«С» дыбысы және әрпі

Білім беру саласы: «Қатынас»
Ұйымдастырылған оқу іс — әрекеті: «Сауат ашу және жазу»
Тақырыбы: «С» дыбысы және әрпі
Мақсаты:
Білімділігі: «С» дыбысы мен және әрпімен таныстыру. «С» дыбысынан басталатын сөздер айтқызып, буынға бөлуді үйрету.
Тәрбиелігі: балаларды ұқыптылыққа, ептілікке тәрбиелеу.
Дамытушылығы: ойын арқылы сөздік қорларын дамыту.
Қолданылатын көрнекіліктер: жұмыс дәптері, АТК
Ұйымдастыру кезеңі:
— Балалар бәріміз ортаға шеңбер құрайық. Бәріміз бір — біріміздің қолымыздан ұстап алақан жылуларын сезінейік. Қандай тамаша?!
Шаттық шеңбері:
Сәлем дейміз достарға,
Сәлем дейміз құрдасқа,
Сәлем дейміз ұстазға,
Сәлем дейміз қонаққа.
Тәрбиеші:
1.Сұрақ-жауаптар
2.Өткен әріпті қайталау
— Балалар, бүгінгі ашық оқу іс — әрекетін бастамас бұрын, өткен әріптерімізді қайталап жіберейік. Балалар біз өткен оқу іс — әрекетінде қандай дыбыспен таныстық?
Балалар: Б дыбысы мен әрпі.
Тәрбиеші: Б дыбысы дауысты ма дауыссыз дыбыспа?
Балалар: Дауыссыз дыбыс.
Тәрбиеші: Қандай текшемен белгілейміз?
Балалар: Көк.
3.Ойын: «Сөз ойла, тез ойла!»
— Ендеше менімен «Сөз ойла, тез ойла!» ойынын ойнағыларың келе ме?
Балалар: Иә
Ойын шарты: Балалар шеңбер жасап тұрады, тәрбиеші қолындағы допты қай балаға лақтырса, сол бала тәрбиешінің атаған дыбысына тез сөз ойлап, допты кері лақтыру керек. (Б — барабан, балта, бала т. б)
4.Тосын сәт. Есік қағылады. Хат тасушы келеді.
Хат тасушы: Бұл №8 «Теремок» балабақшасы ма?
Тәрбиеші: иә
Хат тасушы: Осы балабақшаға сәлемдеме бар. Міне, сәлемдемеңіз.
Тәрбиеші: Рахмет. Балалар, қараңыздаршы мынаның ішінде не бар екенін білгілерің келе ме? Балалар бұл сандық жәй сандық емес секілді. Бұл «Сиқырлы сандық» секілді, себебі қасында әдемі кілті бар екен. Балалар «Сиқырлы сандығымыз» құлыптаулы екен. Балалар бұл әдемі сиқырлы сандығымызды ашу үшін мен сіздерге жұмбақ жасырамын. Сол жұмбақтың шешімін тапсақ, сиқырлы сандығымыз ашылды.

5.Жұмбақ.
1. Затыңды аман сақтайды,
Ішіне адам батпайды. (сандық)
Тәрбиеші: Иә, жұмбақты дұрыс шештіңдер. Сиқырлы сандығымыз ашылды. Балалар, бұл не?
Балалар: Сағат.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, бұл сағат. Сағат адамға не үшін қажет?
Балалар: Уақытты білу үшін.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар. Сағат сөзін бәріміз бірге айтайықшы?
Балалар: Сағат.
Тәрбиеші: Сағат сөзін айтқанда басында қандай дыбысты естіп тұрсыңдар?
Балалар: «С» дыбысын.
6.Жаңа тақырыппен таныстыру
Тәрбиеші: Бүгінгі біздің өтетін ашық оқу іс — әрекетіміздің тақырыбы: «С» дыбысы және әрпі.
Бейнежазба: сиқырлы әліппе ашылып, «С» дыбысынан басталатын сөздер айтылады.
«С»дыбысы жайлы түсінік беру.
«С» дыбысының айтылу артикуляциясымен таныстыру.
Ерін езуге қарай тартылып, тіс көрінеді. Тіл тістерге тиіп, арасынан «с» дыбысы қысылып шығады.
— Қане, барлығымыз қолымызды иегіміздің астына қойып «С»дыбысын айтайықшы.
Барлығы бірге «С» дыбысын қайталап айтады.
-«С»дауыссыз дыбыс (балалар қайталайды).
— Дауыссыз дыбысты қандай текшемен белгілейміз?
— Көк текшемен белгілейміз.
-«С» дыбысынан басталатын сөздерді атаңдаршы.
— Сағат, сәбіз, сырға, сақина, сабын.
— Жарайсыңдар, енді сағат, сәбіз деген сөздерді буынға бөлейікші. Неше буыннан, неше дауысты дыбыстан тұрады.
— Са — ғат — екі буынан, екі дауысты дыбыстан тұрады. Сә — біз – екі буыннан, екі дауысты дыбыстан тұрады.
7. Тіл ұстару жаттығулары:
Са — са — са — ұстап алдым маса.
Се — се — се — сынды неше кесе.
Ес — ес — ес — пышақпен нан кес.
8.Топпен жұмыс:
№1 топ: Сан, тас сөздеріне дыбыстық талдау жасап, тиісті текшелермен белгілеу.
№2 топ: Суреттерден «С» дыбысы қай сөздерде кездеседі? Сәйкестендір.
№3 топ: «С» әріпін түймелермен,үрмебұршақпен жазу
9.Сергіту сәті.

— Балалар, «С» дыбысына байланысты тағы бір ойын ойнап бүгінгі ашық оқу іс — әрекетімізді қорытындылап жіберейік.
10. Ойын: «Кім тез ойлайды?».
Ойын шарты: Үстел үстінде тұрған заттардың ішінен, ойынға шыққан бала бір суретті таңдап алып, атын атау және сол сөзге сөйлем құрау.
Мысалы: Ойынға шыққан бала сырғаның суретін алып «Бұл сырға, сырға сөзі — с дыбысынан басталады. Сырғаны анам тағады» деп сөйлем құрайды.
11.Ойын: «Дыбысты анықта».
Ойынның шарты: Балалар орындарын тұрып, тәрбиеші «а» дыбысынан басталатын сөздер айтқан кезде қолдарын шапалақтайды, ал «с» дыбысынан басталатын сөздер айтқан кезде аяқтарын топылдатады.
12.Ашық оқу іс — әрекетіне жақсы қатысқан барлық балаларды мадақтау.
Ортаға келіп тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн жақсы.
Сау — саламат болайық!

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *