Мектепалды даярлық топтарында дидактикалық ойындардың пайдаланудың тиімділігі

Есманова Дана Саттарханқызы

Бала – болашақ иесі. Ендеше олар дүниежүзілік мәдениетті танып, өзінің төл мәдениетін біліп, рухани дүниесініңбай, саналы, деңгейі жоғары білікті маман болып ер жетуі керек. Иә, ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойына сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасты, мінез-құлықты, өмірге деген көзқарасты дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты. Осы орайда, мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, бейнелеу өнері сабағында балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады. Ал қайырымдылық, мейірімділік, достық сезімдерін әр түрлі ойындар арқылы тәрбиелеуге болады. Балалар фольклорын дамытушы сала-бала ойыны. Яғни ойын – балалар өмірінің нәрі. Ойын – рухани жетілу мен табиғи өсуде, өмір сүру салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К.Чуковский бала денесінің дамуы мен ой –дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін көрсеткен. Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдеп-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Демек, ойын дегеніміз – жаттығу. Ойын арқылы бала өмірге әзірленеді. Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қасына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді.

Дидактикалық ойын тіл дамыту, математикалық ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде көп пайдаланылады. Балалар түсті, пішінді ажырата білуге, сөздерді толық айтуға үйренеді. Дидактикалық ойынның түрлері өте көп. Мысалы, «Сиқырлы қалпақ» ойынында тәрбиеші қалпақтың астына әртүрлі фигуралар жасырады. Қалпақты көтеріп, бала бір фигураны таңдап, сол туралы толық әңгімелеп, сереттеп береді. «Өз түсіңді тап» ойынында тәрбиеші әр түс бойынша балаларды 2-3 топқа бөледі. Әртүсті пішіндерді партаның бетіне жайып қойып, әр топтан балалар шақырады. Келген бала өз түсін мүдірмей тауып алуы керек. Тіл дамыту ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде «Сиқырлы қалта» ойынын ойнатуға болады. Тәрбиеші қалтаның ішіне әртүрлі ойыншықтарды салып араластырады. Ортаға келген бала қалаған ойыншығын атайды, сол ойыншықты алу үшін шарт орындауы керек. Оған ән, тақпақ айт немесе досы, отбасы туралы әңгімелеп бер деген шарттар қойылуы мүмкін.

Ойын балаларды ұйымшылдыққа үйретеді. Ойынның түрлері көп, соның ішінде маңыздысы – дидактикалық ойын. Сондай-ақ, балалар адамгершілік сезімін оятуға, адамдармен қарым-қатынас жасау, еңбек адамдарына, басқа ұлт өкілдеріне, достық, туған жеріне сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлінеді. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Ойынның міндеті-баланың қызығушылығын оятып белсенділігін арттыру мақсатында іріктеліп алынатын нақты мазмұнмен анықталады. Дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану сабақтың әсерлігін, тартымдылығын, белсенділігін, баланың ынтасын күшейтеді. Ойын ережесі балалардың түсінуіне оңай, қарапайым, әрі қысқа болуы керек. Кейде ойынның мазмұны, ережесі балаға дұрыс түсіндірілмейді де, балалар оған қызықпайды, зейін қойып тыңдайды. Оның үстіне дидактикалық материалдар мен көрнекіліктерге жеке көңіл бөлу керек. Балалардың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтіп, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде  ынтасын арттыруда дидактикалық ойындарды ұтымды пайдаланудың маңызы зор. Балаларға алдарына қойылған дидактикалық тапсырмаларды өз беттерінше орындау үшін тәрбиеші көркем әдебиет оқып беру, алдын ала жұмыс жүргізу керек.

 

Әдебиеттер

1.Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту технологиясы және әдістемесі,технологиялар жуйесі.Шымкент,2015

2.Утетилеуова Қ. Баланың жан-жақты дамуындағы ойынның рөлі. Бала мен балабақша №7, 2016

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *