Мәдени мұралар арқылы бала бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру

Емжаева Жадыра

Жоспары   

 

 І. Кіріспе

Бала бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді дамыту жолдары

 

 

ІІ. Негізгі бөлім

Мәдени мұралар арқылы бала бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру

 

 

ІІІ. Қорытынды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

   Балаларды рухани адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі  күні ең қажетті мәселе болып табылады. Рухани адамгершілікке тәрбиелеу – білім берумен ғана шектелмейді. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан-дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады.

Жеке тұлға бойына халқымыздың мәдени мұрасы арқылы рухани-адамгершілік қасиетін қалыптастырудың көрсеткіштері: бала өмірдегі өз орнын таба білуі, жауапкершілікті ұғынуы, айнала қоршаған адамдар мен кез-келген затқа, жан-жануарларға, экологияға  жақсылық тілеуі және оны жасауы, жақсылыққа ұмтылуы, өзін-өзі дамытып, жетілдіруі болып табылады.

Елбасымыз осыдан 15 жыл бұрын, яғни  2003  жылы сәуірде  Қазақстан халқына жолдауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Елбасының жолдауымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің дәлелі.

Соның ішінде, мектепке дейінгі ұйымдағы балаларды халқымыздың мәдени мұрасы арқылы рухани-адамгершілікке тәрбиелеу – бұл тек тарихи-мәдени мұрамен хабардар етіп қана қоймай,  сонымен қатар болашақта қоғамның  тұлғасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті азаматы болар жеке тұлғаны қалыптастырады.

Әрбір мемлекет рухы таза, санасы биік, білімді де білікті ұрпағынан қуат алады, ол өзінің әрбір жаңа буын жас ұрпағы жетілген сайын дамудың жаңа биіктеріне көтеріледі. Ал  бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты   міндет – енселі еліміздің кірпіші боп қаланатын әрбір қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Адам бойында рухани — адамгершілік  құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде.

Әсіресе, балалардың бойына адамгершілік, имандылық пен ұлттық қасиеттерді дамыту мүмкіндігіне жоспарлы түрде жүргізілетін күнделікті оқу қызметінде, күннің екінші жартысында ұйымдастырылатын терең мәні бар  тәрбиелік іс-шаралар арқылы бала бойына дарытуға барынша көңіл бөліп отырмыз.

Мен балалардың бойына  рухани-адамгершілік құндылықтарды төмендегідей мәдени мұралардың мазмұны арқылы дамытуды көздедім:

  1. Тарихи ескерткіш мұралар арқылы;

Мақсаты: Баланың дүниетанымын қалыптастыру, тарихи ескерткіш мұралардың тасқа басылып жазылған таңбаларына, олардың салыну ерекшелігіне, жалпы ұлттық сәулет өнеріне қызығушылығы арттыру.

  1. Әдеби-мәдени орындар және ұлттық өнер арқылы;

Мақсаты: Балаларды кітапханаға  және кітапхананың құнды басыымдарына қызығушылықарын қалыптастыру.  Мәдениет үйлерінің қызметі мен шығармашылығына назар аударту.  Қазақтың ұлттық аспаптарын мақтаныш тұтуға тәрбиелеу және оны құрметтеуге баулу.

  1. Халық ауыз әдебиеті және ұлттық ойындар арқылы;

Мақсаты: Балалардың ой-өрісін дамыту, қиялын шарықтату, тіл байлығын молайту, адамгершілікке, тапқырлыққа, еңбекке баулу, өрнекті сөз бен асыл ойдың мәнін терең ұғындыру, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасын меңгерту, өзіндік пайымдауға, қорытынды жасай білуге дағдыландыру.

  1. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып және имандылық арқылы;

Мақсаты: халқымыздың рухани байлығын игеру, ұлттық озық дәстүрден үлгі алуға баулу, халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт — дәстүрлерін дәріптеу.

  1. Туған жер, табиғат және оның байлықтары арқылы;

Мақсаты: туған жерін және табиғатын сүюге, оған қамқор болуға, байлықтарын қорғауға, аялауға, мейірімділікке,  елжандылыққа, патриоттық сезімге баулу.

 

1.Тарихи ескерткіш мұралар арқылы;

Елбасымыз «Туған жерге айрықша іңкәрлікпен атсалысу шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі» дегендей, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар елеулі тарихи-ескерткіштер туралы балаларға мағлұмат беру, түрімен таныстыру, көненің көзі, болашаққа аманат екенін түсіндіру мақсатында өз тобымдағы мен балалармен ауданымыздағы киелі жерлер Жалаңтөс Бахадүр  ескерткішіне,  Асандар көтерілісі құрбандарына арналған ескерткішіне, Бегім ана ескерткішіне,  Әйтеке би бабамыздың ескерткішіне, Жанқожа бабамыздың кесенесіне,  Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монументіне, Ғани Мұратбаев музейіне, Жетес би бабамызға қойылған белгіге экскурсия жасатып, олардың салыну ерекшелігіне балалардың назарын аударттым. Ең бастысы, Бегім анамыз бен батыр бабаларымызға арнап, туған жерімізде тұрғызылған ескерткіштерді көздің қарашығындай сақтап, халық тағзым ететін орынға айналдырған ел ағаларына рақмет айтамыз дей отырып, балалар ескерткіштерімізді көздің қарашығындай сақтаймыз деп сенім білдірді.

Балалар сәулет өнері мамандарының қолымен жасалған әсем туындыларды, тасқа басып жасалған таңбаларды өз қолдарымен ұстап, көріп, қызығушылықтары артты. «Өте жақсы жасалған екен», «оюының әдемісін-ай» деп өз пікірлерін түйіндеп, әсемдікті сезіну арқылы баланың талғамы қалыптаса бастады. Әдетте, өнер дегеніміздің өзі адам еңбегінің бір түрі болып табылады. Ал дені сау адам еңбексіз тұра алмайды. Бала психологиясында бұл қажеттілік ерте бастан қалыптасады. Мысалы, әсем затты көріп таңырқаған әрбір бала сондай бұйым жасауға әрекеттенеді. Нақ осындай «бәрін көрсем, бәрін білсем» деген талпыныс кезінде оларға әсем туындылардың мәні мен көркемдігін балаға жүйелі түрде түсіндірудің, талдап, салыстырудың пайдасы аса көп. Бұл шақта балалардың көру арқылы есте сақтау қабілеті өте зерек, зерделі болғандықтан, ақыл-кеңесті қабылдауы жеңілдейді. Бұдан тәрбиеші де бала да ұтады. Сондай сұлу бұйымды бейнелеу, мүсіндеу оқу қызметтерінде баланың «өзім де жасасам»деген шығармашылық талпынысы оянады. Осылайша олардың қоршаған ортаны танып-білуде көркемдік, танымдық қабілеттері қалыптасады.

2.Әдеби-мәдени  орындар және ұлттық өнер арқылы;

«Оқу инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаған. Егеменді еліміздің жас ұрпақтары тәрбиелі, олардың болашағы баянды әрі өркениетті болуы үшін адамдарды сауатты, терең білімді болуы міндетті. Жастардың білім жолын ашып, олардың заман талабына сай білімді ұрпақ болуына көптеген білім ошақтары бар. Солардың бірі балабақшамыздың жанындағы №5-ші кенттік кітапхана. Кітапхана табалдырығын аттаған кезімізде бізді осы ошақтың кітапханашысы  Орынбай Алмагүл құшақ жая қарсы алды. Бірінші бөлімінен бастап кітапхана ішіне саяхат жасатты. Ол балаларға киім ілетін орынды, келушілердің тіркелу орнын көрсетті. «Оқу залы», «Балалар бұрышы», «Абономент» бөлімдерінде болды. Балаларға бұл бөлімдер өте ұнады. Кітапқа деген қызығушылығы артты. Балалар кітапхананың оқу залдарында өздерін қалай ұстау керектігін, кітапты қалай пайдалану керек екенін білді. «Балалар бұрышы» залы балаларға жаңа заманауи талапқа сай безендірілген. Балаларға арналған көркем әдебиеттер өте көп. Баланың қызығушылығын тудыратын, ой-өрісін дамытатын шығармалар, суреттер, сөздіктер көз тартады. Кіші жастағы балаларға арналған интерактивті кітаптар, ойындар бар екен. Бұл кітапхананың қызметкерлері балалардың кітапқа деген құштарлығын оята білді. Адамға рухани байлық беретін кітап екенін балалар түсінді. Кітапты жыртпай кірлетпей, бүлдірмей таза ұстау керектігін түсінді. Әр бөлімнен әртүрлі әсер алды, өзіндік ерекшілігін көрді. Балалар әр бөлімнен том-том кітаптарды көргенде таңқалды. Балаларға бұл кітапхананың кітап қоры мен қызметкерлерінің қызмет көрсетуі қатты ұнады. Өздеріне бұл жерден қызықтыратын біраз мәліметтер алатына көз жеткізді.

Ел басына күн туған кешегі соғыс жылдары өлім мен өмірдің арасында жүріп, ұлттар достығының дәнекері ретінде әр халықтың әндерін орындаған қазақтың қаһарман қызы Роза Бағланованың есімі ел есінен ешқашан ұмытылмақ емес. Осындай өнерімен қазақ елін әлемге танытқан талант иесіне арнап «Жеңіс» саябағында салынған Роза Бағланова атындағы 300 орындық мәдениет Үйінің алдына Қазақстанда алғаш рет әншінің ескерткіш-бюсті қойылды. Мәдени саңлақтарды насихаттау мақсатында мен балаларды мәдениет үйіне апарып, әншінің шығармашылығымен, өмір жолымен таныстырдым. Әншінің киген киімдері, ұстап-тұтқан заттары, фотосуреттері балалардың қызығушылығын тудырды, эстетикалық талғамы қалыптасты.

Өнерлі халық — өміршең халық. Осы мәдениет үйіне бару кезінде мәдениет бөлімінің қызметкері балаларды түрлі ұлттық музыкалық аспаптар түрлерімен таныстырып, дауыстарын тыңдатып,  алғашқы қарапайым түрлері табиғаттағы түрлі дыбыстарға, адамның, хайуанаттардың дауысына еліктеуден шыққандығын балаларға түрлі дыбыс шығаратын құралдар арқылы түсіндірді.

3.Халық ауыз әдебиеті және ұлттық ойындар арқылы;

Бала санасына ұлттық құндылықтарды сіңірудің бір жолы – халық ауыз әдебиетінде жатқандығы белгілі. Өйткені жасынан ертегі, жаңылтпаштар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, аңыз әңгімелер, шешендік сөздер мен батырлар жырларын, жыраулар шығармаларын оқып, жаттап, маңызды да, құнды тұнығына қанып өскен баланың бойында еліне, жеріне, халқына адамзатқа деген  сүйіспеншілігі арта отырып, ұлтжанды, намысқой, арлы азамат боп қалыптасады.

Халық ауыз әдебиетін балаларға ұғындыру мақсатында заманауи әдіс-тәсілдерді  қолданып, оқу қызметіме енгіземін. Ертегілерді әңгімелеуде бір ғана сурет қолданумен шектелмей әртүрлі көрнекі құралдар пайдаланып, дауыс ырғағын келтіре отырып, әңгімелеп отырса, бала есінде тез сақтап, қайталап әңгімелеп беруіне де оңай болады.

Мысалы: «Сөйлейтін таяқша» құралы арқылы плакаттағы суреттерге байланысты әңгіме құрап өз ойларын бөліседі.  Инновациялық сөйлейтін қалам «Даналық әліппесі, «Ақылды қоян» құралы арқылы халық жырларын, ұлтттық аспаптардың үні, батырлар жыры, нақыл сөздер, баталар, жұмбақтар, ертегілер, әңгімелер, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар тыңдатамын. Өйткені жасынан ертегі, жаңылтпаштар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, аңыз әңгімелер, шешендік сөздер мен батырлар жырларын, жыраулар шығармаларын оқып, жаттап, маңызды да, құнды тұнығына қанып өскен баланың бойында еліне, жеріне, халқына адамзатқа деген  сүйіспеншілігі арта отырып, ұлтжанды, намысқой, арлы азамат боп қалыптасады. Бұл заманауи құралдар халқымыздың асыл мұраларын игеріп, рухани тұрғыдан байи түсулеріне қызмет ететін құнды дүние деп есептеймін.

Сондай –ақ, «Ата мен әженің ауылына саяхат» тақырыбында өткізілген драма оқу қызметімде  «Жеті лақ» ертегісін жаңаша түрлендіріп, сахналық қойылым көрсетіп өткіздім. Оқу қызметі барысында балалар ата мен әженің ауылына саяхатқа барып, ризашылығын алып, ұлттық тағамдардан дәм татып қайтты. Ертегі соңын балалар кейіпкерлердің ролін сомдау арқылы өз қиялымен қорытындылап, қасқырға лақтарды жегізбей, мейірімді, жанашыр болуды ертегі арқылы бойларына сіңірді, адамгершілік қасиеттері қалыптасты.

Балаларға мақал-мәтелдерді сурет арқылы схема бойынша тез жаттатуға болады. Мысалы: Ата-бәйтерек, бала- жапырақ. Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы. Балалар мақал-мәтелді айту арқылы бойларында адамгершілік, ұлтжандылық, бауырмалдық, батылдық  қасиеттері қалыптасады.

Халқымыздың аса мәдени құндылықтарының бірі – ұлттық ойындар. Ұлттық ойындардың көптеген түрлері бар. Мысалы: «Асық ату», «Арқан тарту», «Күш сынасу», «Аударыспақ», «Тақия тастамақ», «Сақина», «Қарақұлақ» т.б..  Ұлттық ойындарды дене тәрбиесі оқу қызметтерінде, күннің екінші жартысында қолданамын. Ұлттық ойынды халық педагогикасының бір бөлігі деп егін айтпаса керек. Себебі,  ойын баланың күш-қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдікке ғана тәрбиелеп қоймай, оның ақыл-ойының толысуына, есейіп-өсуіне де пайдасын тигізеді. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттікті, батылдықты, шапшаңдықты, ептілікті, тапқырлықты, сондай-ақ күш-қуат молдығын, дененің шынығуын қажет етеді. Ойын- тынысы кең, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиял мен қанат бітіретін, ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы, яғни ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятады. Қазақтың ұлттық ойындары – ата-бабамыздың бізге жеткен, өткені мен бүгінгісін байланыстырған баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз.

4.Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып және имандылық арқылы;

Балаларды жан — жақты қабілетті адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіріп өскен адамзат етіп өсіруде халықтық салт — дәстүрлердің, тәлім — тәрбиелік, білім-танымдық рөлі орасан зор. Балаларды кішіпейілдікке, адамгершілікке тәрбиелеуді мақсат ете отырып, мен өз тобымда әжелердің қатысуымен қазақтың әдет — ғұрпына, салт — дәстүріне, ұлттық мұрасына бағытталған «Ақ жаулықты ақ әжем, асыл әжем, дана әжем» тақырыбында әжелер мен немерелер сайысын өткіздім. Бұл сайыста әжелер қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп сынға түссе, немерелері «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» дегендей әрбір баланың өз тегін біліп келулері арқылы олардың бойында туысқандық, бауырмалдық қасиетін дамытуға ықпал жасадым дей аламын.

Сол сияқты кешелек жастарымыз ата-әжелеріміздің қолөнерлерін көріп, үлгі-өнеге , жақсы тәрбие алғымыз келеді деп алдарында тұрған қазақы қолөнер бұрыштарымен танысып, жасалу жолдарымен таныстырып (домбыра, қылыш, қамшы, күбі, келі, қоржын, бесік т.б) өттім. Әжелермен бірге балаларға осы қазақы бұрышқа өз үлесімізді қосайық деген мақсатпен ер балаларға үш өрімді қамшы өргізіп, қыз балаларға әртүрлі маталардан түрлі пішіндер арқылы құрақ қиюды бірлесе үйреттік.

Кәсіби – шығармашылық тәрбие бағытында өткен бұл сайыс арқылы ата-кәсібіміздің қыр-сырына тереңірек үңіліп, оны жалғастыруда, заманауи тұрғыда жаңашаландыруда биіктерге жеткізетінін ұқтырсам,  эстетикалық тәрбие беру арқылы қазақ қыздарынан табылатын ұяңдық пен инабаттылық, адалдық, қазақ ұлдарынан табылатын мәрттік пен намысқойлық ата-әжелерімізден бізге жеткен ұлттық ерекшелігіміз екендігін ұғындыруды мақсат еттім.

Бала бойына имандылық қасетін дамытуда  «Сөз анасы – сәлем», «Көргенді бала алыстан сәлем береді» нақылды ұстана отырып, таңертеңгілік қабылдауда баланы инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеуді мақсат ете отырып, сәлемдесудің маңыздылығын ұғындырамын. Өйткені, қоршаған ортаға, адамдарға қарым-қатынас жасауының алғашқы әліппесі, қадамы амандасудан басталатынын білгені жөн.

Сондай-ақ, жағымды, мәдениетті қылықтарды бойларына сіңіру мақсатында күнделікті ас ішуде тамақтанғаныңыз, ас ішу құралдарын қалай пайдаланғаныңыз сіздің мәдениетіңізден хабар береді. Мысалы: бала үстелде отырғанда алақ-жұлақ етпей, аспай-саспай, төкпей-шашпай тамақтануын қадағалау. Бұл жерде көркем сөздердің де алатын орны зор.

Сорпа көже, кеспені іш,

Сорпылдатпай еппен іш.

Алып жәймен алдыңа,

Үгітпей же нанды да, — деп

Нан қиқымын шашпаңдар,

Жерде жатса баспаңдар,

Теріп алып қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар – деп тақпақтап айтса, балалардың естерінде жақсы сақталады.

Сондай-ақ «Қонақ келсе-құт» атты тәрбие сағатында халқымыздың қонақжайлылығын насихаттай отырып, қонақ күтудің өзіндік жөн-жоралғысы мен дәстүрі, ерекшеліктері бар екендігін балаларға ұғындырдым.

Балалар келген қонақпен амандасу, оған құрмет көрсету, қонақты күту,  дәмді тамақ пісіру секілді кәделерін көрініс қою арқылы көрсете білді.
5.Туған жер, табиғат және оның байлықтары арқылы;

 Туған жер-әрбір адамның жарық дүниеге шыр етіп келген киелі мекені, ең алғаш жұтқан ауасы, табанының бастапқы ізі түскен жері, аялап өсірген алтын бесігі. Адам тағдыры да туған жерімен байланысты. Сондықтан, әрбір адам өзі туып-өскен мекенін құрметтеп, оған қамқор бола білуі керек. Өз туған жерінің әр тасын, әр құсын қызғыштай қорып, оған деген асқақ сезімін өз қамқорлығы арқылы көрсетіп отырған адамды ғана туған жерін құрметтейтін адам деуге болады.

Балалардың туған жерін және табиғатын сүюге, оған қамқор болуға, байлықтарын қорғауға, аялауға, мейірімділікке,  елжандылыққа, патриоттық сезімге баулу мақсатында мен  1 маусым – Балаларды қорғау күнінде «Менің Қазақстаным» атты сурет байқауында өз тобымдағы тәрбиеленушілерім Серік Кәусар мен Жарылқасын Айару туған жер бейнесін майлы бояумен салу арқылы І орынға ие болды.

Сондай – ақ, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде төрт-түлік мал шешуші орын алған. Бүкіл өмірі мал өсірумен өткен қазақ халқының той-думан, қуанышы мен реніші де осы малмен байланысты болған. Малдың еті, сүті, жүні, терісі, мүйізі, сүйегіне дейін өз қажетіне пайдаланып отырған. Мінсе көлігі, тұтынса бұйымы да осы мал болған.  Кең даланы еркін шарлап, көшіп-қоған халқымыздың тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен байланысты. Мен оқу қызметімде балаларға төрт-түліктің адамға берер пайдасы туралы түсіндіре отырып, оларға қамқор болуға жанашырлықпен қарауға үйретемін.

«Ас – адамның арқауы» демекші, біздің туған жерімізде егін шаруашылығы да жақсы дамыған. Соның ішінде , ауданымызда өсірілетін күріш дақылы, бау-бақша туралы балаларға түсініктемелер беремін.  Қазіргі заман талабына сай жас ұрпаққа үш тілді үйрету мақсатында «FRUITS» тақырыбында ағылшын тілінен ұйымдастырылған оқу қызметін өтіп, балаларды үш тілді сөйлей алатын білімді ұрпақ тәрбиелеуде өз үлесімді қостым деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта балаларды тәрбиелеу ісінде олардың ішкі жан-дүниесі мен рухани әлемін тану, дамыту, жетілдіруге байланысты бірнеше іс-шаралар жүзеге асуда.

Соның бірі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар. Рухани жаңғыру дегеніміз – әр елдің азамат, азаматшасы өз елінің жерінің салт-дәстүрін, халық ауыз әдебиетін бүкіл әлемге танытып, жақсы жағынан көрсетіп, бүкіл әлемдік елдермен қатарласып терезесі тең, керегесі кең ел қатарына қосылу. Осы мақсатта мен «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» атты іс-шара өткіздім. Мен балаларға проектор тақтасы арқылы слайд жүзінде Астана қаласында өткен ЭКСПО көрмесін видео көрсету арқылы тамашалаттым. Балаларға бұл көрме біздің еліміз Қазақстанның әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін бүкіл әлемге таныта білгендігін, қазақ халқының мәдени мұрасы өте жоғары деңгейде екендігін түсіндірдім.

 

Мен өз сөзімді Абай атамыздың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген сөзімен қорытындылағым келеді. Нәтижесінде осы қасиеттерді бойларына сіңіріп өскен баланың бойында рухани-адамгершілік құндылықтары қалыптасып, ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса  алатын азамат өсіре аламыз деп ойлаймын.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Отбасы және балабақша журналы №2-2016 жыл
  2. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту №5-2015
  3. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту №7-2015
  4. Бастауыш мектеп
  5. Қазақстан – 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты
  6. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы
  7. Ғаламтор парақшалары
  8. «Даналық әліппесі»инновациялық сөйлейтін қалам

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *