы, “Сүйінғара” романымен де оқырмандар осы журнал бетінен танысты. 1965 жылы “Қайнар” баспасынан “Отызмыңыншы” атты тұңғыш кітабымен тұсауын кесіп, әдебиет әлеміне қадам басқан жас жазушының осыдан кейін “Маңғыстау хикаялары” (1967), “Ленин тапсырмасы” (1967), “Желаяқ бала” (1969), “Алыстағы Маңғыстауда” (1971), “Қара тасқын” (1975), “Жердің асты жеті қат” (1975) сияқты туындылары жарыққа шығады. Қаламгер шығармашылығының үлкен бір белесі – “Сүйінғара” тарихи романы 1981 жылы “Жұлдыз” журналының №8,9 сандарында жарияланды. Драматургия саласындағы бірден бір еңбегі “Асыл жандар” пьесасы 1981 жылы Атырау облысы М.Өтемісов атындағы облыстық драма театрында қойылды. М. Әбдіхалықовтың редакторлық, аудармашылық қызметтері де көңіл толтырарлық. Ол әуелде итальян жазушысы А. Моравианың “Өмір – ну орман”, Л. Палаштидің “Айырылысу шарттары”, А. Найменовтың “Мекке мен Мәдина” әңгімелерін, А. Зегерс, Э. Коштың әңгімелерін аударса, кейін Ж. Икрамидің “Жаны сірі сілімтік”, А. Сергеевтің “Петербург елшісі”, М. Симашконың “Комиссар Жанкелдин” романдарын ана тілінде сөйлетті. Жазушының жеке мұрағатынан бұрын баспа бетін көрмеген “Мен күнге сенемін” (Т. Әлниязов туралы). “Мұнара басындағы жұлдыз”, “Біздің мектептің баласы”, “Балсұлу апай хақында”, “Ескі Палестина жерінде”, “Аралағаш этюдтері”, “Қауырт маусым” сияқты публицистикалық шығармалары, “Кәрі арлан”, “Даладағы кездесу”, “Нағима”, “Шымыр иірім”, 2007 жылдан репортаж (қиял), “Актриса” әңгімелері, “Жапандағы жалғыз келіншек” (телевизияға арналған драмалық шығарма), “Сол бір үш-төрт ноқат” повесі, “Қарасорды игеру” романдары (толық емес) қолжазбалары табылып отыр. “Жазушы творчествосы оның адамдық болмысымен, азаматтық бітімімен, өзгеден ерек өз өмір тәжірибесімен, білімімен, мәдениетімен, дүниетанымымен ұласып, керек десеңіз бірігіп біте қайнасып жататынын” академик Зейнолла Қабдолов терең пайымдаған. Осы тұрғыдан келгенде әдебиет әлеміне публицистикалық пафосты жанрлар арқылы келіп, көркем проза, таза журналистік сала, бұларға қоса көркем аудармаға да ден қойып құдіретті сөз өнеріне құнды дүниелер әкелгені, әрине М. Әбдіхалықовтың қаламгерлік қуатын танытарлық еңбектер еді.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *