Мектепалды даярлық топтарындағы сабақтарда жүргізілетін сергіту сәттерінің балаға әсері

Қазақ халқында «баланы  ойын өсіреді» деген даналық сөз бар. Ойын баланың жан серігі. Бала ойнап өседі, сергиді, жетіледі.

Мектепалды даярлық топтарында сабақ ойын түрінде жүргізіледі. Себебі, 5-6 жастағы бала сабақ оқығаннан гөрі ойын ойнағанды жақсы көреді. Себебі оның зейіні тұрақсыз, бір сабақ бойы тыныш отыра алмайды. Сабақ балаға қызықты болу үшін және оны жалықтырып жібермес үшін әр сабақта сергіту сәттерін қолданған жөн.

Сергіту сәттері балалардың танымдық және тәжірибелік белсенділігін арттырудың аса маңызды құралы болып табылады. Сергіту сәттері баланың сабаққа қызығушылығын оятады, зейінін тұрақтандырады, есте сақтау, сөйлеу, ойлау процесін дамытады, көңіл-күйін көтереді, тіл байлығының дамуына зор әсер етеді.

Мектепалды даярлық топтарында әр сабақта тақырыбына қарай сергіту сәттері қолданылады.

Мысалы, сауат ашу сабағын алсақ «Т» әрпімен танысқанда:

Сары ала торпақ,

Бүйірі оның томпақ.

Тарс-тұрс кетеді,

Басын ол шайқап.

Осы өлең жолдарын бірге айтып, бірге қимыл жасау арқылы баланың сабаққа ынтасын арттыруға болады.

Алғашқы математикалық түсініктерді қалыптастыру сабағында өтіліп жатқан санға не математикалық терминдерге байланысты сергіту сәтін өткізуге болады.  Санамақ айтып сергуге де болады.

Бір, екі, үш.

Бойға жинап күш-деп немесе

 

Бір – білім ал,

Екі – ерлік көрсет,

Үш – үлгі тұт,

Төрт – тәртіп керек,

Бес – бестік баға ал,

Алты – алғыс ал,

Жеті – жеңіс біздікі,

Сегіз – сенім керек.

Тоғыз – тоқу керек,

Он – оқу керек.

 

Бір дегенім — білеу,
Екі дегенім — егеу,
Үш дегенім — үскі,
Төрт дегенім — төсек,
Бес дегенім — бесік,
Алты дегенім — асық,
Жеті дегенім — желке,
Сегіз дегенім — серке,
Тоғыз дегенім — торқа,
Он дегенім — оймақ,
Он бір ауыз қара жұмбақ.

 

Осы санамақтарды айту есте сақтау процесіне зор әсер етеді.

 

Сол сияқты жаратылыстану сабақтарында бейнелеу өнері, мүсіндеу сабақтарында тақырыпқа байланысты сергіту сәттері ретінде музыка тыңдап, сол әуезге қимыл, имитация  жасауға болады.

Мысалы тіл дамыту, балалар әдебиеті сабағында «Дыбыстар сыры», «Інгә-інгә», «Бесік жыры» әндерді тыңдатып билетуге болады. Бұның өзі баланы ұлтшылдыққа, патриотизмге тәрбиелейді. Кейде сабақтарда күйді тыңдатуға болады. Бұның өзі елімізге деген сүйіспеншілік сезімін оятады. Жыл мезгілдеріне байланысты жел, жаңбыр, судың сыбдырын естудің өзі баланың эмоциялық сезімін оятады.

Сергіту сәттерінің формалары әр түрлі болады. Ән тыңдау, ән айту, санамақ айту, би билеу, жаттығу жасау арқылы жүргізіледі. Яғни, бала көреді, естиді, қимыл-қозғалыс жасайды.

Осылайша бір сергіту сәтінің өзі баланың физиологиялық және психологиялық жетілуіне әсер етеді. Сергіту сәттерін жүргізгенде жалғыз қимыл жасамай-ақ кейде ән тыңдатып тынықтыруға да болады. Мысалы, жаратылыстану сабағында балалар көзін жұмып, әдемі әуенді тыңдар тынығып қалады. Сергіту сәті арқылы баланың өзіне-өзі деген сенімділігін оятуға болады.

Мысалы:

Мен ақылдымын

Мен жақсымын

Мен елгезекпін

Мен мейірімдімін

Мен көпшілмін

Менің қолымнан бәрі келеді.

Мен бәрін жақсы көремін

Барлығы мені жақсы көреді, — деп балаға «афирмация» жасау арқылы өзіне деген сенімділігін оятуға болады. Осы сияқты психологиялық тренингтер түрінде өткізуге де болады.

Қорыта айтқанда, сергіту сәттерінің бала дамуына тигізер әсері мол. Сабақтарда сергіту сәттерін қолдану арқылы баланың зейінін тұрақтандырып ойлау, сөйлеу, тіл дамыту, қиялдау процестерін жетілдіруге болады.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *