Мен-қазіргі заман педагогы

Бекетаева Гүлжан Ашықбайқызы

«Білім алу – батылдық, оны толықтыру – даналық,шебер қолдана білу – жетістік».

Ұстаз- оқушысын оқыта жүріп, өзі де өмір бойы оқитын жан. Мұғалім ізденісін тоқтатқан кезде оның мұғалімдік қызметі де тоқтайды деп есептеймін. Яғни, сонау көне ғасырларда айтылған латындардың «Үйрете жүріп үйренемін» деген қағидасы осы мамандықтың тізгінін ұстаған әрбір тұлғаның ұранына айналуы тиіс. Елбасымыздың ұстаздар қауымына  айтқан «Қазақстанның болашағы- жастар. Сіздер оларға қалай білім берсеңіздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деген пікіріне құлақ түрер болсақ, мойнымызға жүктелген жауапкершіліктің салмағы қаншалықты екенін сеземіз. Біздің алдымызда – ХХІ ғасыр ұрпағы.Иә, қазіргі жаһандану ғасырында болып жатқан қарқынды өзгерістер білім жүйесін де қайта қарау керектігін паш етті. Ал осы жолда мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға- мұғалімге артылар жүк те салмақты.

«Біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деп, ұлтымыздың ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, жас ұрпақты оқыту мен еліміздің болашағының тұтқасы етіп тәрбиелеу- әрбір мектептің, әрбір мұғалімнің міндеті.Орыс тілі пәнінің мұғалім ретінде менің алдыма қойған ең басты мақсатым- алдымдағы оқушыларымның ұтқыр ой ойлап, ол ойын еркін орыс тілінде  жеткізе білуі. Мектебімнің оқушылары бір жағынан кітаптың орнын ұялы телефон алмастырған уақыттан да шығар, көпшілігінің сөздік қоры аз, тіл байлығы жұтаң боп келеді. Тіпті кейбірінің тіл байлығы бола тұра өз ойын еркін жеткізуде қысылып-қымтырылу байқалады.Ал осы оқушыларымның құштарлығын оятып, сөйлеу тілін қайтсем дамытамын деп ойландым. Бұл сауалыма жауапты оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерінің ішінен таптым. Мерсер мен Литлтонның «Негізі білім диалог арқылы беріледі, ол оқушылардың білім деңгейінің өсіне әсер етеді» деп пайымдаған диалогтік оқыту амалдарын сабақтарымда орынды пайдалану оң нәтижесін берді. Өйткені сабақ үстінде сұрақты оқушылардың білім алу қажеттіліктеріне сәйкестендіріп, яғни, қарапайымнан күрделіге, түрткі болу, сынақтан өткізу, басқаға бағыттау арқылы шебер қиюластырып бере отырып, алдымдағы балаларды ойлантуға түрткі болдым. Сын тұрғысынан ойлануға мүмкіндік беретін проблемалық сұрақтар арқылы оқушыларды диалогке тарту- ең маңызды әдісіме айналды. Бұл әдісім үнемі қайталанған әрекетке айналғандықтан, оқушыларым да ашыла бастады. Бұл менің сұрақ қою дағдыларымның өзгеруі болды. Оқыту мен оқуға негізделген ең басты өзгерісім- сабақ жоспарларымның Блум таксономиясының ойлау деңгейлеріне сай құрылуы. Сабақтарымды 7 модульдің тиімді жақтарын ықпалдастыра отырып жоспарлаймын. Бұрын оқушыларымыз дайын білімді алушы болса, енді өзгеріс енгізілген сабақтарда өз бетінше білім алып, ізденіс жұмыстарын жүргізіп, сыни тұрғыдан ойланып, өзіндік мені қалыптаса бастады.

«Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген атам қазақтың аталы сөзі бірлескен жұмыстың мәнін аша түспей ме? Сабақтарымда топтық жұмыстарды ұйымдастыру арқылы әр оқушыма өз  қабілеттері мен ерекшеліктерін ашуға жағдай жасадым. Оқушыларым топтық жұмыстарға әбден төселді десем де болады. Топ басшылары өз тобын басқалардан қалып қоймас үшін алға сүйреуі, орташа үлгерімді балаларға көмек қолын созуы, топ мүшелерінің  бір-бірімен жеке қарым-қатынас орнатуы- осының нәтижесі.

Ұлы ойшыл Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы»деген сөзі есіме түседі.Оқушы алған білімін жақсыға да,жаманға да жұмсауы мүмкін.Ол білім тәрбиемен астасып жатса ұстаздың нағыз еңбегі дер едім.

Жақсы ұстаз-бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары,интеллектуальдық ,шығармашылық әлеуеті мол тұлға.Оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін оқытудың көптеген жаңа әдіс –тәсілдерін алып,өз іс-тәжірибемде ұтымды пайдалана білуге тырысамын.

Оқушыларым  өздерін еркін ұстап, ойларын жан-жақты дамытып, сыни тұрғыдан ойлай білетін жеке тұлға болып қалыптасуына әлі де  тынбай еңбек етемін.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *