Суицид және жасөспірім

Орынбасарова Разия Кочкаровна

Адам ғұмыры қуанышты сәттермен бірге қайғылы оқиғаларға да толы. Ал қайғылы оқиға – ол өмірде кездескен қиындық. Қиындықты жеңу, жеңе білу табандылықты қажет етеді. Мұндай кезде барлық нәрсе адамның ерік-жігеріне және психикалық дағдарыс кезінде өзін қалай ұстай білуіне байланысты. Бүгінгі таңда қиындыққа ұшыраған жасөспірімдер мәселесі ең өзекті мәселе болып отыр. Соның ішінде өмірде кездескен қиыншылыққа төзе алмай, қайғыны көтере алмай өз-өзіне қол жұмсау жағдайы көбеюде. Ал бұл қандай дерт? Ғылым тілінде бұл дертті «суицид» деп атайды.         «Суицид» — бұл адамның өз-өзіне қол жұмсау әрекеті, яғни адамның өзін-өзі жоюға ұмтылу әрекеті. Бұл әрекет неден туындауы мүмкін? Ол қоғамдағы өткір психологиялық зақымдаушы жағдайдың әсерінен болады. Мұндай жағдайда ең жоғарғы құндылық болып саналатын адам өмірі өз мәнін жоғалтады.

Соңғы уақытта көпшілігіміз сананы сарсылтқан осы сұрақтың жауабын іздеп әлекпіз. Бұл өзі қоғамдық дертке айналып бара жатқан сияқты. Ел арасында «өзіне-өзі қол жұмсағандар» жайын көп қозғауға болмайды», «ол туралы сөз қылған сайын көбейе береді» деген жазылмаған қағида жиі айтылатындықтан бұл келеңсіздіктің тереңіне бұрын ешкім байыптап үңіле бермейтін. Айтылмаған сөздің «атасы» іштей тұншыққанмен кесірлі әрекеттердің жолы кесілмеді. Тіпті, күн өткен сайын «өз-өзіне қол жұмсау» атты кесел өршіп кетті. Әсіресе, балалар өлімі көбейіп отыр. Сондықтан, бұл қайғыдан қан жұтқан отбасылар мен суицидтің себебін іздеп сергелдеңге түскен мектептердің аясынан асып, қоғамдағы көкейкесті проблемаға айналды.

Бүгінде белең алып бара жатқан суицид балалар арасында да жиі-жиі бой көрсетіп қалып отырғандықтан қоғамдық ойды қоздата бастады. Ресми деректерге сүйенсек, ООН UNICEF балалар қорының анықтауымен кәмелеттік жасқа толмаған, өз-өзіне қол жұмсаған балалардың арасында, дүниежүзі бойынша Қазақстан ІІ орында. Қайғылы статистиканы ҚР-ның генпрокуратурасыда осы мәліметті нақтылап отыр. 2015 жылы Қазақстанда 4мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсады. Соның ішінде 201 оқиға кәмелетке толмаған балалар,485 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. 2015 жылға қарағанда 2016 жылы суицидтің өскенін көрсетіп отыр. 2016 жылдың сәуір айына дейін 200 кәмелетке толмаған балалар өз-өздеріне қол жұмсады. Ең суицидке бейім қауіпті 15-17жас аралықтағы балалар,оларға шаққанда 60%. Осы балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында ҚР-ның денсаулық сақтау министрлігі мен соц.дамыту мемлекеттік жобасын іске асырды. Бұл бағдарлама ішінде қауіпті топқа кіретін балаларды анықтау және мұғалім мен дәрігерлерді арнайы оқытылуы кіреді.

Осындай жағдайлардан кейін облыста қайғыдан қан жұтып отырған ата-аналардың жан-жарасын қаузап кеткендей болса да, мәселенің мәнісіне жіті үңіліп, талдау жұмыстары жүргізілді.

Аудандардағы өз өміріне қол салған балалар білім алған мектептерде жедел шаралар қолға алынып, зерттеу-талдаулар жүргізілді. Десе де,бұл жұмыстардың дені әлгіндей жағдай орын алған білім мекемелеріндегі тәрбие және психологиялық жұмыстардың жүргізілу деңгейін тексерумен (оқиға сабақтан кейінгі уақыттарда орын алса да) шектеліп қалып отырғандай.  Суицид болған жерге барып, қайта-қайта тексеру жүргізгеннен гөрі облыс, республика көлемінде құрылған мамандандырылған орталықтардың мамандарының зерттеу жүргізгені пайдалырақ болар еді.  Балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайына байланысты талдау жасалғанда балалар өліміне көбінесе отбасындағы жағдай әсер еткені анықталды. Бірақ бұны нақты жауап деп кесіп айта алмаймыз. Ғалымдар арасында әлі зерттеліп бітпеген құбылыстың себебі анықталған жоқ.

Ғалымдардың тұжырымы бойынша өз-өзіне қол жұмсау тұқым қуалайтын көрінеді. Бұл мәселе тек қана білім саласының мамандарын ғана емес, сонымен қатар, медицина саласында жүрген дәрігерлер қауымын да ойландыруы тиіс. Оқушыларды медициналық тексерістен өткізгенде олардың бойындағы жүйке-жүйесінің бекемсіздігі байқалса, оған шұғыл түрде психологиялық көмек көрсетілу қажеттігін ата-ана немесе мектеп әкімшілігіне ескерткен жөн. Қазіргі балалар ашуланшақ, ызақор. Кейбірі – әсіренамысшыл. Суициал мінез-құлық пайда болған балаларда мұндай күй 3 кезеңде өтеді. Бастапқы кезеңі онша аңғарылмауы мүмкін. Ал жасөспірімнің жанына жақын жандар мұны бірден аңғара алады. Осы кезеңдерді басынан өткерген оқушы оқшаулана береді. Мектеп психологтары мен ата-аналары бірлесе отырып балалардың әсіресе, жасөспірімдердің бойынан осындай қобалжулардың себебін анықтауға тырысулары тиіс.

Баланың бойындағы суициал мінез-құлықтың пайда болуына ата-ана мен балалар арасындағы дау-жанжалдар да себеп болуы мүмкін. Кей жағдайда бала өзіне жоғары талап қойып, мақсатына жете алмай қалғанда өзімен-өзі іштей егесіп, келіспейтін шақтары да кездеседі. Ата-анасы баласына адамның ерік жігерінің күшті болып, өмірдің құндылықтарын бағалай білуге баулу керек. Суицидке отбасында ауыр ахуал қалыптасқан, депрессияға ұшыраған, жаман аурулармен ауырған, жақын адамын жоғалтқан адамдар баруы мүмкін. Сондықтан осындай жағдайға ұшырағандардың жан күйзелісіне мән беріп, баланың ата-анасына кеңестер мен ұсыныстар жасап, топтық және жеке жұмыстар жүргізу қажет. Мәселен, ата-ана, мұғалім мен бала арасында жүргізілетін «Суицидтік мінез-құлықтың пайда болуына «Отбасы тәрбиесінің ықпалы», «Ата-аналарға кеңес және ұсыныстар беру», «Біз бәріміз әртүрліміз – өз-өзімізді танимыз», «Стресті лайықты қарсы алайық», «Балалардың әлеуметтік жағдайын және отбасындағы психологиялық ахуалын анықтау» сияқты тақырыптарда топтық және жеке жұмыстардың тигізетін ықпалы көп.

Суицидтің алдын-алу мақсатында мектеп психологтары суицидке бейім баланы анықтау, онымен жұмыс түрлері, баланың ішкі күйзелісін басу, өз-өзіне деген сенімділігін арттыру, стреске шыдамдылыққа үйрету, жеке оқушымен және топпен жұмыс істеу тәсілдері, олардың бойындағы қорқынышты жеңуге бағытталған әдіс-тәсілдер мен жаттығуларды  жүргізуде.

Мамандар кеңесіне жүгінсек, балалардың өз өмірін қиюына ішкі психологиялық жағдайлардың итермелейтінін айтады. Психологтар «егер мектепте қандайда бір проблема туындап жатса, балаға ата-анасы көмек беру керек, ал отбасындағы кикілжіңге кезіккен жасөспірімге ұстаздары назар аударуы тиіс» деген тұжырым жасайды. Өлуге құмарту – психиканың проблемасы екендігін көлденең тартатын психологтар «әрдайым жақындарымен бірге болып, бір-бірін бағалап түсіністікпен өмір сүру қажет», – дейді. Мәселен, Ислам діні өзін-өзі өлтіруді ең үлкен күнә қатарына жатқызады. Өйткені, жан – Алланың адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат. Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп біледі, өткінші деп қарайды. Әрбір қиындықтан кейін  жеңілдіктің келетініне сенеді.  Құдайдан үмітін еш үзбейді. Сабыр етеді. Ең қиын сәттерде де өзін өлтіруге бармайды. Ендеше, өзін-өзі өлтірудің себептерін өмірдің қиындықтарынан іздеу дұрыс емес. Мұндағы  басты себеп – сенім болып тұр. Иманы толық адамдарда қандай да бір қайғыны жабыла көтеру, қиыншылыққа ортақтасу бар. Ал, өзімшіл  адамдарда бауырмалдық пен жанашырлық болмайды.

Өзіне-өзі қол жұмсау қазіргі таңда жастар арасында көп кездеседі. Ол рас. Заманның ағымына қарай қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сан түрлі қиындықтар бала психологиясына кері әсер етуде. Мәселен, байлық пен шайлық дегендей, ата-ананың күндіз-түні бала асырау мақсатанда тынбай еңбек етуі, тәрбиеге көңіл бөлмеуі.Соныдақтан менің айтарым, ана қызымен сыр бөлісіп, оларды өтпелі кезеңде қолдап, барлық мінезіндегі өзгерістерді ескеріп отыруы қажет. Әке болса ұлына жасына байланысты ерекшеліктер, алғашқы махаббат сияқты, көңіліне түскен қаяуларды сейілтуге зор үлес қосу керек. Бала өмірдегі ең қымбат байлық екенін естен шығармаған абзал.

Қорытындылай келе, «Адамдардың өз өміріне балта шабуына апаратын жалғыз нәрсе бар: ол – адам өмірінің мәні деген сұраққа тірелу», — депті ұлы ойшылдардың бірі. Бұдан шығар қорытынды жамандықтың бәрі өмір сүру мәнін жоғалтқанда туындамақ. Ал тағдырдың қалауы сол, адам баласына берілген өмірдің мәнін іздеп, соны түсіну. Осы тұста Шәкәрім атамыздың мына бір өлеңі еріксіз ойға оралады:

Келдім қайдан?

Нетсем пайдам?

Өлгеннен соң не болам?

Келіп қайдан?

Барам қайда?

Не қылғаным болар пайда?

Мола боп қалам ба сайда?

Айтпағым, өмірдің мәні мен мағынасын түсініп, зерделей білейік те…

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *