Тіл мәртебесі — ұлт мәртебесі

Шакирова Алия Бахытжановна

Тіл қай елде, қай ұлтта болмасын қадірлі де, құдіретті. Ұлттың болмысын, ұлылығын, кісілік келбетін, биік парасатын танытуда тілден артық күш жоқ.
Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңында «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі,әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген.
Тіл – ойдың тікелей шындығы, тіл – барша білімдердің қазынасы. Тілдің көмегімен өнер-білімді, ғылымды игереміз, өткен-кеткен тарихымызды саралап, сабақ аламыз. Тіл арқылы рухани байлығымызды меңгереміз, өзіміз танып қоймай, сол асыл қазыналарымызды әлемге танытамыз. Әлемді танимыз. Сондықтан да адам баласының байлығының бірі – сөз өнері.
Әрбір елдің қуатты күші, байлық – бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тәуелді екені белгілі. Атадан балаға жеткен ұлы құбылыс ретінде тіліміз талай сыннан сүрінбей өтті, дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, өткір, таза, терең, күшті, кең тіл – ана тілімізден артық халқымыз үшін қасиетті ештеңе болмаған. Себебі, тіл – тарихымыз, тіл – мәдениетіміз, тіл – әдебиетіміз. Тауып айтылған бір ауыз сөзге бір қауым ел тоқтаған. Бұл – халықтың тіл өнеріне деген ыстық сүйіспеншілігінің белгісі. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағалап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған.
Тіліміздің қадір-қасиетіне үлкен мән берген ғұлама адамдар пікіріне тоқталсақ: «Тілімізді жаман сөзден сақта, жақсы сөзге үйрет», — деп ежелгі дәуірде өмір сүрген М.Қашғари айтса, ал Ж.Баласағұни:
«Ақыл, білім тілмашы – тіл, бұл кепіл,
Жарық төгіп елжіретер тіл деп біл,
Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл, кететұғын бас болар,» — дейді. («Құтты білік».
Ауд.А.Егеубай. Қаз.әдебиеті оқулығы, 8-сынып. С.Мақпырұлы. Г.Құрманбай. А.Қыраубайқызы. 32-бет).
Сол өткен ғасырдың өзінде француз ғалымы Жорри де Манси: «Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең бай тілдердің бірі» деп тамсанса, орыстың әйгілі ғалымы В.В.Радлов: «Ең сауатсыз деген қазақтың өз тілін жете меңгергендігі сондай, ондайды біз Еуропада француздар мен орыстардан ғана байқаймыз. Егер олар әңгіме айта қалса, сөз оралымдары көркем де сүйкімді, тілі өткір, әрі майда, шешен де тапқыр» деп әділ бағасын беріпті. Ал, А.Байтұрсынов «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді.
«Адамға екі нәрсе тірек тегі:
Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», — деген Ж.Баласағұнидың сөзін қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың «Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін — ұлы» деген сөздерімен толықтыруға болады. Бұл мысалдан біз тіл мәселесінің қай кезеңде де келелі мәселе болғандығын, әлі де бола беретінін түсінгендейміз. Себебі ана тілінің, мемлекеттік тілдің жағдайы бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселеге айналғаны қашан?!

Тіл туралы қабылданған заңдарды да өмірдің өзі, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру қажеттігі және қоғамның рухани жаңаруы туғызған еді.
Тіл саясаты бүгінгі таңдағы ҚР-ғы ең өзекті мәселе болып отырғаны баршамызға аян. ҚР Білім Туралы заңында: «Білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады» (9-бап 1).
«Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің біреуін оқып-үйренуін қамтамасыз етуге тиіс» — делінген. (Білім туралы Заң 9-бап.2т.2007.27.07. Астана, Ақорда).

Көп тіл білу-заман талабы.Елбасы өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» атты жолдауында : «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі».

         Елбасы: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деп ескертті. Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта  көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Бірақ Қазақ баласы әуелі отбасында Қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, Қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады.

Көп тіл білу ــ әрине, мақтаныш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілде жетік сөйлесе ــ бұл сүйініш, мақтаныш; ал ана тілін білмей тұрып, өзге тілде сөйлесе ــ бұл күйініш, өкініш. Ал мұндағы мақсат – ағылшын идеологиясын сіңіріп, ағылшын болып өмір сүру емес, ағылшынның тілін ғана үйрену және балаларымызды әлемге қанат жайған ағылшын тілімен қаруландыру.
Тәуелсіз еліміздің керегесі кең, шаңырағы биік болып, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдеріне қосылу үшін білімді, ғылымды дамытуымыз қажет. Болашақ ұрпақтарымыз әлемдік білім деңгейінде де өзге елдермен терезесі тең, бәсекелестік дәрежеге жетуі керек. Бұл тұрғыдан зерделер болсақ, көреген А.Байтұрсынов «Білімсіз халық қанша бай болса да, байлығы басқа халықтың қолына көшеді» деп біліктілікпен айтып кеткен.
Білім арқылы адам өзінің дүниетанымдық ауқымын кеңейтіп толықтырады. Оның үстіне білімді күнделікті қолдана білмесе, ол ештеңеге жарамсыз бос дүние болып шығады. Нағыз шынайы білім әр адамның еңбегін жеңілдетеді, өміріне пайда келтіреді.
Ал білімнің пайдасы күнделікті өмірде қолданылып, тәжірибеде сыналып, өмірде іске асқанда ғана оның пайдалы екендігіне баланың да, мұғалімнің де көзі жетіп, көңілі тояды. Сондықтан әрбір баланың бүгінгі мектеп қабырғасында алған білімі оның ертеңгі өмірінің азығы, рухани және материалдық байлығының негізгі көзі екендігіне сендіре білу – мұғалімнің басты міндеті.
«Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы»,-делінген. (ҚР Тіл туралы Заңы 4-бап). Міндет сол тілді тек меңгеріп қана қою емес, оны бүгінгісінен де әрі қарай жетілдіріп, ұрпақ санасына сіңіре беру, әр адамның өз ана тіліне деген жауапкершілік сезімін оятып, ана тілі үшін күресе білуіне қол жеткізу деп түсіну керек.
Білім беру ұйымдарындағы, әсіресе мектепте Тіл саясатын жүзеге асыру ұстаздар қауымының, соның ішінде тіл мамандарының ең басты парызы, міндеті.
ҚР 2030 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасында Елбасымыз Н. Назарбаев халқымыздың болашағы туралы тереңнен толғай отырып: «Мемлекетіміздің ең басты дүниесі тек қана табиғи байлық емес, сонымен қатар жасөспірім ұрпағы, өйткені, олар – біздің ұлтымыздың болашақ айнасы» деген болатын.
Олай болса, бүгінгі білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға даярлау.
Бүгінгі таңдағы білім беру саласындағы негізгі ұстанатын қағида – Нәтижеге бағытталған білім десек,ол мақсат – тәуелсіз елдің жеткіншек ұланын өз ана тіліне үйрету, қазақ тілінде еркін сөйлей алатын, ұлтжанды, нағыз патриот – қазақ тәрбиелеу.
Онере де Бальзак: «Сөз – өнер атаулының ең қиыны мен күрделісі» деген екен. Ендеше ұрпақ тәрбиелеуде тілдің орнының ерекше екенін түсінетін ұстаздар қауымына жүктелер міндет те маңызды болмақ.
Тәрбие – жан-жақты ұғым десек, сол тәрбиенің бастауы тілдің шұрайлысын баланың бойына халқымыздың сөз асылы – ауыз әдебиетінің бай үлгілерін: ертегі, мақал-мәтел, шешендік сөздерді дарыту арқылы сіңіре аламыз. Бұл тәрбие бала бесікте жатқанда айтылатын «Бесік жырынан» бастау алып, одан тәрбиеші, ұстаздар берген тәрбиемен, біліммен ұштасып жатса, әрине құба-құп.

Ең бастысы, жүрегі «Отаным, Қазағым, Тілім» деп соғатын ұлттық сана-сезімі жоғары, ұлтжанды оқушылар тәрбиелеу.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *