Баланың танымдық қабілеті

Башанов Аянберген Қонысбайұлы

Ақтөбе қаласы, №75 ЖББОМ

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары

Баланың танымдық қабілеті

Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі. Ойын–баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән–мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», — деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды.
Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын байқауға болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді.
Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген ойға келді. Ойын арқылы оқыту, бұл ой көптеген оқытушылар мен тәрбиешілерді қызықтырды. Грузин педагогы Ш.А.Амонашвили ойын арқылы балаларға өте қиын әлемдік танымды түсіндіре білді. Ш.А.Амонашвили өз оқушыларымен ойын ойнағанда өзін балалармен бірдей қоя отырып, олардың көңіліне, ойына, санасына пайдалы ұғымды беріп, өз ісіне сенімді болып, қиындықтарды жеңе білуге үйретті–баланың көздерінде білімге деген құштарлықты байқады. Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Берілген ойындарды қолдану іс-әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс-әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, бұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет.
Дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріледі, бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады.
Ұсынылып отырған құралда балалардың математика пәніне қызығушылығын арттыру мақсатында дидактикалық ойындар; қазақ ақын–жазушыларының санға байланысты санамақтар, жаңылтпаштар; сергіту сәттері; іс-әрекеттің конспектісі берілген, не үшін ойынды ұйымдастыру керек және тәрбиешінің алға қойған мақсатына қалай жету деген сұрақтардың негізінде құрастырылған. Ойындардың тиімділігі көп жағдайда тәрбиешінің көңіл–күйіне де байланысты болады. Әр ойынды өткізген кезде тәрбиешіге шығармашылық қажет.
Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде балалармен өткізілетін математиканың алғашқы ұғымдарын қалыптастыру іс-әрекетте ойынның мынадай түрлерін пайдалануға болады:
1) дидактикалық ойындар–логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамыту.
2) санға байланысты санамақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар–балалардың сандарды танып білуін, тілдерін жаттықтыру, есте сақтауын, ойлау қабілеттерін дамыту.
3) математикалық сергіту сәттері–кеңістікті бағдарлау, қимыл қозғалысты дамыту. Құралда дидактикалық ойындар мазмұны, ойынды ұйымдастырудың әдіс–тәсілдері көрсетілген. Олар балалардың зейінін, есте сақтауын, байқағыштығын, көзбен мөлшерлеуін, тапқырлығын дамытуға, математикалық білімдерін, икемділіктері мен дағдыларын, заттарды түсі, өлшемі, пішіні бойынша топтастыруға, салыстыруға, ажыратуға, кеңістік пен уақытты бағдарлауға үйрету. Балалардың логикалық ойлау, қабылдау, есте сақтау қабілеттерін, зейінін, қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *