Тәуелсіз ел- мұратым

Азаттық! Тәуелсіздік! Еркіндік!
Иә, бұл мағынасы терең, бойыңа рух берер ұлы сөздерде қасиет бар секілді. Шынымен де әрбір тірі жан бас бостандығы үшін, ел еркіндігі үшін жан беруге даяр емес пе?! Осынау жігеріңді жанып, күшіңді тасытар сөздерде бір тылсым күш жатқандай көрінеді. Осы қасиетті армандарға жету жолына қаншама боздақтарымыз өмірін арнады. Сонау Керей мен Жәнібек құрған «Қазақ Хандығынан» қазіргі Тәуелсіз Қазақстанға жету жолы- бабалар салған сара жол еді. Тіпті бұл жолды «азаттық шыңына» жетелеген даңғылға теңесек те артықтық етпейді. Қазақ қазақ болып қалыптасқалы елін, жерін «білектің күшімен, найзаның ұшымен» қорғаған батыр бабаларымыз еркіндікті көгімізге ту етіп бекітіп кетті. Қанша ғасырлық арпалыс, сан жылғы бейнет- халық өмірінің бір бейнесі ғана. Мәңгілік ел жолындағы күрес- келесі ұрпаққа тарих, шежіре түрінде жетті. Қаншама ерліктер мен батырлық қасиеттер ел аузындағы аңызға айналды. Табанды қайсарлық пен өршіл рухтың арқасында ата-бабаларымыз өзінің бірлік-берекесін сақтап қалды. Басымыздан аңыраған аштықты да, боздатқан бодандықты да, құлдыратқан құлдықты да өткердік. Жоңғарлардың тегеурінді тепкісіне, ойраттардың ойранына, орыс отаршылдығына да төтеп беріп, тарихтан мәңгі өшіріле жаздағанымен, ұлттық дәстүрді, ата-баба мұрасын дәріптеп, қазақ болмысын сақтап қалды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлерін майданға аттандырып, қаһарман аналарымыз ошақ жұмысын да, түздің ісін де қатар атқарды. Қонақжай қазақ жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерін төріне отырғызып, тағамын ұсынды. Кейіннен тіліміз шұбарланып, ол құндылықтан да қол үзе жаздадық. Бірақ,бүгінгі таңда тілімізді жаңғырту, дәстүрімізді сақтау- күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып, күрмеуі шешілгелі тұр. Дана халқымыз осынша нәубетті басынан өткергенімен, өзінің тектілігін танытып, рухын тіктеп келеді.
1991 жылы 16 желтоқсанда ардақты алаш жұртына азаттық таңы қайта атты. Қазақстан Республикасын барша әлем мойындады. Ел қорғаған батырлардың ұрпағы, елі үшін туған ер- Нұрсұлтан Әбішұлы президент болып сайланды. Мемлекеттің басты белгілері болып саналатын рәміздеріміз қабылданып, көк туымыз бекіді. Тәуелсіз Қазақстан дамудың жаңа сатысына түсті. Көп ұзамай мемлекеттің мызғымас қорғанысын қамтамасыз етер заң- конституциямыз «Ата Заң» қабылданды. Бұл жылдар халық жадында күні кеше болғандай сақтаулы. Жиырма алты жыл- ұзақ та, қысқа да мерзім емес. Осы жылдар ішінде осынша жетістіктерге қол жеткізуіміз- Тәңірдің қанша жылғы күрес үшін берген сыйы іспеттес.
«Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді. Осылайша, елдігіміздің ертеңі ошақтың үш тағаны сияқты «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып тұр.»- Бұл елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ««Қазақстан-2050» стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінен үзінді. Бүгінде еңсесі биік еліміз-Қазақстан атты биік шаңырақ астында 100 ден аса ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүруде. Яғни, жерімізді мекен еткен әрбір ұлт өкілі, әрбір азамат біздің ортақ үйіміз- Қазақстан біртұтас болашақтың іргесін бірге қалап келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі жасампаздықтың әр жылының орны ерек, әр жыл өз табысымен тарихқа енді. ХХІ ғасырға дейінгі 10 жылдың ішінде ғана қаншама жетістіктерге қол жеткізіп, алыс-жақын шетелдермен дипломатиялық қарымқатынас орнаттық. 1998 жылы елордамыз оңтүстік өлке- Алматыдан тоғыз жолдың торабы, арқа төсіндегі Ақмола қаласына көшіріліп, кейін «Астана» деген атау алды. Көп саяхатшылар мен қала қонақтары Астананы үлкен «құрылыс алаңына» ұқсатып жататын. Оның мәні Еуразия жүрегінде жаңа астанамыздың іргесі қайта қаланып, әлем сан ғасырлар бойы қол жеткізген алпауыт қаланы қазақ елі аз уақыт ішінде тұрғызбаққа ұмтылды. Бұл талпынысы нәтижесіз қалмады, қысқа мерзімде бас қаламыз қарыштап даму үстінде болды. Осылайша қазіргі Астана- қордалы мәселелерді талқыға салатын ынтымақтастық алаңына, әлемдік деңгейдегі бітімгерлік ордасына айналды. Осыған бір дәлел ретінде, ЕХРО-2017 көремесін жеңіп алғанымызды айта өткен жөн болар. Демек, төрткүл дүниенің назары Қазақстанға, ажарлы Астанаға ауды. Жаһандық жетістіктер көрмесіне қарай, еліміздің бас қаласы жаңа сәулет туындыларымен, заманауи техникалық, экологиялық ресурстармен толықтырылды. Ендігі уақытта дамуы бір сатыға түскен, болашағы жарқын еліміздің келер күні әлемдік деңгейдегі абыройы одан әрі асқақтай берсе екен деп тілеймін. Рухы-өр, тәні-бекем, қайсар да қайратты халқымыз кемеңгер көшбасшысымен бірге алда талай белестерді бағындырып, бәсекелестік шыңына көк байрағын желбірететініне кәміл сенемі

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *