Ыбырай Алтынсариннің қазақ әдебиетіндегі орны

Ұлы педагог-ғалым қазақтың жазба əдебиетінің, əдеби тілінің негізін қалаушылардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Əдебиетке тың тақырыптар, озық ойлар енгізді. Шиеленіскен тартыстар, соны бейнелер, бұрын болмаған жанрлар арқылы əдебиетті мазмұн жағынан ғана емес, түр жағынан да өркендетті. Қазақ даласының сұлу табиғаты, ұшан-теңіз байлығы, еңбек пен еңбек адамдары туралы əсем лирикалық өлеңдер, қысқа да əсерлі əңгімелер, сол кездегі қоғам өмірінің сан алуан жайларын шебер сипаттайтын публицистикалық мақалалар жазды. Оның шығармаларында философиялық пайымдаулар мен тұжырымдар молынан келтірілді. Орыс тіліндегі балаларға арналған көптеген еңбектерді қазақ тіліне жеңіл аудара білді. Сөйтіп, ұлтымыздың халық ағарту саласында көп еңбек етті. Ол жаңашыл, дарынды ағартушы ғана емес, халқымыздың теңіздей толқып тасыған інжу – маржан жырларын жақсы біліп, еңбегіне арқау еткен. Сүйтіп, өзі өмір сүрген дәуірдің мұрат- мүдделеріннің кәдесіне, ұрпақ тәрбиесіне жарата білген тұлға. Оның мазмұнды да мағыналы әсем лирикалық өлеңдері, қысқа да әсерлі әңгімелері қазақ әдебиетінің тарихында өшпес орын алады.
Ыбырайдың әдеби еңбектерінің жинағы «Қазақ христоматиясы» (1879) ағартушылық мақсатта жазған әйгілі екі өлеңмен ашылыды. Ақын бұл өлеңдерді өз кезінде «Сөз басы» деген атпен алған. Қазір бұл өлеңдер «Кел, балалар,оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар» деген атаулармен мәлім. Ол халық ағарту ісіне арнаған әдеби туындыларын да оқу – білімді насихаттаудың ұтымды әдісінің қажеттігін көрсетті.Оқу білімнен кенже тұрған халық үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттай алатын қысқа көлемдегі поэтикалық шығармалардың айрықша ұтымды екенін, әсерін терең сезінді, сенді. Қазақ жастарын білім алуға, мәдениеттің жаңа дәстүрлерінигеруге, бойға сіңіруге шақырды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының ең ірі, ең беделді көшбасшысы қазақ ғылымы мен мәдениеті, оқу тәрбие ісі тарихына сіңірген орасан зор еңбектерінің тарихтан өшпес орын алатынын бүгінгі демократия мен әділеттілік салтанат құрған дәуірде өмір шыңдығы дәлелдеп отыр. ХХІ ғасырда білім сапасы жалпыға ортақ, рухани – этикалық басымдылық негізінің мән құраушылық және шығармашыл, жаңашыл сипатына ие, сонымен қатар ғылыми негізде шынайы құрылған, сан қырлы, адамзат пен мемлекеттің мәдени ескерткіштеріне сай негізделген, этномәдени, әлеуметтік – кәсіптік және конфессионалды топтардың жан – жақты қажеттіліктерін, сондай – ақ жеке тұлғалардың рухани сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған болуы қажет. Осы бағытта Ыбырайдың игілікті ісін ықыласпен қолдап, оны егемен елдің білім беру жүйесінде оқыту мен тәрбиенің озық туындысы ретінде жандандырып, инновациялық сипатта әр бере отырып, тиімді қолдану оқыту міндеттерінің талабы болған абзал.
Көрнекті әдебиетші ғалым Қ.Жұмалиев өзінің «ХҮІІІ- ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» деген ғылыми – зерттеу еңбегінде педагог- жазушыға: ХІХ ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс, Европа мәдениетіне қолы жеткен оқымысты, халық ағартушылар дәрежесіне көтерілген әрі педагог, әрі ақын- жазушы Ыбырай Алтынсаринның өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор,»- деп баға береді.
Халқы үшін жар құлағы жастыққа тимей, оқу-ағарту жолында аянбай еңбек еткен Ы.Алтынсариннің ғылыми және әдеби еңбектерінің бүгінгі жастарға берер ғибраты мол асыл мұра.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Ы.Алтынсарин тағылымы. Алматы 1991 ж
2. Бес ғасыр жырлайды. Алматы, «Жазушы», 1989 І том
3. Ы.Алтынсарин . Таңдамалы шығармалары.320 бет
4. Ы.Алтынсарин тағылымы. Құрастырған М.Жармұхамедов

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *