Кәсіби мамандық таңдау – адамның болашағын айқындайтын басты шарттардың бірі

Сатов Сардалы Ақалбекович

Күннен күнге өсіп, дамып, жетіліп келе жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарының, әсіресе жас буынның білімі мен сауаттылығының сапалығы – еліміздің жарқын әрі кемел болашағының кепілі.

Білім беру жүйесін жаңа сапаға көтеру, сол арқылы дәстүрлі көркем мәдениетінің барлық мүмкіндіктерін жас ұрпаққа тәрбиесіне қызмет істеуге жұмылдыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Бұл міндет – қазіргі түрлі педагогикалық мектебінің дәстүрлі көркемдік мәдениетінің жекелеген элементтерін ғана пайдаланып қоймай, керісінше, оның нағыз өміршең ұстанымдары мен механизмдерін жүйелі қолдану арқылы ұлттық педагогиканың жүйесін құруға жетелейді.

Жас ұрпақты бәсекелестік қабілеттілікке баулып, жасампаздық үдерісінің аумағын ұлғайту, олардың білімде де, ізденісте де алда жүруін қамтамасыз ету, жан – жақты тәрбиелеу – ұлттық рухани сезімнің қалыптасуына тікелей байланысты екені белгілі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында жас ұрпақтың өмірге дайындығы бүгінгі мұғалімнің кәсіби білімінің мазмұнына байланысты екендігі айтылған. Сонымен қатар жоғары, кәсіптік педагогикалық оқу орындарында кадрлар даярлау барысында қоғамда болып жатқан ұлтаралық қатынастар мәдениетін жетілдіру, әлеуметтік – экономикалық, нарықтық және ғылыми мен білім мазмұны негізінде болашақта мұғалімдер оқушыларға ұлттық мәдениетті түрлі мәдениетпен салыстырмалы түрде қалыптастыру басты міндет болып табылады.

«Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп Елбасымыз атап өткендей, жас ұрпаққа саналы тәрбие және сапалы білім беру деңгейі, ең алдымен, кәсіби бағдар беретін мұғалімнің даярлығына, оның кәсіби шеберлігіне, іс – тәжірибесіне тікелей байланысты.

Қазіргі кезде болашақ мамандарды кәсіби жағынан даярлау міндетті тұлғалы кәсіби білікті маман ретінде қалыптастыру мақсатымен жақын болу керек. Оқу орынының негізгі өнімі – білімгерлер, ал соңғы нәтижесі – бітіруші мамандар. Олай болса, білім мен тәрбие беру белсенді, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті маман ретінде өзін – өзі көрсете алатын жаңа тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы керек. Осыған байланысты жаңашыл мамандарды даярлау барысында кәсіби бағыттылығына баса көңіл бөлуіміз қажет.

Ал, жаңашыл болашақ маман иесін даярлайтын білім жүйесіне бүгінгі таңда қойылып отырған талап жоғары. Ол үшін ең алдымен білім сапасы халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс. Бұл туралы «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек»-деді Елбасы өзінің Қазақстан-2050 стратегиялық жолдауында. Жүйелі білім мен тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталады.

Болашақ мамандарды кәсіби даярлау орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарының міндеті. Сондықтан «мен осындай маман иесі боламын» деп таңдау жасап білім ордасында оқып жүрген білімгерлерге жан – жақты мақсатты педагогикалық ықпалдар жасау оқытушылар мен ата – аналардың ынтымақтастығына да көп байланысты. Сонымен қатар, оқу – тәрбие үрдісінің мазмұны өте бай, бүгінгі күні өмір талабына сай ұйымдастырылып, білімгерлердің ішкі жан дүниесіне, іс – әрекеттері мен қызығушылық бағыт – бағдарына негізделуі тиіс. Сондықтан, ертеңгі болашағымыз – еліміздің тағдыры болашақ жас маманның бүгінгі тәрбиесіне байланысты. Жан – жақты білімді, парасатты, саналы адамзатты тәрбиелеп шығару, олардың жан дүниесін әлемдік өркениетке сай рухани қазыналар мен байыту, халықтың педагогика дәстүрінің озық өнегелерін ой – санасына орнықтыру бүкіл ел – жұрт, ауыл – аймақ, отбасы, қоғамдық мекемелер және де болашақ жас маман жолын таңдай білуіне ықпал ететін бірден – бір кәсіби арнаулы оқу орнының яғни, техникалық колледждердің атқаратын аса жауапты міндеті екені анық. Білімгерлер оқу орынында алған білімін жадында тоқып, оқытушы үйреткен еңбек түрлеріне қызығып үйрене білсе, сонда ғана ол мамандық жолын таңдай білер еді.

Қазіргі кезде қоғамда болып жатқан бетбұрыстар, саяси көзқарастар аясында еліміздің тарихын шынайы тұрғыда танып – біліп, салт – дәстүріне, рухани мұрасына құрметпен қарау ерекше маңызға ие.

Ұлы ойшыл, ғұлама Әл – Фараби «Халық өткен өмір тарихын білмесе, өзінің өмір сүріп жатқан дәуірінің қадірін бағалай алмайды» деген екен. Олай болса, білімгерлерге еліміздің тарихи бастауларынан, мәдени мұраларымыздан дәріс беріп, ұлттық мәдениетімізді қаншалықты терең түсіндірсек, қоғамдағы қазіргі жағдайды соғұрлым жақсы түсінетіні белгілі.

Білімгерлердің кәсіби қалыптасуына мұғалімнің сабақта тәрбие бере отырып, пәнге деген қызығушылығын арттыру да басты роль атқарылатынын ұмытпауымыз керек.

Білімгерлердің келешекте кәсіби маман иесі болуы – оның дүниетанымдық өрісі қалыптасып, мамандық типіне қоятын психологиялық талаптарды орындауы арқылы жүзеге асырылатыны белгілі.

Мұғалімнің сабақты шығармашылық жолмен қызықтырып өткізу және жеке тұлғаның санасына әсер ете отырып қабылдау, әсерлену, қиялдау, таным талғам сияқты психологиялық іс – әрекеттердің дамуы қоршаған ортаның өмір сұлулығы да білімгердің келешекте мамандық таңдауына себептер болады. Осы психологиялық талаптардың адамға эмоционалды әсер етуінің арқасында мамандық типін таңдауына жол ашады.

Сондықтан, мамандық таңдаудың мынандай ережелерін есте сақтаған жөн:

— барынша көптеген мамандықтарды зерттеу керек және тіршілік еткен аймақта қандай мамандықтар керектігін анықтау қажет;

— өзін – өзі зерттеу маңызды (қызығулар, мінез ерекшеліктері, бейімділіктер, өзін – өзі бағалау, талаптану деңгейі);

— өзіне ұнамды және ыңғайлы мамандықты таңдауы тиіс;

— таңдаған мамандықты зерттеу;

— таңдаған мамандық бойынша өз күшін байқап көру;

— өзінің болашақ мамандығын таңдай отырып ойын жүзеге асыруда және мамандықты жетік меңгеруде табандылық танытуы керек.

Мамандық таңдау – маңызды және жауапкершілікті талап ететін жұмыс.

Мамандықты таңдаудағы негізгі ерекшелігі – кәсіби қызығу мен кәсіби бағыттылық болып табылады. Бұл бағыттың өте тиімділігін мамандық таңдау субъектісінің белсенділігінен көруге болады. Мамандықты таңдаудағы ең маңызды бағыт – адамның өмірлік қалыптасуы.

Мамандықты таңдау адамның өткен өмірлік тәжірибесімен және жалпы «Мен» бейнесінің қалыптасуымен байланысты болады.

Кәсіби бағыттылық ұғымын жеке тұлғаның мазмұндық және динамикалық сипатын айқындайтын фактор ретінде қарауға болады. Мамандық таңдау мотивпен басталады. Адамзат баласының шығармашылық мүмкіндіктері, кәсіби өсудің перспективасы, мамандықтың қоғамдық маңыздылығы, материалдық, гигиеналық еңбек шарттары, мінез ерекшеліктері мен әдеттерге сай келуі мамандықты таңдауға көп көмегін тигізетін болар еді. Сондықтан, болашақ маман иелері іс – әрекетінің бейнесінің заман талабына сай өзгеріп, олардың бойына кәсіби мәнді сапалардың қалыптасып, тұлғаның дамуымен ұштасуы керек. Жас ұрпаққа түрлі ғылым салаларынан мағлұматтар бере отырып олардың дүниетанымын қалыптастыру, оқу мен өмірдің байланысын нығайту және болашаққа кәсіби бағдар беру. Міне, бұл – бүгінгі күннің талабы.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан болашағы қоғамның идеялық берлігінде А., 2003ж.
  2. Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан халқына жолдауы А., 2012ж.
  3. Райфа Дүйсенбинова Қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу – тәрбие үрдісіне ендірудің ғылыми – педагогикалық негіздері. Алматы. 2001ж.

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *