Мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылмаған балалар мен ата-аналармен жұмыстың ұйымдастырылуы

Токтаганова Алтынай Каражауовна

Бүгінгі таңда дүниежүзілік прогресстің дамыған кезеңінде бала тәрбиесі бір сәтте назардан тыс қалмауы керек. Қазақстан Республикасы президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлтымыздың болашағы — жас ұрпақ!» деген болатын. Әрбір бүлдіршін — ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы, ұлттың болашағы, егеменді еліміздің ертеңі. Сондықтан «бала», «ұрпақ», «Өркен» деген ұғымдарды ұмытпай және негізгі мақсатымыз – жан-жақты бала тәрбиесі болуы керек.  Бүгінгі қоғамда жан-жақты жетілген, бойында ұлттық құндылықтар, сана-сезімі қалыптасқан парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – отбасының, балабақшаның, барша халықтың міндеті. Осы міндетті іске асыру үшін, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы №27 бұйрығымен бекітілген «Ата-аналарға арналған консультациялық пункттердің қызметін ұйымдастырудың ережесіне» сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылмаған балаларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында, «Ата-аналарға арналған консультациялық пункттер» құру қолға алына бастады. Бүгінгі күні  барлық балабақша жанынан «Ата-аналарға арналған консультациялық пункттер» ашылып, жұмыс жасайды. Солардың бірі, «Ғарышкер» балабақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында отбасылық жағдайында тәрбиеленетін мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункті ашылды. Жағдайын анықтаған отбасыларына  «Ата-аналарға арналған консультациялық пункт» жөнінде ақпарат, оның мақсаты мен міндеті түсіндіріліп, кеңестер берілді. Осы артқарылған жұмыстар нәтижесінде бірнеше  «Ата-аналарға арналған консультациялық пунктінің» қызметіне өтініш білдірді. Өтініш білдірген отбасылар ішінен асыраушысынан айрылған Жетібаевтар және Адиловтар отбасы анықталып, педагогикалық – психологиялық қолдау көрсетіліп, әртүрлі көмек түрлері ұйымдастырылды.
Балабақша ғимараты ішінен АКП жұмысы үшін арнайы кабинет бөлініп, талапқа сай жабдықталды. Ата-аналар бұрышы отбасы жөніндегі мәліметтер жинағымен, сауалнама және кеңестер топтамасымен, әдістемелік құралдармен, нұсқаулықтармен, ойындар жинағымен, балалар әдебиетімен, нормативтік сілтемелер жинағымен және техникалық құралдармен жабдықталды. Ата-аналар үшін «Ашық ой» және «Сұрақ-жауап» күні жүйелі ұйымдастырылып, өткізіліп отыр. «Консультативтік пункттер жағдайындағы мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған балалар және ата-аналармен» жан-жақты, яғни баланы туған еліне, жеріне сүйіспеншілікке баулып, ұлтжандылыққа, басқа халықтарға бауырластыққа, достыққа тәрбиелеу үшін «Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде отбасының ролі», «Тұрмыс салт дәстүрлерінің балаларға тәрбие берудегі маңызы», «Этнопедагогиканың бала дүниетанымының қалыптасуындағы орны» тақырыптарында тәрбиешілер, педагогтар баяндама дайындап, ата-аналармен ой бөлісті.
Бала тәрбиесі үшін маңызды «Дені сау ұрпақ – еліміздің болашағы», «Тазалық — денсаулық кепілі», «Баланың рухани әлемі», «Ұялшақтық, ұяңдық оны қалай жеңуге болады?», «Баланың үйдегі әрекетін ұйымдастыру», «Баланы мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеу» т.б. тақырыптарда топтық және жеке кеңестер берілді. «Консультативтік пункттер жағдайындағы мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған балалар және ата-аналарды» көбіне толғандыратын сұрақтарға «Балалардың балабақшаға бейімделуі», «Балалардың қабілеттілігін анықтау жолдары», «Бала ағзасын шынықтыру» және тақырыптарда мамандар тарапынан кеңестер беріледі. Ата-аналармен, баланың мектепке дайындығын анықтау мақсатында тестілер мен сауалнамалар жүргізіліп, балалардың оқу- білім деңгейін анықтап, мамандардың тиісінше кеңес –нұсқаулары беріліп отырды.
Балабақша ұжымы ата-аналар бастамасымен «Шебердің сыйы», «Киелі киіз үй» қолөнер көрмесін, «Жас суретші» тақырыбымен ойын-сауықтар, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар ата-аналармен бірлесе отырып, «Үлгілі отбасы», «Әкем, анам және мен, спортшымыз шетінен» спорттық іс-шаралары өткізілді. Бұл сорттық іс-шаралар салауатты өмір салтын қалыптастыру, ата-аналар мен балалар арасында спортқа қызығушылықты арттыру және баланың төзімділігін, жылдамдығын, ептілігін, батылдығын дамыту, шыңдау мақсатында ұйымдастырылды.
Ата-аналар үшін «Келіңіз, танысайық», «Балаларды қоғамдық ортаға бейімдеу», «Бала дамуындағы отбасының ықпалы», «Бірлескен іс нәтижелі» тақырыптарда ата-аналар жиналысы өткізілді. Балалардың құқығын қорғау мақсатында біздің өмірімізде барлық орындауға міндетті белгілі нормалар мен талаптарға назар аудара отырып, ата-аналармен және педагогтармен құқық тәрбиесі туралы әңгімелесулер, баланың құқығы, баланы жазалау мәселелері, баланың жеке тұлғасына, ар-намысына тимейтіндей, өз қателігін түсінетіндей жұмыстар жүргізу насихатталды. Ата-ананың және педагогтардың негізгі міндеті – баланың толыққанды дамуына жағдай жасау, оның даралығын, ерекшеліктерін ескеру. Өз баласының дербес әрекет жасауын құптау және құқығын қорғау бағытында «Бала құқығын қорғау мәселелерін шешу жолдары» тақырыбында семинар-тренинг, дәрістер өткізілді. Консультативтік  пункттер жағдайындағы мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған балалар және ата-аналар өздерінің іс-тәжірибелерін ортаға салып, тәжірибе алмасып, өздерінің шығармашылық жұмыстарын балаларға, балабақша ұжымына ұсынды.Солардың бірі балалар ақыны, сазгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі К.Ыбырайұлы өзінің балаларға арналған шығармаларымен АКП кітапханасын толықтырды, әр мереке сайын балаларға «тосынсый» жасап, жаңа «Балдәурен», «Ақтауым», «Тілім менің» атты әндерін балаларға тарту етті. Бұл әндердің алғашқы орындаушылары балабақша бұлдіршіндері болды.
Мұндай игі істер бүлдіршіндер мен ата-аналар, педагогтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, достықтарын жарастырды.

Ата-аналарға арналған консультативтік пукттің ата-аналар үшін пайдасы:
-бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға үйрену;

-бір-бірімен (ата-аналар) жақсы қарым-қатынаста болып, жаңа ортаға тез бейімделу;
-үй жағдайында балаларды мектепке дайындаудың қиындықтары мен жетістіктерін ортаға салу, тәжірибе алмасу;

-баласының қабілеттерін танып, аша білу қасиетінің пайда болуы;
-баламен тығыз қарым-қатынасының орнауы;

-балалық шақтағы ойын түрлерін ұсынып, балаларымен бірге ойнауы.
-тренингтер, т.б. іс-шаралар барысында өздерінің білімдерін жетілдіру, өзін-өзі тәрбиелеу;
Балалармен және ата-аналармен жүргізілген іс-шаралардың нәтижелерін анықтау барысында диагностикалық жұмыстар ұйымдастырылып, тестілер, сауалнамалар арқылы балалардың, ата-аналардың бойындағы оң өзгерістер анықталды (ата-аналардың сенімі, ұйымдастырған іс-шараларға белсенді қатысуы, т.б).

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші бала тәрбиесіндегі оқу-тәрбие үрдісі сабақтаса ұштаса жүргізілгенде ғана көзделген мақсат нәтижелі болары сөзсіз. Алдағы уақытта бұл үрдіс өз жалғасын табатындығын және іс-тәжірибелеріміз шыңдалатындығын сеніммен айта аламын.

Өз ойымды ұлы педагог Мағжан Жұмабаевтың пікірімен тұжырымдап, аяқтағым келіп тұр: «Жас бала – жас бір шыбық. Жас күнінде қай түрінде иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың. «Баланы бастан» деген сөздің мәнісі осы. Тәрбие деген баланы бетке қақпай бетімен жіберу емес. Яки отырса басқа, тұрса аяққа ұрып, көр бала қылып өсіруде емес. Баланы тәрбие қылу тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзаттың дүниесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару!» — деген екен.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *