Тәрбиеші болу — бақыт

Мен бүгін
Ерекше бір сезіммен ояндым,
Сәулелі шуақты ақ таңға боядым,
Жүректе қуаныш, бойда күш тасыған,
Өмірімнің мәніне айналған,
Бүлдіршіндерді көремін тағы да қасымнан!
Мынау менің балабақшам… Мынау менің кішкентай бөбектерім… Әр күні олардың сүйкімді жүзін көргенде еріксіз күлімсіреймін. Өйткені олар мені қуана қарсы алады. Қуанышын жасыра алмай еркелей алдыма келеді. Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы. Мен олармен бірге жүрсем, балаша қуанып, мына өмірге балаша қарағым келеді.
Мен тәрбиешімін… Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады. Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кем де кем, мүмкін бұл мамандық содан киелі шығар…

Дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп, балабақшада бүлдіршіндерге өмірде не дұрыс, не бұрыстығын түсіндіріп өсіру ең қиын іс дер едім. Өйткені егінші көктемде алдағы жайма шуақ жазға арқа сүйеп егін егеді. Ал құс көктемде ұя салып, күздің суығында балапанын қатайтып ұшырады да нәтижесі бірден көзге көрінеді. Ал тәрбиеші ше? Күздің қоңыраулатқан күніне де, қыстың қаһарына да, көктемнің лайсаңына қарамай табиғат ананың жаңаруымен бірге құстарын баптайды. Бір қарағанда, тәрбиеші тірлігі диқан мен құс сияқты болғанымен, табиғат кезеңіне қарсы жүзіп өз дәнін шашатын диқан, балапанын баптаған құс сияқты. Бірақ нәтижесі бірден көзге көріне қоймайды. Көп жылдар өте, кезінде алдында бүлдіршін болған азамат асқар таудай өсіп, еліміздің мақтанышына айналса — міне, нәтиже.
Мен балаларды жанымдай жақсы көрем… Өйткені бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады. Көздері мөлдіреген, жүздерінде күлкі ойнаған балаларға қарасаңызшы…
Жасыратыны жоқ, осы мамандықты таңдаған жандардың кәсібіне көңілі толмай қиындығын айтатындары көп, ал мамандығын өзгертетіндер сирек… Оның себебі, сүйкімді балалардың киелі ортасы тәрбиешіні нәзік жіппен өзіне байланыстырып қоятындай.
Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін…

Тәрбие – отбасынан басталатындықтан қашанда тәрбиеленушінің ата — ана, жанұясымен жете танысып, үнемі қарым қатынаста болуды өзіме басты мақсат етемін. Ол біздің ортақ баламыз екендігін сезінуге үйретуге тырысамын.

Мен әр баланың жанын түсініп, мақтап, қолпаштап, көмек көрсету арқылы қызметімде тек қана жақсы жетістікке қол жеткізетініме сенемін. Тәрбиеші деген сөздің мағынасына үңілсек, мақсаты тәрбие беру екенін түсінеміз. Адамның жаны мен тәні қашанда тәрбиеге мұқтаж екендігін ескерсек, тәрбиешіге артылар жүк жеңіл еместігіне көзіміз жетеді. Балабақшада дұрыс тәлім — тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. Біз, тәрбиешілер, түрлі болашақ маман иелерін тәрбиелеп жатырмыз десем артық болмас. Болашақ заңгерлерді — әділдікке үйрету, дәрігерлерді — жауапкершілікке баулу, мейірімділікке үйрету, құрылысшыларды — нақтылыққа тәрбиелеу – барлығы тәрбиешінің қолында. Сондықтан да өз бойымызда әділдік те, мейірімділік те, жауапкершілік те болу қажет. Тәрбиеші жұмысы – оңай жұмыс емес. Бірақ абыройлы, сыйлы. Жақсы тәрбиешіні балалар ешқашан ұмытпайды .
«Ел есіңде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой — өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық.
«Білерім — бір тоғыз, білмейтінім — тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар белестерім әлі алда. Білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинау алдымда. Білімді ешқашан өзін білгіш қып көрсетуге тырыспайды. Шын білімдінің зейін — зердесі кең, алыстан қарасаң — кербез, жақыннан қарасаң — кішіпейіл. Жүзіне үңілсең — мейірімді, жанына үңілсең — шуақты көрінбек.
Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиеші атансам — адами парызымның орындалғаны болар.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *