ЛИРО-ЭПИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ

 

Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды. Аталған міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруі процесінде де маңызды болып табылады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын аталған стратегиялық міндетті шешу жағдайында тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенділік, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алуға қабілеттілік, өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады [2]. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады. Білім алуда жақсы көрсеткіш көрсететін оқушы сабаққа белсенді қатысып, жақсы баға алады, алайда, кейбір балаларымыз мектептен алған білімдерінің қорытындысын өз мүмкіндіктерінде көрсете алмайды. Алған білімдері шешімдер мен іс-әрекет таңдауда тұлғаның дамыту қажеттеліктеріне сәйкес келмей де жатады. Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Ондағы басты мақсат – жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.

Қазақстан – өркениетті елдермен терезесі тең, әлемдік сахнада өзіндік орны бар ел. Жаңа ғасырды бастаған ұрпақ келер ұрпаққа қарыздар болып қалмас үшін қолдан келген игіліктерді жасайтыны анық. Қашанда білімі мол, рухани байлығы бар халықтың ұл — қыздары ешқашан да жүдемесі хақ. Біздің басты байлығымыз – білім.Болашақ – білім мен ғылымға тәуелді болатыны айдан анық нәрсе. Қазіргі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі қандай дәрежеде болса, еліміздің ертеңі де сондай дәрежеде болмақ. Сондықтан қоғам талабына сай, қоғамды көркейтетін, дамытатын, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы істер байланысында мемлекеттің өркениеті үшін еңбек ететін, шетелдермен еркін ғылыми және мәдени қарым-қатынас жасай алатын, оқығанын өмірде қолдана алатын, ана тілін жетік білетін, ұлтжанды азамат дайындау – бүгінгі ұстаз қауымының басты мақсаты [3].

Білім – теңіз, мектеп – кеме. Мұғалім – мектептің жүрегі. Білім нәрімен сусындап, оның құпиясын аша білу – күрделі де қиын іс. Осы білім теңізінде еркін жүздіру – бала жанының бағбаны мұғалімнің іс-әрекеті. Мұғалімнің бір-біріне және ешкімге ұқсамайтын сабақтары келер ұрпақты заман талабына сай оқытып, тәрбие бермек.

Бүгінгі таңда жер жүзінде білім саласындағы саясаткерлер мен мұғалімдер үшін ең маңызды болып отырғаны – «ХХI ғасырда нені оқыту керек және ХХI ғасырға оқушыларды қалай дайындайды?» деген мәселе. Заманауи тәсілдің ең негізгі ерекшелігі – оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аудару болып табылады, ал ХХI ғасырда талап етілетін дағдылардың мәні осында. Сондықтан да қазір жаңа технологияларды меңгеру үшін ең басты қажетті құрал – білім болып табылады.

Функционалдық сауаттылықты арттыруда мұғалім:

  1. Оқыту әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту. Ол үшін мұғалім оқушының бойына әлеуметтік ортаға бейімделуіне, алған білімін практикалық жағдайда тиімді пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді сіңіруі керек.

Олар:

-басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті)

-ақпараттық (өз бетінше ақпараттар көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау)

-коммуникативтік (қазақ, орыс, ағылшын тілінде ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау)

-әлеуметтік (қоғамда, өз өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті)

-тұлғалық (өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақта өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиыншылығы мен күрделілігіне төзімді болу)

-азаматтық (қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, діні мен тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп — өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі)

-технологиялық (ақпараттық технологияларды, білім беру технологияларды сауатты пайдалану) [4].

Оқушы осы аталған негізгі құзыреттіліктермен қатар пәндік құзыреттіліктерді әр пәннің мазмұны арқылы меңгеруі тиіс.

Елбасы Н. Назарбаев оқулық мәселесіне де ерекше тоқталған болатын. Оқулықтың мақсаты, міндеті, мазмұны, құрылымы функционалдық сауаттылықтың құзыреттілігіне сай жазылуы тиіс.

  1. Оқу нәтижелерінің бағалау жүйесін өзгерту. Қазіргі біз қолданып отырған жүйеде 5, 4 және 3 деген бағаларды не үшін қоюға болатыны нақты анықталмаған. Бағалау жүйесі функционалдық сауаттылықта сырттай бағалау және іштей бағалау болып бөлінеді. Іштей бағалау – оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау. Ал сырттай бағалау – әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің нәтижелері Білім алушылардың өзін-өзі бағалауы өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі жетілдіру үшін жеке жетістіктерін бағалау арқылы жүзеге асырылады. Критериялық бағалау жүйесі енгізілді.
  2. Ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеуге белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Ата-ананың борышы – бала бойына жас кезінен адами құндылықтарын дарытып, саналы өмір сүруге баулу. Ата-ана баласының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мұғалімдерімен тығыз байланыс жасау керек. Ата-ана баласының ерекше қасиетін тану, түсініп қол үшін беру, олардың қабілетін дамыту, бойына рухани құндылықтарды қалыптастыру, жағымсыз мінез-құлық, әдеттерден арылтуға көмек беруі керек. Ата-ананың бойында да функционалдық сауаттылық болуы тиіс. Бұл үшін мемлекет жаңа әдістемені әзірлеуге кірісті. Осы әдістеменің негізінде ата-аналарға арналған семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Аталған жұмысқа Үкіметтік емес ұйымдар және азаматтық қауымдастықтың басқа да секторлары белсенді тартылады.
  3. Қосымша білім беру жүйесін дамыту. Ұлттық жоспарда оқушылар сарайы, музыка мектептері, жас техниктер мен натуралистер станциялары жұмыстарын түбегейлі өзгерту қарастырылған. Қазақстанның тарихында алғаш рет аталған ұйымдардың материалдық техникалық базасы жаңартылатын болады. Оқытудың жаңа технологиялары мен интерактивтік, инновациялық формалары енгізілетін болады. Олар: балалар интерактивті парктері (ғылыми қалалар), технопарктер, балалар мұражайлары, ғылыми үйірмелер және т.б. Бұл – шығармашылық пен инновацияға деген қызығушылықты арттырады. Мұндай оқыту жүйесі баланың санасына әлеуметтік тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады. Бұрынғыдай мектептен шыққан соң бала үйренген білімін ұмытып қалмайды, қайта өмірде пайдаланатын болады [5].

Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мынадай жағдайлар жасалатын болады:

  1. Ғылыми-зерттеу жағынан қамтамасыз етеді.
  2. Білім беру мазмұнын жаңартады.
  3. Оқу — әдістемелікпен қамтамасыз етеді.
  4. Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және оған мониторинг жүргізу жүйесі енгізіледі.

5.Материалдық-техникалық базасы жаңартылып, нығайтылады.

Жалпы оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесіне мынандай тұжырымдарманы ұсынуға болады:

1.Оқушыларды бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу;

  1. Оқушылардың алған білімдерін өмірде, кез-келген жағдайда, әлеуметтік ортада қолдана алуға үйрету;
  2. Мемлекеттік тілде ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау;
  3. Әлеуметтік талаптарына сай келу үшін оқушының ақпараттық технологияларды қолдану және проблемалардың шешімін таба алуға үйрету;
  4. Оқушыларды өзгермелі өмірге бейімделуіне үйрету;
  5. Оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытуы;
  6. Оқушылардың әлеуметтік-мәдени дағдыларын дамытуы;
  7. Қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихын түсіну және құрметтеуге баулу;

Әлемдегі өзгерістерге сәйкес құндылықтар мен білім маңызын қайта қарауды қажет етеді. Осы мәселелерді шешу үшін мұғалімдердің жұмыс жүйесіне енгізу керектігі туындап отыр. Әлем елдеріндегі білімнің азығы – Сингапур, Жапония, Финляндия елдерінің білім жүйесіндегі ерекшеліктерін бір-бірімен салыстырар болсам, білім сапасын көтеру мәселесі қарастырылатынын көруге болады. Ондағы мақсат дамыған елдердің басым жақтарымен, әлсіз жақтарын қалай бақылайтынын анықтау болды. Соңғы кезде ресми дерек бойынша, мектеп жасындағы балалардың 40% әдеби мәтінді түсінуге қиналатындығы дәлелденген. Бұлар мектептен білім алса да, қызмет жасауға келгенде қарапайым жазу үлгісін білмейтіндігін көрсеткен. Тіпті олар әр түрлі жағдайда кездескен бланкіні толтыра алмай, ондағы ақпараттың мәнісін түсіне алмапты. Бір қызығы, олар теледидарда не айтылып жатқанын, жалпы айтқанда, күнделікті өмірдің есебін білмейтін болып шыққан. Соның салдарынан жұмыссыздық, өндірістегі апат, жазатайым оқиғалар, жарақат алулар көбейіп кеткен. Жалпы, барлық зерттеушілердің болжамы бойынша адамдардың сауатсыздық деңгейінің төмендеуі, оларға дұрыс білім беріп, тиянақты оқытпаудан, оқырман болуға үйретпеуден болған көрінеді [6]. Сақтанбау, ұқыпсыздық, байқаусыздық, апаттар: мұның бәрі ережені дұрыс оқымағандықтан, түсінбегендіктен, санаға сіңірмегендіктен орын алып отыр.

Білім беру жүйесі жыл сайын әр түрлі өзгерістерге ұшырап отыр. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпақты жан-жақты дамыған, құзыретті азаматтар етіп тәрбиелеу. Осы мақсатқа жетуге функционалдық сауаттылық көмектеседі. Жаттанды білім жарға жығады. Егер бойыңдағы ілімің күнделікті өмірде қажетіңе жарамаса, ол білімнің керегі не? Осы орайда мұғалімнің үйретері мен берері мол. Ал шәкіртіне білімін күнделікті өмірде кәдеге асыруды үйреткен мұғалімдер саны артса, нұр үстіне нұр болар еді.

Халық арасында оқымысты деген түсінік бар, көпшілігіміз бұл түсінікті қате түсінеміз. Оқымысты сөзінің анықтамасы – көп оқыған, жазу мәнері түсінікті және қатесіз, көп нәрселерден хабары бар, мәмілесі дұрыс адам. Сондай-ақ, бұл адам кейбір пәндер мен ғылымдарды меңгерген болмаса да, бұл кемшілікті өзінің оқымыстылығымен жоя алады. Ал сауаты төмен адамның болашағы қараңғы.

Қазіргі мектептердің басты кемшілігі баланы, үздік оқушы, және нашар оқушы деп бөлетінінде деп ойлаймын. Ұлы ғалым Энштейннің өзі оқыған гимназиясында үздік оқығандардың қатарында болмаған. Ол математика мен латын тілін жақсы білгенімен ұстаздарымен үнемі сөз таластыратын болған. Жас Энштейн ұстаздардың оқушыларға авторитарлық қарым-қатынасына үнемі қарсы шығатын. Оның ойынша, материалды механикалық түрде жаттау – білім алу және шығармашылық ойлауға зиян тигізеді. Энштейн бала кезден-ақ осылай ойлаған екен.

Атақты адамдарымыздың мысалында біз баланың ойлау еркіндігін шектемей, жан-жақты ойлауына, шығармашылық қасиетін дамуына мүмкіндік беруіміз қажет. Әрбір адам ерекше, ешкімге ұқсамайтын тұлға. Ал қазіргі білім жүйесі бәрінен бірдей адам жасауға ұмтылады. Баланың санасына, шығармашылық ойлауына шек қоямыз да, сын тұрсынан ойлануына мүмкіндік жасамаймыз. Дайын, ойлау моделін, ұсынып, сол модель бойынша ойлауды, өмір сүруді талап етеміз [7].

ХХІ ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Бұл ғасыр – марғаулықты көтермейтін ғасыр. Демек, әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр, дара тұлғаның тағдыры біздің қолымызға аманат ретінде тапсырылып отырғаны анық. Бүгінгі мектептің басты міндеті – өзіндік ой- көзқарасын ашық айта алатын, өмірге бейім тұлға қалыптастыру болса, оған мұғалімнің шәкіртіне деген сүйіспеншілігі, оны тұлға ретінде бағалауы баланың адамдық қасиеттерінің дамуына басты кепіл болуды көздейді. Ойын еркін айтатын, сын тұрғысынан ойлануға бейім, интеллект қабілеті дамыған, қоғамдық өмірде өз орнын табатын жеке тұлғаны қалыптастыру мектеп мұғалімдері үшін үлкен жауапты іс.

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 — 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту процесін мазмұндық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды. Ұлттық жоспар Қазақстан Республикасындағы білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту іс-қимылдарының мақсаттылығын, біртұтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз етуге арналған [8].

Функционалдық сауаттылық дегеніміз адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығын әрдайым жетілдіріп отыруы. Яғни, оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірлік тәжірибе барысында қолдана білуге үйрету. Ондағы басты мақсат – жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады, яғни оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірде тиімді қолдануына үйрету.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспардың қабылдануы – оқыту әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту болып табылады.

Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдермен қаруланған біршама ұстаздар қауымы өз мамандығына деген сүйіспеншілігі арта түсіп, жаңа нәтижелерге жетуде, шәкірттерінің жаңа белестерді меңгеруіне жол ашуда. Соның бірі функционалдық сауаттылықты дамытудағы білім мазмұнының жаңғыруы, яғни, сындарлы оқыту теориясына негізделгені.

Эпикалык шығармаларды оқытуда, талдауда міндетті түрде мына мәселелер басшылыққа алынады. Олар:

  1. Көркем шығарманың сюжеті, көтерген тақырыбы, проблематикасы.
  2. Көркем образдары, образдар галереясы.

3.Автор және көркем туынды. (Автор — көркем туындыны жасаушы, көркем туындыны жазушы) [9].

Көркем шығарманы талдау оны оқудан басталады. Көркем туындыны толық оқымай, мазмұнын жетік меңгермей тұрып, оны талдау мүмкін емес. Әңгіме, мысал сияқты шағын жанрларды талдау барлық көркем компоненттерін қосып роман, эпопеяларға қарағанда әрі қолайлы, әрі жеңіл болады. Әңгіме мен мысалды талдауда мүғалімнің олардың көркем табиғатын таныту, барлык бітім-болмысын сөз етуге мүмкіндігі мол болып саналады. Ал роман, эпопеяны бағдарламада көрсетілген аздаған сағаттарда толық дөрежесінде талдау мүмкін емес. Сондықтан, осындай көлемді шығармаларды оқыту үшін, мүғалім айрықша еңбектенеді. Ең бастысы, қандай мәселелерге көңіл бөлу керек, талдаудың қай түрі тиімді, қандай әдіс-тәсілдер нәтижелі болмақ міне, осы мәселелерге мұғалім ерекше назар аударады. Оқушылар роман, повестерді оқи отырып, автормен «кездеседі», онымен іштей сырласады, олар авторды да, оның туындыларын да өз пікірі, эмоциясы, дүниетанымы арқылы қабылдайды, ал мұғалімнің мақсаты – сол алғашқы, өзіндік қабылдауларды ғылыми негізге бағыттау, дұрыс бағыт-бағдар беру болып табылады. Көлемді шығармаларды талдауда да мұғалім көркем мәтінмен жұмысқа ерекше ден қоюы керек. Әрі оны тұтастай карастыруды ойластырғаны жөн мазмұн мен форма бірлігін сақтай отырып. Эпикалық шығармаларды талдау әр буында өзіндік ерекшеліктерімен даралана талданады яғни, сыныбы, жасына қарай. Мысалы, 5-7 сыныптарда сюжеті, композициясы, кейіпкерлеріне назар аударылса, 8-9 сыныптарда ол тереңдей түседі, авторлық тұрғыға, оның негізінде жатқан проблематикаға көңіл бөлінеді, ал 10-11 сыныптарда әдебиеттану ғылымының басты талаптарымен талдау, әдеби-теориялық негізде тереңірек талдау жүзеге асуы тиіс [10].

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1 Көшімбаев А. Қазақ әдебиетін оқыту методикасы. – Алматы, 1969ж.
2 Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдау 2017 жыл 31 қаңтар;Қазақ әдебиеті.
3 Қоңыратбаев Ә. Әдебиетті оқыту методикасының очерктері. – Алматы, 1962ж.
4 Мәшһүр Жүсіп Қуандық. Мектепте қазақ әдебиетін оқыту. – Павлодар, 2003ж.
5 Ақшолақов Т. Көркем шығармаға талдау жасау. – Алматы, 1983.
6 Тасболатов Қ. Әдебиет сабағында оқушылардың танымдық белсенділіг арттыру жолдары. – Адматы, 1974ж.
7 Мырзағалиев Қ. Әдебиет сабағында әдеби – теориялық ұғымдарды оқыту. – Алматы, 1973ж.
8 https://baribar.kz/student/12455/epikalyq-shygharmalardy-oqytu/
9 Голубков В.В. Методика преподавания литературы. – Москва, 1969ж.
10 Жөркенов М. Әдебиет пәнін өмірмен байланыстыра оқыту. – Алматы, 1984ж.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *