Спорттық бәсеке – ұлт рухы

Қожаева Кәмшат Темірханқызы

Ұлттық намыстың қайрағына айналған спортты айтса, делебесі қозбайтын адам кемде-кем. Тарихқа терең бойласақ, ұлттық намыс дегенде, ең алдымен, ел қорғаған батыр бабаларымызды еске аламыз. Солардың асқақ рухы мен көзсіз ерліктеріне бас иеміз әрі мақтанамыз. Сол асыл қасиет ғасырлардан ғасырларға ұласып, қазақ баласының бойынан әр кез табылған, әлі де табылып келеді. Әлемнің кіл мықты спорт шеберлері бақ сынайтын олимпиада ойындары мен жаһандық байрақты бәсекелерде қазақтың қарадомалақтары жүлдесіз қайтқан емес. Аты аңызға айналған жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіров, Марат Жақыт, Сәлкен Жартыбаев, Сейділдә Байшақов, Серiк Қонақбаев, Ермахан Ыбрайымов, Ислам Байрамуков, Болат Жұмадiлов, Болат Ниязымбетов, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев, Ақжүрек Таңатаров – иісі қазақтың мақтаныштары.

Қазақтың шынашақтай шымыр ұлдары тіл-көзден аман болып, байрақты бәсекелерде бағы жансын деп тілейік.

Қазақтың шынашақтай ұлы демекші, мен туып-өскен Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бестам ауылында ауылымыздан түлеп ұшқан спортшы жігіт Қайықбаев Қасымхан жайлы сыр шерте кетсем деймін. 2011 жылдың қыркүйегінен бері қарай ауылымыздың шеберханасында таеквондо спортынан аулалық клуб жұмысын қолға алып, бос уақытын салауатты өткізгісі келетін  ауылдың жасөспірімдерін шоғырландырып, үйірме жүргізіп келеді.

Қайықбаев Қасымхан Жексенбайұлы 1988 жылы 17 наурызда Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бестам аулында дүниеге келген. 1994-2005 жылдар аралығында №205 қазақ орта мектебі қабырғасында білім алып, Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден жоғары балл алып,  2005 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тау-кен ісі мамандығы бойынша оқу грантын жеңіп алып, 2009 жылы Үздік дипломмен тәмамдап шықты.  2009 жылдан НАК КазАтомПром ЖШС КБ-6 мекемесінде инженер-геотехнолог мамандығы бойынша жемісті еңбек етіп келеді.

Мектеп қабырғасында меңгерген таеквондо спортын университет студенті бола жүріп те жалғастырған ол 1-дан қара белбеу иегері атанған. Өзі білетін жекпе-жектің қыры мен сырын шәкірт тәрбиелеу арқылы дамытсам деген оймен 2011 жылдың қыркүйегінде аулалық клуб жұмысын жүргізуді қолға алады. Ондағы мақсаты – өздерін қорғай және тәрбиелей алатын шәкірт тәрбиелеу болатын. Сол мақсатына жетті де. Жасөспірімдер арасында: облыстық чемпионаттарда отызға жуық жеңімпаз, республикалық чемпионаттарда он екі жеңімпаз, кадеттер арасында: облыстық чемпионаттарда сегіз жеңімпаз, республикалық чемпионаттарда алты жеңімпаз тәрбиелеп шығарды. Халықаралық жарыстарда Қапанова Ботагөз есімді оқушысы 2013 жылы Корея Оупен біріншілігінде ІІ орын, 2014 жылы Баку қаласында өткен ІІ Әлем чемпионатында қатысушы, 2014 жылы Фуджейра Оупен біріншілігінде ІІ орын, 2014, 2015 жылдарда Қазақстан Республикасының чемпионы, Алматы қаласында өткен Барыс Кубогы Халықаралық турнирінің жеңімпазы, Тайпей қаласында өткен Азия чемпионатында ІІІ орын алып, 2015 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ІІІ Әлем чемпионатына қатысып қайтты. ҚР Спортшеберлігіне үміткер деп танылып отыр. Абызбаева Гүлбала есімді шәкірті – ҚР 2015 жылғы чемпионы, Алматы қаласында өткен Барыс Кубогы Халықаралық турнирінің жеңімпазы, Тайпей қаласында өткен Азия чемпионатында ІІІ орын иегері, 2015 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ІІІ Әлем чемпионатына қатысушы. ҚР Спортшеберлігіне үміткер деп танылып отыр. Үш шәкірті ҚР Спортшеберлігіне үміткер болып отыр.

Әлемдік және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңістерге жеткенде, еліміздің көк байрағы көкке көтеріліп бара жатқанда, сол тумен бірге біздің намысымыз бен даңқымыз, рухымыз бен дәрежеміз де бірге көтерілгендей ерекше сезімде боласың. Ол спортшының көңіл-күйін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар.

Қасымхан сыныптастарымен бірге сынып жетекшілік еткен ұстаздарын мерекелерде құттықтап отыруды да ұмытпайды. Бұл тәлім алған ортаға деген ыстық ықылас пен тәрбие деп түсінемін. Соның барлығына уақыт бөліп, үдесіне шыға білген оқушыма сондай биікке жетсе де, сол қарапайым қалпынан ажырамағаны үшін тек амандық пен саламат тілеймін.

Адам өмiрiнде спорттың алатын орны ерекше. Ал мемлекеттiк тұрғыдан қарайтын болсақ, ол – абырой! Елiмiздiң даңқын асқақтатып жүрген саңлақтарымыз баршылық. Саңлақтарымыздың жеңiстерi талай өскелең ұрпақты спорт кешендерi мен алаңдарына жетелегенiне сенiмiмiз мол.

Волейболдан республикалық деңгейдегі ойын көрсетіп жүрген ауылымыздан шыққан  спортшыларымыздың бапкері Ыбырай Әбділда ағайды өңірімізде білмейтін адам жоқ шығар. Тұлғасы таудай ағайдың талай асудан өтіп, зейнеткерлік жасқа келгеніне әлі де сене алмай жүрміз. Әлі де талай чемпион тәрбиелеп шығарарына сеніміміз зор. Рысдәулетов Сәрсенбек, Ибраев Ақниет, Әбдуайтов Жансерік есімді спорт шеберлігіне үміткер шәкірттері еліміздің жоғарғы лигасында өнер көрсетіп, облыстық, республикалық құраманың сапында үздік ойыншы атанды. Ауылымызда жабық спорт кешені жоқ болғанымен, өз өңірімізде бестамдық волейболшыларды білмейтін адам кемде-кем. Ауданның, қала берді облыстың құрамасында өнер көрсетіп жүрген спортшыларымыздың санынан жаңылып та қаламыз. Допты ұстауға жараған кезде волейбол алаңынан табылатын біздің ауылдың жасөспірімдерінің арасында өзім де бармын. Волейбол десе ішкен асын жерге қояды деген тіркес осындайда айтылса керек.

Бұлардан басқа тоғызқұмалақ, шахмат ойындары да біздің ауылымыздың дәстүрлі спорт түріне айналғалы қашан. Бұл күнде марқұм болып кеткен Сейітова Манат апайдың ұйымдастыруымен құрылған тоғызқұмалақ үйірмесі республикалық дәрежеде өз орнын танытты. Шахмат ойынынан Қыпшақбаев Мұраттың жетекшілігімен үйірме жүргізіліп жатқанына үш жылдай уақыт болды. Менің ұлым, Серікбаев Бейбарыс, сол уақыт ішінде аудандық біріншілікте І орын, облыстық біріншілікте ІІІ орын алып, республикалық біріншілікте өз ойынын көрсетіп, әлі де болса мүмкіндігінің мол екеніне көз жеткізіп қайтты.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, қай өнердің тұтқасын ұстасаң да, өзің сүйген іске не жетеді?!

Әлем алдында Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнін шырқатып, көк байрағымызды көкке көтеріп, ұлттық рухымызды серпілтіп жүрген спортшыларымызды тиісінше ұлықтап, олардың өн бойларындағы батырлық пен өжеттілік, елжандылық пен қайсарлық сынды ізгі қасиеттерді жастардың жадына сіңіруге талпыну – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Жеңістің туын желбіретіп, мерейімізді үстем етіп жүрген жеңiмпаздарымызды боз биенiң сүтiне шомылдырып, хан көтеріп жүргенімізді ешкім жоққа шығармайды. Рухы асқақ, білектері күшке толы чемпиондарымыздың ерлігін ел ішіне кеңінен насихаттасақ, жастарымыз осы ұл-қыздардан үлгі-өнеге алса деген ниет біздікі…

Төрткүл дүниедегі адамзат баласын жақындастырып жіберетін сиқырлы күштің бірі – үлкен спорт додасы. Әрі спорт – бейбітшілік пен тұрақтылықтың ең басты насихатшысы.

Елiмiздегi спорт саласы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Тiптi, Президент өзi үлгi бола отырып, халықты, әсiресе жастарды дене шынықтырумен шұғылдануға үнемi шақырады. Нәтижесiнде бүгiнде республика халқының 22 пайызы салауатты өмiр салтын серiк етедi. 2020 жылға дейiн аталған көрсеткiш 30 пайызға жетуi тиiс. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Лайым солай болғай!

Ең бірінші аманатқа денсаулық, одан кейін мақсат, ұрпақ және тағысын тағы. Бірақ жұмыр басты пенде не нәрсенің болса да қадірін білмес, егер оны басынан өткізбесе. Кезінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз үмбетіне: “Науқас адам сау адамның басынан тәж көреді,” – деген екен. Яғни, денсаулық – Алла тағала тарапынан кигізілген “тәж” әрі аманат, ол әркімнің басында болатынын ұмытпауымыз керек.

Ұлы ойшыл Сократқа кезінде мынадай сұрақ қойылыпты: «Адамға өмірде не қымбаттырақ, байлық па, әлде атақ па?» Сонда Сократ: Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды. Дені сау кедей – ауру  патшадан бақыттырақ», — деп жауап берген екен. Яғни адам бақытты болу үшін оған денсаулық керек, ал денсаулықтың кепілі – салауаттылық.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *