БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ ЖӘНЕ ТИІМДІЛІГІ

Егеменді еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар иесі — бүгінгі жас ұрпақ. Өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – дегені белгілі. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи-танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси-экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етіледі. Ол жаңалыққа жаны құштар болып, шығармашылықпен жұмыс істесе, оқу мен тәрбие ісіне етене еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгергенде ғана білімі мен білігі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады.

Жаңа заман мұғалімі – кәсіби, кең білімді, мәдениетті, ізгілікті, зиялы, адал және жас ұрпақты дамыту, оқыту мен тәрбиелеудегі инновациялық бағытта жұмыс жасайтын, өзіндік мені қалыптасқан тұлға.

Менің ұстаздық жолымдағы алға қоятын мақсатым – жас ұрпақты заман талабына сай білім беру үрдісінде оқушылардың танымдылығын, функционалдық сауаттылығын, қисынды ойлауы мен дүниетанымын қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Білім – қоғамды әлеуметтік-мәдени, ғылыми үрдіспен қамтамасыз ететін жоғары құндылық. Болашақтың бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана.

Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңартылған білім беру бағдарламасымен оқыту Қазақстанның білім беру жүйесін реформалауға айтарлықтай үлес қосуына жол ашады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керектігін атап көрсетеді.

Қазіргі уақытта тың жаңа идеялармен әр сабақты түрлендіріп, жан-жақты жаңаша оқытудың тиімді жолдарымен оқыту – заман талабы. Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі –білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін жағдайлар жасау керек. Неліктен енгізілген жүйе тіл мамандарынан бастау алды? Жаңартылған білім беру бағдарламасы тілдік қызмет дағдыларын дамытуға (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) аса назар аударылып отыр.

Өз білімі мен мәдени деңгейін үздіксіз арттырып отыратын, өзіне және қоғамға пайда келтіре алатын, табысты бола алатын жоғары адамгершілікті, шығармашыл, сыни ойлайтын тұлғаны тәрбиелеу, оқыту және дамыту – заман талабы.Әсіресе, оқушыларға қазақ тілін оқыту барысында оқылым, жазылым,айтылым, тыңдалым дағдыларын дамыту арқылы алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез келген ортада бәсекеге қабілетті болуға, қарым-қатынас жасауда тиімді қолдануға мүмкіндік беретін білім алады.

Оқушылар қоғамда орын алатын әр алуан жағдайларда табысты ынтымақтастық пен өзара түсіністік тудырып, қарым-қатынасқа түсіп,сонымен қатар,тілдік дағдыларын жетілдіре алады.

Жаңартылған білім беру мазмұнындағы бағдарлама негізі тілдік бірліктерді және олардың тіркесімділігі мен қолданылу ерекшеліктері туралы білімді меңгеруде үлкен қолдау көрсетеді. Осының нәтижесінде мектеп оқушылардың сөздік қорлары толығып, тілдік дағдылары жетіледі, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді, оны бағалауды үйренеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» деп есептейді.

Ұрпақ тәрбиесі – бұл болашақ тірегі, мемлекеттік маңызды іс. Адамзат ұрпағымен мың жасайды дегендей ұрпақ тәрбиесі қай кезде де халықтық мәселе болған.

Қазақ тілін үйретудің екі жолы бар: жазбаша және ауызекі. Шығарма, мазмұндама жұмыстарында оқушылар өз ойларын, пікірлерін, әсерлерін мәтін түрінде жазбаша жеткізеді. Айтатынын дайындап, сұрыптап алады. Ал өз ойын ауызекі монолог немесе диалог түрінде жеткізу үшін тек қана тіл емес, мимика, ым, көзқарас қолданылады. Сабақта жетістіктерге бағыттайтын жұмыс түрлері көптеп қолданылады: жаттығу жұмыстары, грамматикалық, лексикалық тестер, өздік, ұжымдық, жұптық, топтық бақылау, сөздік жұмыстары, диалог түріндегі түрлі ситуациялық жұмыстар, мәтінмен жұмыстың көптеген түрлері.

Әр сабақта игерілген жаңа сөздер ауызша, жазбаша сөзде үнемі қолданылып отырғанда ғана сөздік жұмыстары нәтижелі болады. Сөздікпен жұмыс грамматикалық анықтамалар, жаттығу жұмыстарын, суретпен жұмыста, өлең, жұмбақ түсіндіргенде, сұрақтарға жауап бергенде де жүргізіліп отырады. Жаңа педагогикалық технологияларды оқып-біле келе бастауыш сынып оқушыларының танымдық қабілеттерін дамытуда әрбір сабақта «Конверттегі он сұрақ», «Жауапты қағып ал», «Ыстық орындық» тәрізді әдіс-тәсілдерінің маңызы өте зор. Осындай әдіс-тәсілдің нәтижесінде оқушылар бір-бірімен еркін пікір алмасады, өз ойларын ортаға салады, сабаққа қызығушылықтарын танытып, белсенділік көрсете алады. Логикалық дамуы және мейірімділік қасиеттері артады. Оқушыларда алғырлық, шапшаңдық, көшбасшылық қасиеттері одан әрі жоғарылайды.

Орыс сыныптарында қазақ тілін үйретуде іскерлік, рөлдік ойын түрлерін қолдану, диалог, монолог, сұхбат, сұрақ-жауап, көрініс қою, тақпақ оқу, ән айту, мәнерлеп оқу, жұмбақ , сөзжұмбақ шешу, пікір айту, пікірсайыс, тірек схемасын пайдаланып, жүйелі түрде әңгімелеу, «Дөңгелек үстел», «Ми шабуылы» т.б. әдіс-тәсілдерді сабақта пайдалану, оқушының басқа тілді үйрене алмаймын деген сенімсіздігін сейілтіп, тілді үйренуге ынтасын арттыратынын өз іс-тәжірибемнен күнделікті жұмыс барысында байқаймын.

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілін оқытуда мынадай әдіс-тәсілдердің тиімділігі зор:
1. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер.
2. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.
3. Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау.
4. Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану.
5. Талантты және дарынды балаларды оқыту.
6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқыту.
7. Білім берудегі басқару және көшбасшылық.

  1. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер.

Білім беру әдістері ішінде ерекше орын алатыны – диалог. Диалог оқушылардың сөйлесу әрекетін, сұрақты дұрыс қоя білуде, ақпарат алмасуда, жалпы тіл үйренуде таптырмас жұмыс түрі. Әр түрлі тақырыпта диалог құрғызу мынадай нәтиже береді:
сабақта белсенділік жоғарылайды;
сөздерді есте сақтау қабілеті дамиды;
дұрыс сөйлемдер құрауға дағдыланады;
оқуға қызығушылықтары артады.

  1. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.

«Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» технологиясын қолдану төмендегідей нәтиже береді:
— білім алушының белсенділігін арттыру;
— пәнге қызығушылығын ояту;
— өзіндік көзқарасын білдіруге мүмкіндік беру;
— зерттеуге икемділігін дамыту;
— сөйлесім әрекеті белсенділігін арттыру;
— білім алушылар бір — бірімен қарым — қатынас жасай біледі;
— басқаларды тыңдауды, кез келген жауапқа сыйластық, түсіністікпен қарауға.
Жалпы, сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақтар қойып дәлелдерді талдайды.

  1. Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау.

Бағалау — оқыту нәтижесін анықтау үшін қолданылатын тәсіл, оқушының берілген тақырыпты меңгерудегі кемшіліктерін жоюда, оның үлгерімінің нәтижелі болуына ықпал ететін фактор. мектеп тәжірибесіндегі бағалау баға қоюмен ғана шектелетін тәсіл емес, ол материалды меңгеру, меңгермеу фактісімен қатар оның себептерін анықтауға мүмкіндік беретін оқытудың маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Формативті бағалау әр сабақта жүзеге асатын үрдіс. Формативті бағалау сабақ барысындағы барлық іс — әрекет бойынша оқушының білім, білік деңгейіне қоса дербес ойлауы, түсінігі, тіпті тәртібі т. б. бағаланады. Ал, сумативті бағалау немесе жиынтық бағалау оқушының белгілі бір кезеңдегі бақылаулар, білімді тексеру тестісі кезінде көрінетін білім деңгейінің өлшемі.

  1. Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану.

Білім беруде ақпараттық — коммуникациялық технологияларды пайдалану.
Ақпараттық — коммуникациялық технологияның тиімділігі – келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскерлігі мен шығармашылығын еркін дамытуға жол ашатын педагогикалық-психологиялық жағдай жасауында. Интерактивтік тақтаны қолдану барысында әдеттегі сабақ тиімділігі және сабақ қарқыны арта түседі, бейне әрекет, ақпаратты шұғыл алу мүмкіндігі ашылады. Интерактивтік тақта көмегімен оқыту дәстүрлі оқыту әдістерінен айтарлықтай ерекшеленеді, десек те, сабақты нәтижелі өткізудің негізі бірдей. Ең алдымен, кез-келген сабақтың, оның ішінде интерактивтік технологияларды қолдану арқылы өткізілген сабақтың анық жоспары мен құрылымы болуы, нақты мақсаттар мен нәтижелерге жетуі тиіс. Осының барлығы оқушылардың материалды жақсы меңгеруіне және оны өзінің осыған дейін білетіндерімен сәйкестендіруге көмектеседі. Сондай-ақ, интерактивті тақта арқылы әр түрлі грамматикалық тапсырмаларды орындау, мәтіндермен, жаңа сөздермен түрлі жұмыстар жүргізуде, сөздерге талдау жасауға, уақытты үнемді пайдалануға, оқушылардың ынтасын арттыруға қажетті әрі пайдалы құрал. Әр түрлі тест тапсырмаларын жүргізіп, оқушылардың білім сапасын бақылауда да компьютерлік технологияның үлесі зор.

  1. Талантты және дарынды балаларды оқыту.

Дарындылық – адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты – олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады. Еш нәрсеге бейімділігі жоқ, қабілетсіз бала болмайтыны педагогикада дәлелденген. Жалпы шәкірт бойына білім нәрін сіңіруде ең бастысы оқушының жас ерекшеліктерін ескеру қажет. Ұжымдық, топтық, жұптық, өзіндік жұмыс немесе диалог барысында оқушының жас ерекшелігін ескере отырып жұмыстану – бұл мұғалімнің жан-жақты ойластырылған шеберлігін қажет етеді.

  1. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқыту.

Осы заманғы кез келген оқыту технологиясы оқу процесін ұйымдастыру кезеңінде технологияның бар мүмкіндіктерін үнемі шығармашылықпен пайдалану қажеттілігіне көңіл аударуда. Оқыту технологиясын оқыту процесін ұйымдастыру, басқару және бақылау деп түсіну керек. Осы орайда өз тәжірибемнің негізінде оң нәтижеге қол жеткізу үшін алдыма мынадай мақсат қойдым:

— заман талабына сай білімді, білікті, дүниетанымы кең, шығармашылық қабілеті дамыған жеке тұлға қалыптастыру.
Осы мақсат негізінде алдыма қойған міндеттерім:
— жас ұрпақтың қабілеті мен талантын ашу;
— шығармашылық, логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру;
— өз алдына мақсат қою арқылы оны жүзеге асыра білу;
— өз әрекетінің нәтижелерін бағалай білу.

 

  1. Білім берудегі басқару және көшбасшылық.

Мұғалімнің көшбасшылық қабілеті ең бірінші сабаққа даярлықтан басталады, яғни, өтілетін сабақтың жоспарын құру, оны өткізу әдістемесі, оқушылардың қабілеттерін, жас ерекшеліктерін ескере отырып, иллюстрация, техникалық құралдарды, дидактикалық материалдарды пайдалану. Мұғалімнің осы шығармашылық әрекеті арқылы оқушының шығармашылық қабілеті қалыптасады. Ал көшбасшылық қабілеттер шығармашылық елес, шығармашылық ойлау арқылы жүзеге асады. Оқушыны шығармашылық ойлауға, жылдамдыққа, икемділікке, тапқырлыққа үйрету ол мұғалімнің әр сабағында қалыптасып отыратыны анық.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», – деген сөзі ізденімпаз, жаңашыл ұстаздарға арналғандай. Мұны әрбір мұғалім жадында сақтауы тиіс.

Қазақ тілін оқытуда  жиі қолданылатын педагогикалық әдіс-тәсілдер
1) Оқу-танымдық әрекетті ұйымдастыру және жүзеге асыру әдістері:
— Тілдік әдістер (әңгіме, дәріс, семинар, диалогтік оқыту,топтық оқыту, бірлесе оқыту);
— Көрнекілік әдістері (иллюстрациялар, көрсетілім, таныстырылым);
— Тәжірибелік әдістер (жаттығулар, тәжірибе жасау, қолмен түрлі бұйымдар (постер,
кластер, буклет) жасау;
— Репродуктивтік әдістер;
— Проблемалық-ізденушілік әдістер;
— Өзіндік жұмыс әдістері (мұғалім басшылығымен және өз бетімен);
2) Оқу-танымдық әрекетті ынталандыру және уәжді арттыру әдістері.
3) Оқу-танымдық әрекеттің тиімділігін бақылау және өзіндік бақылау жасату әдістері.
Оқушылар жалпы білім беретін негізгі мектеп бағдарламасындағы барлық пәндерді оқу барысында ақпаратты табу, құрастыру және басқару, мәліметтер және идеялармен бөлісу, бірлесіп әрекет ету, түрлі жабдықтар мен қосымшаларды пайдалану арқылы өз жұмысын жетілдіре және бағалай отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану дағдыларын дамытады

Қорыта келе, мынаны атап өткім келеді: мектептегі білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқу-тәрбиелік үрдісті ұйымдастыруға жаңа көзқарас мәселесі қазіргі күн талабына сәйкес білім беру жүйесін жаңарту мен жетілдірудің аса маңызды кезеңінде үлкен мән беріліп отырған, көкейтесті тақырып деп есептеймін. Педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы қолданылатын барлық қисынды ілім амалдары мен әдіснамалық құралдарының жүйелі жиынтығы мен жұмыс істеу ретін әр мұғалім өзінің алдында отырған оқушылардың мүмкіндіктерін ескере отыра, өзінің кәсіптік шеберлігіне сай таңдауы тиіс деп санаймын. Әдіс-тәсілдердің бәрін жүзеге асыру мүмкін емес. Ол үшін шығармашылық тұрғыдағы ізденіс, шыдамдылық, жүйелі жұмыс жасалуы керек. Қазіргі қоғам алдындағы қойылып отырған міндеттердің ең өзектісі – бүкіл білім жүйесін түбегейлі жаңартып, дүниежүзілік деңгейге сәйкес келетін оқыту мазмұнын жаңарту болып отырғанының куәсі болып отырмыз. Жастарға сапалы білім беруге жағдай жасайтын және олардың үйлесімді дамуына, жеке бастың тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған жаңа үлгідегі мектеп құру – педагог-ғалымдар мен тәжірибелі мұғалімдердің бірлескен жұмысының нәтижесінде қол жеткізуге болатын ізденіс қорытындысы дегім келеді.

 

Әдебиеттер:

  1. Бақзыбекова.Н. Саралап деңгейлеп оқыту технологиясы арқылы оқушылардың білім деңгейін арттыру.- А: Қазақ тілі, №4, 2007.16б.
  2. Қуанышбаева А.Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану.А: Қазақ тілі: Әдістеме. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал, №2,2004. 47 б.
  3. «Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту нысандары мен әдістері» С.Мирсеитова, 2011 жыл.
  4. Мұғалімге арналған нұсқаулық, 2018
  5. Қазақ тілі мен әдебиеті. №8 2017 ж.
  6. Т.Д. Тағаева, «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы әдістерін сабақтарда қолданудың тиімділігі», Бастауыш сынып №10. 2014, 7 бет

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *