Дара тұлға-ұлы Абай

 

Дара тұлғаұлы Абай

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» дей келе, «биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады» деп айрықша атап өткен болатын. 

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.

 

 

Абайдың арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос пен Жігітек тарайды. Әрқайсысы бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен Ырғызбай,  Көтібақ пен Топай туған. Олардың ішінде Ырғызбай оза шауып, ел басқару ісіне араласқан. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар мен Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.

Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ал Ұлжан – Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу» дейтіні содан. Құнанбайдың қартайған шағында үйленген төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған. Болашақ ақын ел анасы атанған Зере әжесінің таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай алдымен әкесінің өз туыстарының балаларын окытамын деп, «Ескітам» деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламалардың шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады.

Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған. Ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысты. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Ол өзінің пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысын, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.

Абайдың айтуынша, жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді.

Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған.

Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.

Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз.Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу.

Ол үшін ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек. Сол мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, отандық білім беру ісінде әлі де олқы тұстар бар. Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді.Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор.Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Сонымен қатар ағылшын тілін үйре­нуге де басымдық беру қажет. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет.Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында.Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет.

Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқу­дан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі. 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *