Баланың жақсысы қызық,жаманы күйік

Адамның болашағы-бала. Оны тәрбиелеу, өсіру оңай емес. «Баланың жақсысы-қызық, жаманы-күйік» деп сол нәрестені тәрбиелеуде кеткен ағаттықтан болған олқылықты айтады. Біз егемендік алып, еркін өмір сүре бастағаннан бері ұрпақ тәрбиесінде қаншалықты мүмкіндіктерге қол жеткізе алдық?! Кеткен кемшіліктерді оңалту үшін нендей жұмыстар атқарумыз керек. Бұл тұрғыда ұстаздар қауымына жүктелер міндет оңай емес Қазіргі жаһандану кезеңінде баланың жақсысы-қызық, жаманы-күйік дер едім. Адам бойындағы жаман қылықтың жас күнінен қалыптасатынын білеміз. Соған әсер ете алмағанымызға қиналамыз. “Неге?”- деген сұрақ ұстаздарды ойлантады. Тегінде, біз тәртіпті, әдепті халықпыз. Сонау замандағы ата-бабаларымыздың өмір жолдарына назар аударсақ, ойың жадырайды. Өйткені, олар орнымен айтылған сөзге тұрған, тоқтаған. Сондайдан болар, сол кезде сауықтыру орны да, түрме де болған жоқ. Бірлі-жарым дау-дамайларды билер шешкен. Олардың қара қылды қақ жарған билігі орындалған. Міне, осылай сөзге түсініп, қателігін мойындау да мәрттік. Қазіргі кездегі ең бір жаман әдет сөзге де түсінбейді, қатаң жазаланса да өздерін кінәлі сезінбейтіндер арамызда көп. Меніңше, баланың әдепсіз, бұзақы болып өсуінің әртүрлі себептері бар. Оның ең бастысы-отбасындағы тәрбиеге байланысты. Іргетасы отбасында қаланған тәрбие мықты болады. Жалпы, ешқандай ата-ана баласын жаман болсын демейді. Бірақ жақсы болу үшін не істейді, қандай әдістер қолданады? Балам жақсы болса екен деп армандап қана қою аз. Білімді, тәрбиелі, мейірімді бала сіп-жетілу үшін күндіз- түні тынымсыз тер төгіп, өзі де үздіксіз жетілу үстінде болу керек. Бар махаббатыңды төгіп, көп көңіл бөліп, баптап-күтсең ғана жеміс ағашы сияқты, кейін скенде жайқалған жапырақтарын саялайсың, жемісін жейсің. «Ата-ананың міндеті-тәрбиелеу және жақсылық үйрету» деген екен бір ұлы адам. Сол жақсылықты, ізгі істерді өзі істеп, үлгі болу керек. Бала соны қайталайды. Жоғарыда айтқандай, бұзық болып өсуінің, қатыгездік, мейірімсіздік, жауыздық клеткаларын оятатын факторлар жетіп артылады екен. Бұған өзінің үлкен үлесін қосып отырған -теледидар. Мән -мағынасы жоқ, шешілмейтін мәселесі көп, аяқталмайтын сериалдар топтамасы. Кейіпкерлердің өзі де, сөзі де, дауысы да әсерсіз мультфильмдер, өш алу жолында неден болса да тайсалмайтын атыс-шабыс, қан жоса кинолар, қала берді өз әкесін, анасын балтамен шауып өлтірген бала бейнесі. Сол өлтіруді көрген, бөлшектеуді үйренген буыны бекімеген, ақыл-ойы әлі дамымаған баламыз теледидарды күнде көре берсе, көзі де, еті үйренеді. Енді бірде, сол әрекетке өзі бармасына кім кепіл? Елбасы мереке алдындағы аналармен кездесуінде; «Қазір бүкіл әлем жас ұрпақты планшетпен қарауға емес, кітаптан оқуға үйретудің маңыздылығын түсіне бастады» деп айтуы бекер емес. Мен әр жылдары өзімнен дәріс алған сыныбымдағы 15-20оқушының ешқайсысын бір-бірінен кем көрмедім. Бәрінің де мінезі жақсы, көпшілігі беске оқыды.. Оларды тәрбиелеп оқыту үшін қолдан келген барлық педагогикалық мүмкіндікті пайдаландым. Өз баламдай жақсы крдім. Ата-аналармен де таныстым, ашық пікірлесіп тұрдық. Ұлттық педагогика негіздерін жаңаша оқытып, тәрбиелеу жолдарын тауып, отыз жылға жуық уақыт ішінде мен оқытқан сынып оқушылары арасынан әртүрлі азғындық жолға түскен ешкім жоқ. Қазақ ұлтының тағдыры- баршамыздың тағдырымыз. Біздің ұлтымыз ислам дінін ұстанады. Сол ислам дініне жат іс-әрекеттер, пікірлер бізге де жат. Бүгінде қайсыбір қаланы, керек десеңіз, ауылдарды алсаңыз да өкінішке орай, сол имандылықтың адал жолынан адасқан жастар тобын креміз. Ал, тепсе темір үзетін жігіттеріміз бен он екіде бір гүлі ашылмаған қаракөз қыздарымыздың ойын-сауық орындарында, кафе-мейрамханаларда жастық өмірлерін сыра, арақ, темекіге улауы .жүрекке сызат түсіреді. Есірткіге еліткен жастар легі ауылда да қылаң береді. Тағы бір қынжылатын жайт, мектеп бітіре салысымен отбасын құрған ұлдар мен қыздар өз дәрежесінде бала тәрбиелей алады дегенге сенбеймін. Олардың бойында ұлттық салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың өзі дұрыс қалыптаспаған. Тек олар жастық сезіммен үйленудің жолы осы екен деп үйлене салады. Ол-ол ма, олар ертеңгі күнінің қалай болатынын да ойлап жатпайды. Kиелі білім, мамандық алып, өз басының күнкөрісіне талаптанса олай болмас еді. Сонда өздерінің болашағын ойластырмаған жігіт пен қыз отасып, қандай бала тәрбиелемекші. Міне, біздің арамызда осындай жастар бар. Олар да ата-ананың тәрбиесінен, ұстаз алдынан өткендер. Бірақ «Өзім білемге» салып, ешкімнің ақылын тыңдамағандар. Сөйтіп, тәрбиесіз ұл мен қыз отасып, одан туған бала әр түрлі бұзақы жолға түсіп, айналасындағылардың мазасын алып жүр. Ел болып, мемлекет болып «еңсемізді көтеріп, есімізді жинайық». Дүниежүзіндегі өркениетті отыз елдің арасында болу үшін ұлтымыздың ынтымақ, бірлікте жасап, өсіп өркендеп, саналы ұрпағымыздың көбейіп, жетіле түсуіне бәріміз де бір адамның баласындай атсалысайық, ағайын! Әйтпесе, баланың жаманы — күйік.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *