Көптілділіктің білім мазмұнын жаңартудағы рөлі

Бабаджанова Ақбала Зульпухаровна

Халқымыз ежелден тіл абыройын биік көтеріп, «Өнер алды ــ қызыл тіл» деп, сөз өнерін бар өнердің алдына қойып, жоғары бағалаған. Әдетте тіл жөнінде, тіл ــ аса маңызды қарым-қатынас жасау құралы деп, оған жай-жадағай анықтама берілгенімен, іс жүзінде тіл тек адамдар ара қарым-қатынас жасау құралы ғана болып қалмастан, қайта онан да маңыздысы, ол белгілі бір ұлттың ұлттық сана-сезімі, халықтың халықтық қасиеті, оның жалпы тарихы, әдет-ғұрпы, мәдениеті қатарлыларды тұтастай өз бойына қамтып жататын күрделі ұғым. Сондықтан тіл — мейлі қайсы ұлттың болмасын тарихы мен тағдырының, тәрбиесі мен тағылымының, бүкіл халықтық болмысының баға жетпес асылы, сарқылмас құнды қазынасы, ұлт рухының ұйтқысы болып келген.

Көптілді меңгерген адам әуелі өз тілінде ой қорытып, туған халқына өнеге болып, өзге жұртпен бәсекеде алдыңғы орынды иелеп, сан мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалайда мағыналы өткізетін айтулы тұлға болып жетілері қақ.

Бүгінгі таңда елімізде «Көптілділік» мәселесі көкейкесті мәселелердің бірі болып саналады. Елбасымыз сол үшін де тілдердің үштұғырлылығын міндеттеп отыр.

Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі. Бұл ұғымға жалпылама тоқталсақ… көптілділік, белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте бірден үш, одан да көп тілде сөйлей білушілік.  Көптілділіктің үштілді меңгеру дәрежесі сол адамның немесе бүтіндей халықтың өмір сүрген тілдік ортасы, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірі, тұрмыс-тіршілігі секілді көптеген факторларға байланысты.

Елбасымыздың биылғы Қазақстан Халқына Жолдауындағы «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасы – дүние жүзіндегі алдыңғы қатардағы мемлекеттерге тән құбылыс. Дегенмен мемлекеттік тіл-өмірлік қажеттілік. Оны саяси саудаға, даудамайға айналдырудың қажеті жоқ. Мемлекеттік тіл әр адамға өзінің қайраткерлік  мүмкіндігін кеңейту үшін қоғам,мемлекет ісінде өзін-өзі көрсете білу үшін ел тағдырында ықпалды тұлғаға айналуы үшін керек. Жаңа әлемдегі жан – жақты дамыған,бәсекеге қабілетті жаңа Қазақстан тұғыры рухани құндылықтарға негізделген, бұл біздің мемлекетіміз ұстанып отырған саясатымыздың басты қағидасы. Рухани құндылықтың бастауы-тіл мәртебесін көтеру,мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту.

«Қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі –ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі –жаңа саясатқа кірудің басты кілті»,-депелбасымыз айтқандай қазіргі таңда еліміз шетелдермен саяси-әлеуметтік және мәдени қарым қатынас жасауда. Осыған орай қазіргі заман мектебі де түбірлі өзгерістерді талап етіп отыр.

Қазіргі ақпараттың дамыған ғасырында болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің экономика саласына да, білім беру жүйесіне де тың ізденістерді енгізіп отыр. «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру»,-деп Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай, еліміз қай салада болмасын қарқынды дамып, әлемдік кеңістікке қарыштай қадам басып, еркін қанат сермеуде.

Елбасымыз Қазақстан халқы ассамблеясының ХVІІ сессия отырысында Қазақстан аймағында тұрып жатқан халықтардың басын қосатын тіл қазақ тілі болуы керек деп анық атап айтты:

«Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы шуақтары іспетті.

Бұл ретте байтақ мекенде баршамызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар.

Ол – біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз.

Ол – біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз

Бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен»,-деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным еткендей, келшекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр.

Көптілді оқыту – заман талабы.     Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.

«Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.

Елбасының үштұғырлы саясаты аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. Алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан да «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл — заман талабы»,- деген елбасының қағидасына сүйене отырып, қазіргі таңда балабақшадан бастап мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда. Осы орайда ауыр жүк артылып отырған мұғалімдер мен тәрбиеші-ұстаздардың бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеудегі еңбегі зор.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында мұғалімдерге сенім арта отырып, жастарымыздан үміттенеді. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет ауыр»-делінгендей, жастарды сауатты баулысақ болашағымыздың жарқын болатыны белгілі. «Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер»,-деген жолдарда жастарымызға деген үміт пен сенім жатыр. Сондықтан да жастарымыздың болашағы үшін әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер ашылып, «Болашақ» бағдарламасының негізінде олардың шетелге шығып білім алуына жан-жақты жол ашылған.

Қазіргі таңда өзара байланысы мен өзара тәуелділігі басым әлемде болашақта жас ұрпақты дамытудың бірден бір жолы көптілділік болып табылады. Оқушының жан-жақты білім алуына бағыт-бағдар беруші мұғалім мәдениеттілік, шығармашылық, инновациялық тұрғыдан ойлай алатын және бірнеше тілді білетін маман болуы шарт. Қазіргі таңда үш тілде оқыту– мектептегі оқу пәндерін екі немесе одан да көп тілде оқыту, жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін ең басты қажеттілік. Көптілді білім беру – көптілді тұлғаны қалыптастырудың негізі. Елімізде үздіксіз жүргізілетін маңызды істердің бірі – ол тіл саясатын жүзеге асыру, тілді меңгеруге деген қызығушылықты ынталандыру, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу, үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін – жетік меңгерген қабілетті жас ұрпақтың даму жайы мен болашағын анықтау және қолдау деп ойлаймын.

Қорытындылай келгенде, болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса еліміздің ертеңінің көркейте түсері сөзсіз. Олай болса бүгінгі талапкерлерге әлемдік кеңістікке қанат қағып, шет тілін меңгерсем деп талап білдіргендерге сәттілік тілейік.

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *