Диалогтік оқыту негізінде оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту

Мутиханова Мейрамгуль

Уақыт талабы! Өзгеріс, өзгеріс… Жаңашылдық жолындағы педагогтердің білім беру үдерісіндегі оң бастамалар, болашақ ұрпақтың білімі, өмір тұтқасы — ұстаз мақсатында, ұстаз міндетінде, ұстаз жүрегінде.  Әр пән бойынша ұстаздық жүгін арқалаған әр педагогтің алдында бүгінде үлкен міндет тұр. Бағдарламаның жеті модулінің бірі — білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер. Оның ішінде диалогты оқыту бойынша ғылыми негізге сүйене отырып, өз ойларымды ой елегінен өткізіп, саралайтын болсам: білімге бағдарланған оқу үдерісіндегі мұғалімдер үстірт білім беруге қарағанда тиянақты білім беруді көздейді. Мұндай үдерісте оқушылар ойлауға түрткі болатын түсініктемелер жасайды, жетекші сұрақтар қояды, өз идеялары мен жолдастарының идеяларын талдай отырып, проблемеларды шешу жолдарын баяндайды. Оқушылар тәуекелге барудан қорықпайды, керісінше , олар үшін «тұйыққа тірелу» — жаңаны білу жолындағы кезекті қадам.(Нұсқаулық, 36 бет) Диалогқа қатысушылар осылайша өздерінің тілден алған білімдерін де, өздерін де жеке тұлға ретінде көрсетуге мүмкіндік алады. Диалогтарды тіл меңгертуде пайдалануда өзіндік күрделілігі бар. Оларды тақырыпқа сай іріктеудің өзіндік ұстанымдарын қалыптастыру мен пайдалану жолдарын ұсыну керек. Адам тілдесу барысында әр түрлі көмекші құралдарды пайдаланады. Сондықтан диалогтық тілдесім үстінде көмекшілік қызмет атқаратын ым, қимыл, ишара мәселелері туралы мән беруді талап етеді. В.Л.Скалкин диалог мәтініне сипаттама бере отырып: «диалог екі немесе одан да көп серіктестердің ауызша сөйлесу әрекетінің үйлесімді жемісі, ол өзара байланысы бар мәтін», -дейді. Дұрыс сауатты сөйлей білу, түсіне білу — сөйлеу әрекетін де жоғары деңгейде меңгеруде көмектеседі. Олай болса дұрыс сөйлеу әрекетіне көңіл аудару керек. Мерсер мен Ходжкинсон (2008) оқушыларды сыныпта талқылауға тарту оларға өз түсінігін көрсетуге, әр түрлі пікірлері барын түсінуге мүмкіндік береді, өз пікірлерін негіздеуге және оқу үдерісінде «балалар қайда» екенін мұғалімге түсінуге мүмкіндік береді дейді.          Диологтік оқыту оқушылардың ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпараттарды ойлауға, бағалауға, талдауға, синтездеуге және өз шешімдерін айтуға ықпал етеді. Қарсы пікір айтуға немесе баламалы пікірлер айтуға жол ашады. Диалогтік оқыту оқушыларды тынымсыз ізденімпаздыққа баулиды. Бұл қолдау қарым-қатынасты қамтиды және де Выготский бұл жағдайда оны білім берудің негізгі құралы деп есептейді. Выготскийдің білім беру моделі оқушының диалог құру нәтижесінде білім алады деп жорамалдайды. Сондықтан, оқушының білім деңгейін дамытуға әлеуметтік қолдау көрсетуде мұғалімнің рөлі ерекше. Александер (2004) білім берудегі әңгімелесуді — қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, идеялар екіжақты бағытта жүреді және осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды деп тұжырымдайды. Олар: — Оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіруіне мүмкіндік береді; -Басқа адамдарда түрлі идеялардың болатындығы оқушылардың түсінулеріне көмектеседі;

— Оқушылардың өз идеяларын дәлелдеуіне көмектеседі;

— Мұғалімдерге оқушыларға білім беру барысында олардың оқушылары қандай деңгейде екендігін түсінуге көмектеседі.

Сондай-ақ, Мерсердің идеялары маған мұғалім туралы және оқушылардың талқылауын тыңдауға, сыныпты жалпы тұтас топ ретінде оқыту кезінде, қол көтерген оқушылармен ғана емес, сыныптағы барлық оқушылармен сөйлесуге мүмкіндік болды. Сыныпты зерттеу мақсатында өзара әрекеттік үлгілері бар сұрақ-жауап әдісі тиімді жүргізілді. Диалогтік әңгімеде де мұғалім сұрақтары мен оларға берілген жауаптар, сонымен қатар, оқушылардың да сұрақтары маңызды.  «Әдетте сабақ аяқталғанда сұрақ бар ма дейміз. Әрине жоқ болса дән ризамыз. Демек,тақырыпты осылай қорытындылау керек. Жоқ, әсте олай емес. Бәрін саралап «айтатын» мұғалім әлденені сұрауға құштарлық тудырмайды. Сұрақ қоюдан қалған балалар жауап беруді де қояды. «Тереңдете түсуді, тексеруді қажет ететін жауаптың ұшығы» болмайтын сұрақ неткен сұрақ? Сондықтан да байсалды әңгімеге уақыт жетіспейтін сабақтың соңында емес, орта шенінде, ең қызған шағында қою керек. Сұрақ қойған адам ойлай біледі және даралана түседі. Оқушының сұрағы сабақ шеңберінен асып кетуі де мүмкін. Е.Н.Ильин (1990)  Демек, «сыпайы» ғана сырт айналып кетпей шеңберді кеңейту керек» деген пікірін назарға ұстап, тәжірибе үрдісінде жүзеге асыруға тырыстым. Мұғалім оқушылардың жауабын олардың білімдерінің деңгейін тексеру үшін де пайдаланады. Мұғалім мен оқушының өзара іс-әрекеттерінде диалогтық ойлау негізге алынатын ұйымдастыру формасы мен оқыту әдісі ретінде диалогтік оқыту қарастырылған.

Диалогтік оқытудың өзектілігі білім беру үрдісінде үлкен қолдауға ие, оның қорытындысы өткізген сабақтарда көрініс тапты. Мен берген сұрақтар іс жүзінде олардың түсінігін тұжырымдау, олардың бір-біріне ойларын және өз пікірлерін негіздеуге мүмкіндік алады. Бұл оларды жоғарырақ деңгейде ойлауға жетелейді. Әдебиеттік оқу, Қазақ тілі, Математика, дүниетану сабақтарының кез-келген тақырыптарында диалогты оқыту тәсілін  пайдаландым.    Бұл тәсілді пайдаланудағы мақсатым  оқушылардың жұппен, өзара топпен ақылдасу, кеңесу арқылы ортақ шешімге келуге дағдыландыру, өзіндік пікірлерін дәлелдеуге ықпал ету. Мұнда әңгімелесудің  әңгіме-дебат, топтық әңгіме түрлерін қолданып отырдым. Диалогті оқыту барысында топта бір-біріне ынтымақтастық серіктес болуға, тақырып бойынша өз ойларын білдіруіне, толық сөйлеу дағдыларын дамытуға,  басқа адамдарда түрлі   идеялардың болатындығын оқушылардың түсінулеріне, өз идеяларын дәлелдеуіне көмектеседі, мүмкіндік береді. Диалогті жұмыс түрлерін әр сабақта пайдалану арқылы оқушылардың сабақтағы белсенділіктерінің артуына ықпал етті. Мысалы, «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» деген сабағымда да проблемалық сұрақ қоюдан бастадым. «Балалар, жер бетіндегі жан-жануарлар, жәндіктер неге тыным таппайды? Неліктен деп ойлайсың?» » деген сұрақ бойынша «академиялық дау-дамай» тәсілі бойынша екі топтың оқушылары өзара диалогқа түсті. Оқушылар әртүрлі жауаптар қайтарды. Соның ішінде мәнді ой айтқан, «Б» былай деп жауап берді: « Жер бетіндегі тіршілік иелері өмір сүру үшін, тамақ, азық іздейді. Адамдар да тіршілік үшін, жақсы өмір сүріп, бай болу үшін еңбек етеді», — деп жауап берді. Бұдан байқағаным, «Б»-да  дербес ойлау қалыптасып  келе жатқанын байқадым. Бұрынғы сабақтарымда оқушыларымның дербес ойлануларына мән бермеппін.  Мен  оқушылармен кері байланысқа түсіп, диалог орнаттым. Сабақ барысында диалог басты рөл атқаратыны баршамызға белгілі, себебі диалог арқылы жаңа сабақ түсіндіріледі, мәні ашылады, талданады, оқушы әрекетін дамытады, қозғаушы түрткі болады.

Оқушының білім алуын қолдау үшін сұрақ қоюдың түрткі болу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты тәсілдерін пайдалана отырып, оқушылардың тақырып бойынша және сындарлы сөйлеу дағдылары, шынайы қызығушылығы мен сезімдері анықталады. «Оқушыларды тыңдау және оларға жауап беру оқушыларды бұдан әрі де ақпарат немесе түсініктеме іздеуге ынталандыра алады, маңызды мәселелерге назар аударуға  көмектесе алады» деген пікірлердің дұрыстығына көз жеткізеді.

Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын  атап көрсетеді (МАН). Зерттеулерде ересектермен интерактивті қарым-қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және когнитивті дамуына әсер ететіндігі айтылған.

Мысал ретінде  жаңа сабақты түсіндіру кезеңін алуға болады, яғни бұл  кезеңде оқушы мұғалімнің көмегімен жаңа түсінікпен, жаңа материалдармен танысады.

Диалог барысында оқушылар келісілген нәтижеге жету үшін күш-жігерін жұмсайтын және Мерсер (2000) сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу»  барысында тең құқылы серіктестер болып табылады.(МАН)

Мерсердің зерттеулеріне сәйкес әңгімелесу оқушылардың білім алуының ажырамас бөлігі болып табылады және әңгімелесудің үш түрі бар:

  • Әңгіме- дебат
  • Топтық әңгіме
  • Зерттеушілік әңгіме

Білім беруді диалогтік тәсілмен дамытудағы сұрақтардың маңызын қарастыратын болсақ, сұрақ қою арқылы мұғалім:

  • оқушыларды тақырып бойынша сындарлы сөйлеуге ынталандырады;
  • оқушылардың шынайы қызығушылығы мен сезімдерін анықтайды;
  • білімге құштарлықты дамытады және зерттеуге ынталандырады;
  • оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауына ықпал етеді;
  • оқушылардың бір — бірінен үйренуіне, басқа оқушылардың идеяларын құрметтеуіне және бағалауына ықпал етеді;

Өзімнің өткізген сабақтарымда жоғарыда айтылған ойларды басшылыққа ала отырып, диалог құру  арқылы сабақтарымды өткіземін. Диалог жүргізу үшін адамдар бір –бірімен қарым –қатынасқа түсулері қажет. Яғни, басты құрал –тіл екендігі белгілі. Қазақ тілінің оқулықтарында да «Тіл –адам өміріндегі аса маңызды қарым –қатынас құралы» делінген. Сабақта диалог құру үшін  оқушы мен мұғалім, оқушылар бір –бірімен тең дәрежеде болғаны дұрыс деп ойлаймын.  Себебі сабақ барысында қандай тапсырма берсең де, сұрақ қойсаң  да жоғарғы, орта деңгейлі  оқушылардың  жауаптары басымдық көрсетеді. Ал енжар оқушылардың мүмкіншіліктері аз,  ЖАДА-на түсе алмайды, сондықтан да  көлеңкеде қалып қояды. Осы курсқа дейін менде  де осындай қайшылықтар болды. Қазіргі уақыттарда  сабақтарымда оны болдырмауды ескердім.  Өткізген сабақтарымда топтық, жұптық әдістердің диалог құруда маңызы зор екендігін байқадым. Күнделікті сабақтарымда тапсырмаларымды жұпқа арнап әзірледім. Себебі, менің ойымша енжар оқушы ой бөлісуге, пікір айтуға дайын емес, жұпта көбірек ашылады деп ойлаймын.

Сыныптағы диалогтің маңыздылығы сұрақ қоюмен тығыз байланыста деп ойлаймын. Сыныпта сұрақ қоюдың үлгісі «бастама –жауап –кейінгі әрекет» нысаны бойынша қойылған сұрақ екендігі анықталды.  Сұрақ қою  маңызды дағдылардың бірі болып табылады, сұрақ дұрыс қойылса, сабақ беру тиімді болады, оқушылардың оқуына қолдау көрсетіледі, оқулары жақсара түседі. Оқушылардың тақырыпты түсінулері үшін сұрақты дұрыс қою керек.Сұрақтардың екі түрі болады (төмен дәрежелі және жоғарғы дәрежелі). Қойылатын сұрақтың түрі мақсатқа қарай өзгеріп отыруы керек. Сұрақ қоюдың  түрткі болу, сынақтан өткізу, қайта бағыттау сияқты әртүрлі техникаларын пайдалануға болады.( Нұсқаулық, үшінші деңгей)

Сұрақ қою   әр сабағымда түрлінше болды. Сұрақтарды ойластыруда  Блум таксономиясын басшылыққа ала отырып,  яғни жеңілден күрделіге қарай сұрақты дұрыс ойластырып, дұрыс қоя білу керектігі есімде болды. Балаға сұрақ түсінікті, деңгейіне сай қойылмаса онда оқушы дұрыс жауап бере алмайтындығын, онда сенімсіздік  пайда болатындығын білдім.

Оқушыларға тапсырмаларды жас ерекшеліктерін ескере отырып, қызықты етіп берсе, кез келген баланың белсенділігі артатындығын байқадым. Бұл жерде де  енжар оқушы да ойын  білдіріп, пікір алмасуға түсіп, топтағы  жұмысқа үйрене , тартыла бастауы, оның алдыға жылжуының дәлелі.  Әрбірі ортақ бір ойды ортаға шығарып, айтып береді. Мерсер  айтқандай, ұжымдық түсіну мен білім беруге қол жеткізу аясындағы талқылауларда  әңгімелесудің зерттеушілік түрі    басымдыққа ие  деген сөзіне көзім жетті.   Менің алға қойған мақсатым,осы зерттеушілік әңгімені дамыту, соған сай тапсырмалар беру.

Оқушыларға сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады (МАН, 41 бет). Сондықтан сұрақ дайындауда мұқият болуға тырыстым. Бұрынғы сабақтарымда оқулық соңындағы сұрақтармен шектелетінмін, енді ойлана отырып қойған сауалдар оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытатынын байқадым. Диалог барысында балаларға баламалы мүмкіндіктер беріліп, тұжырымдылық түсінігін тереңдетеді екен.

Диалогтік әдіс сабақтың өн бойында жүреді. Мен көбінесе диалогтік әдісті сұрақ-жауап түрінде пайдаландым. Кез-келген сабақтың басталуы сұрақ-жауаптан тұрады. Сұрақтардың берілуіне байланысты оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады. Диалог оқушы мен оқушының арасында да болады. Мұнда оқушылар бір -біріне сұрақтар қояды. Үй тапсырмасын сұрағанда  «Үш қадамды сұхбат» әдісі бойынша екі жұп бір-біріне сұрақтар қойып сұхбат алды. Бірінші оқушы екіншісіне: «Қарлығаш қандай құс? Оны неге адамға дос дейміз?,- деп сауал қойса, «Қарлығаштың адамға дос екенін «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісі арқылы білемін. Қарлығаш адамға көмектескен. Өмірін сақтап қалған»,- деп толық жауап бере отырып, бір-бірімен пікір алмаса отырып зерттеушілік әңгіме жүргізе білді. Тосыннан мен ойламаған сұрақ қойды, осы жерде балалар өз ойларын айтып,ойдан ой туындап онысын дәлелдеуге тырысты. Тіпті енжар, қабілеті төмен оқушылар да жауап беруге тырысып жатқанына куә болдым. «С» оқушым: «Біздің таудағы үйімізге қарлығаш ұя салған, мен оған нан беремін.», — деп қатысып отырды. «Балапандары көп бола ма?»,-деген сұраққа, «С»: «Жоқ үш-төртеу болады, балапандарына қайта-қайта тамақ әкеле береді»,-деп жауап бере білді.  Бір-бірінің жауабына қанағаттанбаған жағдайда қосымша сұрақтар да беріп отырды. Мерсердің айтуынша ұжымдық түсіну мен білім беруге қол жеткізу аясындағы табысты талқылауларда әңгімелесудің зерттеушілік түрі басымдыққа ие болады (МАН, 40 бет,). Әрине, көңілге қонымды дәлелдемелер келтіре алмай,  нанымды дәйектеме таба алмай, тіпті әңгімеге қатыспай қалған оқушылар болды. Оларға қолдау көрсетіп, сөзге тартып жібердім. Ал, дәстүрлі сабақтарымда диалогқа көп мән бермей, білмей жатса өзім айтып, сабақты қорытындылай салушы едім.

 Сабақтарды белсенді өткізіп, әр баланың еркін жауап беруіне  жағдай  жасауға және қиялын дамыту үшін «Менің ойымша» деген жауапқа дағдыландыруға болатынына көзім жетті. «Наурыз-жыл басы» өлеңін оқығанда, «Ойланып көріңдерші, әр сөздің бірінші әрпі неге қарамен боялған?» — деген сұрақ тастадым. «Сөйлем бас әріппен жазылады»,- деп еді, екіншісі «Бұл сөйлем емес, сөз ғой»,- деп байқағыштын байқатты. Оқушылар әр түрлі пікірлер айтып жатты, курстан алған білімім негізінде оқушылардың «қате» жауабына төзімділік танытып, бұрынғыдай «қате, отыр» деп, отырғыза салмай, болмаса, дұрыс жауапты өзім айтып бере салмай, ол оқушыны «тағы қалай ойлайсың?», деп жетелеп жауап алуға тырыстым. «Жыл аттары қалай аталушы еді, естеріңе түсіріңдерші?»- деп едім, «С»: «Тышқан-жыл басы емес пе?»  деді. «А»: «Менің ойымша, тышқан Т әрпінен басталса, әр әріпте жыл аттары жасырынып тұр екен ғой» деп өзінің ұққанын жеткізе алды. Талантты және дарынды оқушыларды оқытуда тапсырмаларды күрделендіре отырып, зерікпеуін қадағалауым керек екенін ойға түйдім. Дарынды балалардың мүмкіндіктерін ескеріп, тиімді тапсырмаларды таңдауды басшылыққа аламын деп шештім.

Жалпы диалог, диалогтік оқыту туралы әдістемелік нұсқаулықтарға, оқулықтарға, ғылыми- педагогикалық тәжірибелерге шолу жасап, мына анықтамаларға сүйендім. Диалог – екі не одан да көп адамның әңгімесі. Әңгіменің мақсаты, әдетте, бір нәрсе жайында сұрап, оған жауап беруге, белгілі бір әрекетке түрткі болуға шақыру. Диалогті оқыту: мұғалім мен оқушының өзара іс-әрекетерінде диалогтық ойлау негізге алынатын ұйымдастыру формасы мен оқыту әдісі. Оқушыларға өмірлік дағдыларды меңгерту барысында үнемі балалардың өміріне қатысты, қоршаған ортаға байланысты әрқилы жағдаяттарды шығармашылықпен қойып, балаларға өз бетімен шешуге ұсынуы, олардың тәуелсіз шешім қабылдауларына өз ойларын ашық жеткізуіне, ұсыныс-пікірлерін ортаға еркін салуына жағдай туғызып отырамын. Сабақтарымда мұғаліммен ашық диалог жүргізіледі, әлеуметтік-рөлдік ойындар мен тренингтерде адамдардың өзара қарым-қатынас әлемі зерттеледі, өмірлік бақылаулары бойынша пікір алмасады, қоғамға қызмет етудің практикалық дағдылары дамытылады. Диалогті оқыту барысында топта бір-біріне ынтымақтастық серіктес болуға, тақырып бойынша өз ойларын білдіруіне, толық сөйлеу дағдыларын дамытуға, басқа адамдарда түрлі идеялардың болатындығын оқушылардың түсінулеріне, өз идеяларын дәлелдеуіне көмектеседі, мүмкіндік береді.

Сыни тұрғыдан ойлау – бақылаудың, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға баламалы шешім қабылдауға және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді (МАН, 49бет)

Сыни ойлауға жетелеу мақсатында «Көбелекті гүлге қондыр» ойынын  пайдаландым. Жұппен отырған оқушыларға тапсырма жазылған көбелектің суретін тараттым.  Бақылауға алған озат «А», орташа «Е» екеуі бір жұп болып отырыпты. «Абай туған — өлке» жайлы тапсырма берілген болатын.  «Ұлы Абай, Мұхтар, Шәкәрім ата барлығы бір жерде туған. Ол адамдар белгілі, бәріміз білеміз. Біз Абай елін, жерін көргіміз келеді» деп екеуі бірлесіп өз ойларын айтқанда, 6-7 жастағы балалар болса да осылай болжап, жинақтай алады деп ойламаппын. «С» оқушым мен жұбыңа «Абай ақындардан не үйренді?» деген сұрақ берген болатынмын. «С» оқушым «Абай ата Барлас пен Байкөкшеден көп өлең, жыр, ертегі үйренді. Осы ақындарды жақсы көріп, мен де ақын болсам деп армандады. Кейін үлкен болғанда халқының сөзін сөйлейтін күшті ақын болды. Абайды барлық ел біледі»,-деп ойын жеткізе білді. Балаларға еркіндік беріп, әңгімелесуге уақыт беруіміз керек екен ғой деген ойға келдім. Мен осы тұрғыда ЖИКСО, «Ыстық орындық», сабаққа психологиялық дайындық, «Аялдама» сияқты стратегияларды пайдаландым. Cабақтың негізгі кезеңінде диалогтік оқытуды дамыту үшін сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегиясын қолданып «Қарлы кесек» ойынын ойнатамын. Бұл тапсырма тақырып бойынша ақпараттарды өмір жағдаяттарында қолдана білуге үйрету үшін беріледі. Ойын барысында оқушылардың қызығушылықтары арта түсіп, белсенділіктері күшейеді.Ең бастапқы сөйлемдерді әлсіз оқушыларға айтқызып, соңында сөйлем күрделенгенде жақсы оқитындар айтады.  Бұл стратегиялар арқылы балалар жаңа  білімге өздері жете алады. Сол арқылы оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттырдым. Балалардың сабаққа танымдық белсенділігі, қызығушылығы артып өз бетінше білім алуға талпынды.» Бес жол өлең» тапсырмасын бергенде оқушылар көп ізденеді. Орындау барысында сөздік қорлары артып, танымдық, шығармашылық қабілеттері дамып, өзін –өзі бағалай алады. Күнделікті өткізіп жүрген  сабақтарымда сыни тұрғыдан ойлаудың стратегияларын пайдаланудағы мақсатым оқушыларды терең ойлай білуге, өздері дәлелдеп қорытынды жасай білуге жетелеу. Осы тұста өз ойларын толық жеткізе алмай қиналған кездері болды.

Сыни тұрғыдан ойлай білетін адам сұрақтар қоя біледі:
— Мен не білемін?
— Мен жаңаша нені білдім?
— Менің білімім қалай өзгерді?
— Мен осы біліммен не істей аламын?

Диалогтік оқытудың пайдасы сыныптағы оқушылардың сабаққа толық қатысуы. Күнделікті жай сабақта 3-4 бала ойын ортаға салып, сабаққа белсене қатысса, қазір сабаққа үлгерімі төмен оқушы да өз ойын ортаға айтып, пікірталасқа түседі. Өздеріне өзі баға қойып, уақыт та үнемделеді. Барнс (1971) сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың оқуына соншалықты әсер ететінін айтады. Барнс оқытудың мұғалімді селқос тыңдағанда  ғана емес, сөйлесу, талдау және дәлелдеу барысында жүзеге асатынын айтады. Стратегияларды тиімді пайдалану арқылы оқушылардың тілін, ойын, еркін сөйлеуін дамытып, топпен жұмыс істеу барысында бірін-бірі тыңдай білуге, құрмет көрсете білуге үйретеді.   Сабақта осы модульді қолдану кезінде оқушылардың сабаққа қызығушылықпен қатысқандығын байқадым. Қорыта айтқанда, Бағдарламаның  «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модулі оның ішіндегі диологтік тәсіл арқылы оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауына көмектесетінін білдім. Сонымен қатар түсіну дәрежесін бағалау сабақтардың әр кезеңдерінде пайдаланылу керектігін ұқтым. Болашақта мен диалогтық оқыту тәсілін басшылыққа ала отырып жеті модульді ықпалдастырып ары қарай дамытуды көздедім.

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Г.К Селевко. Современные образовательные технологии. Москва, Редакция «Народное образование», 123 стр, 1998г.
  2.  Мұғалімдерге арналған нұсқаулық «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012, 306 б.
  3. Бағдарлама. Үшінші (негізгі) деңгей. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012-120 б
  4. Педагогикалық ізденіс, 1989.-215бет.\Ред.Е. Әбілмәжінов\
  5. Педагог (Республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журнал) №4, 2014ж
  6. Александер. Диалогтік сөйлесуді оқыту: сыныптағы әңгімелесулерді қайта түсіну. 2004.
  7. Мерсер, Литлтон. Диалог және ойлпуды дамыту. Әлеуметтік мәдени тәсіл. 2007.
  8. Барнс. Сыныптағы тіл және оқыту. 1971

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *