Мағжан Жұмабаев

Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» еңбегіне

Эссе

Қысқа ғұмырын ел тағдырына арнап, Алаш ұранын аспандатып, халық игілігі үшін қара басын қатерге тігіп,
күллі адамзаттың мүддесін көздеген Мағжан Жұмабаев замана сырын ашып, болашаққа жол сілтеген ұлт
ақыны. Өмір шындығын поэзия шындығына айналдырып, таланты мен көрегендігі тоғысқан Мағжан ақынның
туындыларын толыққанды талдап, санамызға сіңіре алған жоқпыз. Сондықтан зерттеген сайын зерттеуді қажет
етіп, терең ойға, сырлы сезімге, тұңғиық әлемге батырып жіберетін ақын өлеңдерін жүрек түкпіріне қонақтату –
бүгінгі ұрпақ, біздің еншімізде.Әдебиеттің хaлық алдындaғы биік мақcaт-мұpaтын дұрыс түсініп бaғалаған, сөз
өнерінің құнын apдақтай сыйлaған, өмір шындығын, қaт-қабат құбылыстapын оның терең мaзмұнына үңіле
отырып суреттей aлған aқын жыры әрқaшан қоғaмдық, aзаматтық мәселелерді көтереді. Aқынның aзaматтық
тұлғacын оның шығармалapының aзаматтық үні ғанa тaныта aлады. Осы тұрғыдан Мағжанның азаматтық үнін
танытатын «Мен жастарға сенемін» өлеңі жас ұрпақтың жанына жігер, жүрегіне рух пен айбындылық, көңіліне
сенім ұялатар ұлтжандылықтың ұраны дейміз. Мағжан поэзиясы енді ғасырлар бойы толассыз зерттеуге жетеді.
Бұл жұмыс алаш ұлының айбынды рух атой салған «Мен жастарға сенемін» өлеңінің өзекті ойы мен қазіргі
таңда елді, ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі мән-маңызын зерттеп, бүгінгі күнмен үндестік
тапқан ақынның азаматтық үнін зерделеуге арналды. Ақынның бір-бір зерттеуді қажет ететін осындай рухани
дүниесі қаншама?! Бұл зерттеу де сол ұлт руханиятына қосылған теңіздің тамшысындай үлес деуге
болады.«Мағжан Жұмабаев – біздің рухани өлкеміздегі қиырдан көзге түсетін, көрген көз сүйінетін биік
шындарыздың бірі де бірегейі. Оны танып, оны қастерлеу – біздің елдік мәдениетіміздің анық көрсеткіші,
сипаттамасы болмақ»,-деп Ғафу Қайырбеков айтқандай, Мағжан ақынның азаматтық үні, ұлттық рух пен
патриоттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзіндей өлең деген құдірет арқылы ұлт руханиятына қосқан үлесі бүгінгі
күн тұрғысынан арнайы зерттеуді қажет етеді. Зерттеу жұмысы осы мәселені ашуға бағытталған.Ел алдындағы
басты мұрат – тәуелсіздік алып келген ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау болмақ. Ел
болашағы – өскелең ұрпақты елінің көркеюіне үлес қосар азаматы етіп, ұлт болашағын тәрбиелеудегі «Мен
жастарға сенемін» өлеңінің қосар үлесі мен руханият таразысынан алар салмағын екшелеп, көңіл көзінен
өткізіп, мейлінше жіті зерделеп, бүгінгі күнмен сабақтастырылған.
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар.
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін! –деп жырлаған Мағжан Жұмабаев қатігез тағдыр тәлкегіне ұшырап, алдымен
Ресей патшалығы, кейіннен Кеңес Одағы кезеңдерінде өмір сүрді. Халықтың мұң-зарын жырлап, туған
халқының тайғанақтап жүрелеген тағдырына жаны ауырып, осы жан айқайын өлеңге қосты. Бірақ,
орыстардың ұстанған қатал саясаты қазақ азаматтарын аямады. Талай азаматтар біздің халық болып
қалыптасуымыздың жолында жандарын құрбан етті. Солардың ішінде 1938 жылы ату жазасына ұшыраған
Мағжан Жұмабаев болған еді. Ел өмірін өз тағдырына айналдырып, Отанды сүюдің ірі үлгісін танытып,
елін сүйген үлкен жүректі азамат халық руханиятына сезім мен сенім ұштасқан мәңгілік шұғыласын
шашып кетті.Жас ұрпақтың өз қоғамына пайдасы тиер жақсы мінездерді бойына жинаған азамат болып
өсуіне бірден бір себепші құрал – әдебиет десек, әдебиетті жасаушы қауым – қаламгерлердің әр жазғаны
жастарды жақсылыққа жетелеп, ізгі өмірге қанаттандырады. Мағжан ақын осы тұрғыдан алғанда, «Мен

жастарға сенемін» өлеңі арқылы жастық жігерді жанып, халық жүрегіне үміт пен сенім шырақтарын жаға
алды.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты –
Мен жастарға сенемін!-деп, өзі армандаған бостандық таңына қажырлы жастардың қолы жететініне
сенім білдірген сұңғыла ойдың хас шебері келешек жас буынға ел тізгінін бере отырып, олардың рухтарын
жігерлендіре түседі. Бүкіл Алаш жұртына, өз ұлтына ұран салған ақын қазақ әдебиеті мен мәдениетіне,
қоғамдық өміріне өз қолтаңбасын қалдырған, сұлу сөзден, өткір ойдан шаһар салдырған өлең өлкесінің ірі
өкілі. Осындай теңдесіз таланттың таңдайына татып, жырына арқау болып, сеніміне ие болған біздер
бақыттымыз-ау, сірә!
Поэзия қай дәуірде де, қай заманда да адам көңіл-күйінің буырқанған, босаңсыған, қайрат шақырған,
қамыққан, қайтадан рухтанған, өмірлік мұраттарға ұмтылған сәттерінің бәрінің де көркем шежіресі,
бейнелі суреті, мың құбылған әуені. «Мен жастарға сенемін» өлеңі де лапылдап тұрған жалын мен жігер,
сезім мен сенім қатар өрілген ұлтжандылықтың ұраны іспетті. Өлеңнің бір шумағының өзінде ел
тағдырына, халық болашағына қатысты, кешегі мен бүгінгі күнді сабақтастырып тұрар алтын көпірді қара
сөзбен айтып жеткізе алмайтын қуатты сөз бас құрайтыны содан.
«Жаным – арымның садағасы» демекші, намыскер де ержүрек қазақ елінің ұл-қыздарына атақ-
абыройларына дақ түсірмеуі туралы өлең жолдарында айқын көрсетілген. Намыс – адамның қадір-
қасиетіне байланысты өте нәзік, өткір, күшті, лап етпе сезім. «Ар – иманның жолдасы» дейді халық
даналығы. Демек, адамның ар-намысы – абыройдың күзетшісі. Мағжанның айтқысы келгені де осы еді.
Себебі, талай алаштың орны ерекше зиялылары осы ар-намыс үшін өмірден өтті емес пе?!
Тау суындай гүрілдер,
Айбынды алаш ерім дер,
Алтын Арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін!
Бұл – елін емірене сүйген ақын жүрегінің үні.
Ақын айтқандай, желбіреген тәуелсіздік туы ел тағдыры үшін жанын пида еткен құрбандардың тікелей бастауымен
келді. Сауатсыз қарапайым қара халықтың сауатын ашып, көзі ашық, көкірегі ояу жандарға айналдырды. Талай
жылдар бойы қазақтың қанындағы надандықты түп-тамырымен жоюға ұмтылып, болашағы жарқын, тәуелсіз
Қазақстанды құруға ұмтылды. Міне, араға көп жылар салып бұл арманы да орындалды. Өз Отаныңның, өз еліңнің
патриоты болғанға не жетсін! Сайын дала – ата-бабаларымыздың көзінің қарашығындай сақтап, найзаның ұшы,
білектің күшімен қорғауының арқасында бізге жетіп отыр. Ендеше осындай алып Отанды сүю кімге де болсын
парыз әрі қасиетті міндет.Туған халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, отансүйгіштіктің керемет үлгілерін
көреміз. Бүгінгі күні егеменді ел болып, қазақ деген ұлт болып отыруымыздың өзі ата-бабаларымыздың теңдесі
жоқ ерлігінің арқасы.
Сонау, 1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ халқы азаттық жолындағы екі жарым ғасыр бойғы үздіксіз күрестен кейін
мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді. Сөйтіп, Тәуелсіз Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаев болып
сайланады. Еуразияның жүрегінде орналасқан біздің елдің тәуелсіздік алғаннан кейін бейбітшілік пен келісімге,
тұрақтылық пен дамуға қол жеткізді.Ақын алаш атын аспанға шығарар жастарға сенемін деп ай жар салады. Ұлы
ақын сенім артқан жас ұрпақ сол жауапкершілікті сезіне ме? Бүгінігі жастардың келбеті қандай? Ақын аманатын
абыроймен арқалап жүрміз бе? Осы сұрақтар көңіліме көлеңке түсіріп, ойымды сан-саққа әкетіп, екі ұдай сезім, екі
ұдай ой жанымды мазалайды. Қазақ қашанда жамандығын жасырып, жақсылығын асырып айтқан халық қой. Десе
де, жастар тәрбиесінің көлеңкелі тұстарын жасырып, қоғам өмірі үшін аса маңызды бұл мәселеге атүсті қарап,
жалған намыспен мақтанға бой алдыру – өз тамырыңа балта шабумен бірдей.Соңғы кезде замандас
құрбыларымның бойындағы теріс қылықтарды, қазақи бояуға мүлдем ұқсамайтын жат бейнелерді көріп,

қынжыламын. Жастар – еліктегіш, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды тез қабылдап, оны ой сүзгісінен өткізбей
жатып бойға сіңіріп үлгереді. Батысқа табынушылық, өзге елдің тың дүниесін айна-қатесіз көшіру – бүгінгі қазақ
жастарының көпшілігіне тән қасиет. Осы орайда көп дау туатыны рас. Әрине, батыстан алатынымыз көп. Бірақ еш
сұрыптаусыз батыстың бар болмысын қайталау қазақтың ежелден қалыптасқан дәстүрлеріне қайшы келуі мүмкін.
Тіпті өзінің қазақ екеніне арланып, өз тілінде емес өзге тілде сайрайтын, діни адасушылықтар, терроризм, жастар
арасында есірткінің таралуы, мәдени деңгейдің құлдырауы қоғамымыздың өзекті проблемасы болып
отыр.Қазақтың уыздай жас ұлы мен қызының қолынан будақтаған темекі түтінін көргенде ешкім таң қалмайтын
болды. «Әй» дейтін әже жоқ, «қой» дейтін қожа жоқ болған соң, қазіргі жастар бұл әрекеттерін теріс деп
санамайды. Кейде маған сол жастар темекі түтінімен өздері ғана уланып қоймай, бүкіл қоғамды улап жатқандай
көрінеді. Осындай жастарды көргенде ақын сеніміне селкеу түсіріп, аманатына қиянат жасаған жоқпыз ба деген ой
туындайды. Дегенмен ақын арманындағы сөзі мен ісі біте қайнасқан, бостандығымызды баянды етер болашақтың
барыс жүрек, қырандай күшті, арыстандай айбаты, жолбарыстай қайраты бар жастар да ел игілігі үшін атқарылып
жатқан батамалардың басы-қасында жүргені де көңіл қуантады. Тіпті тәуелсіздік таңы уыздай жастардың
арқасында арайлап атып, бейбіт өмірге қол жеткіздік. Жас та болса бір елдің тағдырын шешуге бас болған Қайрат,
Ләззат, Ербол, Сәбира сияқты жалынды жастарымыз қыршыннан қиылған жоқ па?! Сондай-ақ Сидней, Лондон
олимпиадаларында қазақ елінің намысын биікке көтеріп, көк туымызды әлем алдында желбіретіп, қазақ деген
ғажап халықты бүкіл елге паш етті. Қазіргі қоғамдық өмірде өздерінің жан-жақтылығымен, өзіндік
көзқарастарымен, белсенділіктерімен ел дамуына аянбай үлес қосып жүрген ең жас депутат Сағитолла Сәрсенов,
мәжіліс депутаты Алмас Тортаев, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов, шахматтан
бірнеше дүркін әлем чемпионы Жансая Әбдімәлік, періште жүрегі туған жерім, елім деп жырлайтын Жамбыл
Дүйсенов, халық мұрасын насиқаттап, дүние жүзіне жеке ән жинақтарымен әйгілі «Ұлытау» тобы мүшелерін ауыз
толтырып айтуға болады. Айта берсек, осындай жастық жігерін ел игілігі үшін жұмсап жүрген жалынды
жастарымыз көп.
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін,-деп бүгінгі жастарға ұлттық рух пен патриоттық сезім сыйлаған Мағжан ақынның жүрек
сөзін елбасы Н.Ә. Назарбаев та өмірлік ұранына айналдырып, егемен елдің тұтқасын ұстар өскелең ұрпаққа
шүбәсіз сенім білдіріп, жарқын болашақтың жаршысы болып жүр.Сол себепті мемлекеттік деңгейде жастар
саясатының дұрыс жүргізілуі – қоғамның ілгерілеуі үшін аса маңыздылығына мән беріп, осы орайда «Жас Отан»
жастар қанатының әр мүшесі осы міндет биігінен көрінуін, қоғам дамуының кез келген межесінде көшбасшы
болуын, өзіндік идеясы мен тың көзқарасын танытып, жеткіншектердің бойындағы жалыны мен қайратын жанып,
елімізді бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына кіргізетіне қалтқысыз сенеді, азат елдің айбынды азаматтарымен
мақтанады.Шынында, оқып отырып жан сарайымда бір алапат сезім ұшқыны көрініс тауып, ерекше күйге еніп,
масаттанып, мақтанып, XXI ғасыр ұрпақтарының атынан әлемге жар салғым келеді: Біз Мағжан сүйген
жастармыз!Ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастарды да «арыстандай
айбатты, жолбарыстай қайратты», «қырандай күшті» қалыпта көргісі келеді. Кез келген халықтың кемел
келешегінің ең басты көрсеткіші – жастар. Олай болса, өмір бойы «Алаш» ұранын көтеріп, «Қазақ» деп жүрек
сөзін жайып салған Мағжан үшін ел мүддесі мен сол елдің тегеурінді тірегі жастардың орны бөлек. Өзінің «Мен
жастарға сенемін» деп аталатын осы өлеңінде ол жас жеткіншектерге үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан
кыранның қанатындай күштілікті, арыстандай айбындылықты, жолбарыстай батыл, жүректілікті, көңіл көзінен
шартарапқа шұғыла шашылар жігерлілікті, қазақ даласындай кең пейіл мен мәрт мінезді, жүзіне нұр ұялаған
адалдық пен имандылықты, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Сосын «Мен жастарға сенемін!» деп
асқақтай сөйлейді, шабыттана жырлайды.Иә, біз Еуразия кеңістігінде 21 жылдық егемендігін еңселеген елдің
бақытты ұрпағымыз. Мағжан атамыздың сөзін елбасының өзі басшылыққа алып, «Болашақтың кілті – жастардың
қолында», «Ел ертеңі – білімді ұрпақ», «Тәуелсіздіктің мызғымас тірегі — жастарымыз» деп ылғи бастама көтеріп,

жастарға көп қолдау көрсетіп, үлкен сенім білдіріп келеді. Әрине, біз егемен елдің егесіміз, қазақ деген ғажап
халықтың ұлттық намысымыз, «ойы дауыл, сезімі аспан, тек жеңіспен көзін ашқан» жалынды жігеріміз, айбынды
айбатымыз, қажырлы қайратымыз бар, көзімізде от ойнаған, білім деген сарқылмас бұлақтың суын қанып ішіп,
биіктерге бойлаған тәуелсіз елдің тірегіміз.Елін сүйген біздей өскелең ұрпағы бар елдің ертеңі айқын, келешегі
кемел, болашағы жарқын. Себебі, біз Мағжан сенген жастармыз.
Жыртылғанда «жұртым» деп жең мен жағаң,
Ұмтылды алға соңыннан ерген қоғам.
Аспаныңа күн болар түнек басқан,
Жастарына жалынды сенген бабам.
Тәлкегін мың көрсең де келте күннің,
Жан сезімнің пернесін шерте білдің.
Ғажап ақын жастарға сеніп өткен,
Аманатын ақтармыз сол сенімнің.
Бұл зерттеу жұмысымда ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға
сенемін» өлеңіндегі патриоттық рух пен азаматтық үнін ұғынып, талдау жасадық. Ақын өлеңі жастардың
жалынды бейнесін сомдап, келешегі кемел елдің көшбасшыларын өмір сахнасына шығарады.Сонымен поэзия
руханиятымызды көркемдік кеңістікпен байытуымен қатар, тәрбиелік-тағылымдық жағын да толықтырып
отырған әдебиет әлемінің үлкен бір қанаты десек, Мағжанның «Мен жастарға сенемін» атты азаматтық лирикасы
ұлттық болмыс пен қайсар мінезге жетелеп, осы екеуін басты негізге ала отырып, туған жерге деген шексіз
махаббат пен ұлтжандылыққа тәрбиелеуге қызмет етеді. Бүгінгі күн тұрғысынан елді, ұлт болашағы жастардың
тәлім-тәрбиесі мен өнегелі өмір сүру жолдарын шешуге жауап береді.Мағжан өлеңіндегі жастар тұлғасын
қалыптастырмай дамыған қоғам құрылмайды. Жастар ақын өлеңінен, төл мәдениеттен нәр алып, жігері жалын,
рухы мықты, өр мінезді, ар-намысы биік болып, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасына деген перзенттік
сезімдері ұшталады. Сондықтан «Мен жастарға сенемін» өлеңі жастар тәрбиесі үшін бірден-бір өнеге мектебі
деуге болады.Қорыта келгенде, Мағжанның бұл өлеңі жастардың рухани деңгейін көтеріп, тәуелсіз елдің текті
ұрпағын, жаңа күннің жігерлі кейіпкерлерін өмірге әкелуде таптырмас дүние. Сондықтан өткен күн мен бүгінгі
өмірдегі сабақтастық салаланған, кең ауқымды келелі ойлар жеткіншектердің жүрегіне рухани-адамгершілік,
азаматтық-моральдық құндылықтарды құндақтауы – заман талабы екені сөзсіз.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *