Бала тәрбиесі — ата-ана айнасы

Aiken Turganbek

 

 


Қазір өз ата-анасынан қорлық көрген балалар туралы жиі естіп жатамыз. Анасы аяусыз ұрған немесе жаңа туылған сәбиді көшеде тастап кету. XXI ғасырда бұл мәселелер қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сыңайлы.

Қазіргі аналар бала бір бұзықтық жасаған жағдайда немесе басқа адамға деген ашу-ызасын үйінде отырған баладан алып, оны жерден алып, жерге салып жатады. Кейде көшеден баласын басынан нұқып, ұрып, ботадай боздатып жылатып келе жаткан аналарды көреміз. Кішкентай бала жанына батқан таяқтан бұрын, өтіп жатқан адамдардың көзінше анасының басынан нұқып, сүйрелегеніне намыстанғандай көрінеді. Қолда бар алтынның қадірі жоқ демекші Құдайдан бала тілеп,балаға зар болып жүрген адамдар да бар.

Бірі – Құдайдан бала тілеп зар…

Бірі баласын сүйрелеп, жылатып келеді.

Егер өз бауыр етің балаңды бойыңдағы бар мейіріммен, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, асырай алмасаңыз неліктен оны жарық дүниеге әкелдіңіз? Бала Құдайдың берген сиы емес пе?!

Жастайынан туған анасынан қорлық көрген бала өскенде не болмақ? Бұл өмірдегі ең маңызды дүниелердің бірі – бала тәрбиесі. Бала не көреді, соны жасайды. Бала ата-анасының айнасы болып табылады. Балаға қарап, оның ата-анасының қандай екенін білуге болады. Себебі балаға беріп отырған тәрбиең ол – сенің ішкі жан дүниең.

Бұл дүниеде кез келген тіршіліктің сабақтастығы бар. Қоғамда жанды тақырыптың біріне айналған ата-анасын қарттар үйіне өткізу. Оқиғаның мән-жайын білмесек, ол баланы кінәлауға дайын тұрамыз.

Бірақ түпкі мәселе неде? Бәлкім, таяқтың екінші ұшы ата-анада болар? Бала осынша қатігез болатындай не көрді? Иә, бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түсуде. «Анаң жынды болса-арқалап бақ» деген сөз бар, мұны естен шығармауымыз керек. Бірақ ата-аналар өздерін “арқалап бағатындай” дәрежеде өз ұрпағын мейіріммен өсіре бергені жөн.

Баласын бұл қоғамда ұрмайтын ата-ана өте сирек. Дегенмен баланы көпшілік көзінше ұру ол өз қарттығыңа зардабын тигізумен тең. Қарттық кезеңге жеткенде дөңгеленген дүние шіркін төңкеріліп түсетінін қазірден ойлаған жөн. Бауыр етің балаңнан бедірейген жан өсіп шықса не болмақ? Кезінде көрсеткен қаталдықты мойындатуға мәжбүр ететін уақыт бар. Кезегі келгенде есіңе бәрін түсіреді. Иманды перзент қартайған ата-анасын Құдайдан қорыққаннан тастамайды. Бірақ қарттық кезеңге келгенде балаңыз сізге мейірімін төгіп қарамаса қандай күйге түспексіз? Сондықтан ертеңгі күні бармағыңызды тістеп қалмауыңызды осы бастан ойлағаныңыз жөн. Себебі бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.

Сіз ұлыңызды немес қызыңызды тек қана өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер өсіп келеді. Отбасы ішінде болатын ұрыста, тіпті ерлі-зайыптылар бірін-бірі балағаттап жатады.

Мұның бәрін үйде отырған бала естиді және балаға тікелей әсерін тигізуі әбден мүмкін. Сонымен қатар қазіргі кезде өз әйеліне қол көтеретін ер-азаматтар туралы жиі естиміз. Және мұндай сұмдық дүниені баланың көруі әбден мүмкін. Болашақта оның дәл осылай жасамайтынына кім кепіл?

«Әкеге қарап – ұл өсер, анаға қарап – қыз өсер» деген мақал бар. Отбасында болған әр жағдай ол баланың санасында мәңгілікке қалады. Нәзік жандыларға қол көтеретін ер адамды көргенде жағаңды ұстайсың, тіпті, «ер-азамат» деуге аузың бармайды. Өз жарыңа қол көтеру ол – өз таңдауыңды жоққа шығару деген сөз! Кейбір ата-аналар кішкентай баланың көзінше,бір дастархан басында алкогольді сусындар қолданады. Менің ойымша, бұл – үлкен күнә! Себебі сіздің қасыңызда періште отыр емес пе?! Бұл жалған дүниеде ненің жақсы, ненің жаман екенін балаңызға сіз үйретпегенде кім үйретеді?

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды. Алғаш дүние есігін ашқаннан бастап,баланың нағыз қамқоршысы әке! Әке болу бар, әке бола білу бар.Бұл екеуі екі бөлек дүние. Бала бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы әке арқылы қалыптасады. Қамшының сабындай бұл қысқа өмірде жақсы ұрпақ тәрбиелеу бұл әрбір ата-ананың міндеті.Өйткені «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз».

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *