Абай дананың ағартушылық философиясы-Алаш жұртын білім революциясына жеткізген еді…

Абай дананың ағартушылық философиясы-Алаш жұртын білім революциясына жеткізген еді…
Адам құдіреттілігіне ой жете бермейтін, саналылығының, даналығының, қабілет-тілігінің шегі, теңі мен телісі жоқ, киелі де қасиетті, аса күрделі жаратылыс. Сезімтал, пайымды, болжамды. Амалы мен тәсілі мың сан. Бүгінгісін ертең қанағат тұтпайтын талғампаз, ізденімпаз, талапты, қажетін таңдай білетін, жоғын таба, барын жаңарта, жасандыра, жетілдіре беретін жаһандағы баламасыз, ішкі жан-дүниесінің тылсымды рухани күші мен сыры әлі түгел ашылып үлгерілмеген жер жүзіндегі кемел кемеңгер. Адамның дүние-өмір танымдық қуат көзі, нағыз адамдықтың негізі нәзік болмыс –ақыл, ес, ой-өріс, жад, түйсік және сезім. Мінез-саналы өмір жүйесінде нәзік болмыспен қабаттас дарыған, адамның табиғи қалпы, сыр-сипат, іс-әрекет, бет-бағдар ерекшеліктерінің психологиялық жиынтығы. Ақыл мен мінез кісіліктің парқын, парасаттылығы мен бітім-келбетін, өмірге жарасымдылығы мен қабілеттілігін анықтаушы, сондай-ақ бірін-бірі толықтырушы, жетілдіруші саналық категория.
Адам… Адам болу — қасиетті атақ. Адам болу үшін Абай атамыз айтқандай: Сүймек, сезбек, кейімек, Харекет қылмақ, жүгірмек. Ақылмен ойлап сөйлемек… Ақыл керек, ес керек, мінез керек… Ұлы дананың қай шығармасын алмайық, оның алтын қазығы – Адам. Ол нағыз Адам, Толық Адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді. Мысалы, «Атымды Адам қойған соң қайтып надан болайын», «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» — дейді. Адам дегенді Абай жеке адам емес, қауым, қоғам, тұтас ұлт пен ұлыс деп тұсінген. Ұлттың адамзат көшінде өзіне лайықты орын алып, замана талабына сай өркендеуі үшін белгілі адамдар тобының надандықтан құтылып, парасатты азамат болуы жеткіліксіз. Ұлттың өзгелермен терезесі теңелуі үшін оның ұлттық сана деңгейі көтерілуі шарт. Жалпы ұлт жетілмей, қараңғылық тұманы басып тұрғанда талаптылардың көбін сол тоғышарлық құрдымы тартып кетеді. Адаммын деп жүрген әрбір азаматқа ұлт деңгейін көтеру үшін оның көкірек көзін ашуға қызмет ет деп өсиет қалдырған. Абай қазақтың өткенін жақсы білді. Өз заманының құбылыстарын терең түсінді. Ұлттық пиғыл, әдет-ғүрыпты «құлақтан кіріп бойды алар» өлең жолдарымен өрнектеп, болашаққа жол сілтеді. Туған халқының болмыс-бітімін бейнелеп, тайға басылған таңбадай көрсете отырып, көкірек көзін ашуға бар күшін, өнерін жұмсады.
Адам бірден өркениетті болмайды, ол үшін өзіңнің табиғи ерекшелігіңмен қоса, көптеген адам өткен асулардан өтуің міндетті. Адам боламын десең, өз ақыл сезіміңді дамытып, ненің болса да өз шешімін табуға талпын. Кісі ақылы көтерерде түсірер, өз ақылың өлгеніңше жетелер. «Адам болу оңай іс емес. Тек ерік-жігері мықты адам ғана адамдықтың шыңына жете алады»-(Иоганн Вольфганг фон Гёте). Абайдағы адамгершілік мәселесі құбылыс ретінде толық адам арқылы көрініп, ең түпкі мәні махаббат пен әділет, ізгілікке дейін дамып, ұштала түседі. Абайда толық адамның мәні мен негізіне үңілген белгілі бір жүйе бар. Сол жүйені мынадай күйде көруге болады:а) толық адам: ақыл, қайрат, жүрек;ә) ақыл, жүрек;б) жәуанмәртілік: ақыл, рақым, әділет;в) жүрек: әділет, рақым, мейірім,сүю, т.б.г) әділет;д) сүю;е) ізгілік, қайырымдылық, бақыт.
Абайдың адам болу жайындағы жүйелі танымы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінен басталады.Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,Өнерсіздің қылығы өле көрмек.Шыға ойламай, шығындап қылық қылмай,Еріншек ездігінен көпке көнбек. Ақынның сөз қолданысында «Ер» сөзі көбінесе кісілікті кісі бейнесінде келеді. Ал кісілікті кісі ақын армандаған толық адам ұғымымен төркіндес. Осы бір ғана шумақта кісілікті кісінің әдемі-ақ бейнесі берілген. Әрбір сөзді ерекше електен өткізіп барып айтатын ақынның «бойды жеңбек» тіркесінің мән-жайы орта ғасырдағы шығыс ойшылдары мен ақындарында молынан сөз болған. Олардың ойынша, адам болудың жолына түскен кісі ең алдымен тәндік тілегін тежеп, жанының зиянды құмарын шектей білуі керек. Абай «бойды жеңбек» деп осыны айтып отыр. Ақын өлеңіндегі «көпке көнбек» сөзінің де тарата түсуді тілейтін төркіні бар. Ол көпті көбінесе тобыр, ақылсыз, надан кейпінде суреттейді. Керісінше, жеке адамның көш бастаушы көсемдігіне ерекше көңіл бөледі. Әл-Фараби де жеке адамның, бас әкімнің тұлғасына назарын көбірек аударып, олардың адамгершілігі мен білімділігі қоғамда қайырымдылықты жүзеге асырудың негізгі шарты деп білген. Мұндай таным Жүсіп Баласағұнда да бар. Абай — осы таныммен жете таныс ақын. Оның ойынша, әрбір адам өзін тану арқылы үнемі адамдығын жетілдіру жолында жүрмек. Ал «бар ақылы көзінде тұратын» ақымақтың тірлігі — өмір арнасында ақылсыз, ойсыз аға беру, өлгенше «көкірек көзі ашылмай» қалғып өту. Ақын өлеңдері мен қарасөздерінде таным жайын көп айтады. «Шыға ойламай, шығындап қылық қылмай» жүрген надандардан кісінің мәртебесін артық ететін де — осы таным мәселесі. Ақынның өзі айтқандай, адамда екі түрлі қуат бар: жан қуатымен ақыл таппақ та, тән қуатымен мал таппақ, еңбек етпек. Ақын екеуінің де адалдықпен болғанын қалайды. Және осы ойының жүйелі түрде қалыптасқан таным екенін кейінгі өлеңдерінде сапалы өсудегі қайталауымен дәлелдеп отырады. Абай әрбір ойы, сөзі арқылы адамды адамдыққа шақырады. Дұрыс жүруге, жақсы іс жасауға, ізгі ойларға тартады. Ақ пен қараның ара-жігін ажыратуға итермелейді. Абайдың негізгі ойы – адамды жетілдіру болған, яғни кемел адамға, толық адамға жеткізу еді. Ыстық қайрат пен нұрлы ақыл, жылы жүрек арқылы сол адамдықтың шыңына шығуға болады деп есептеген. Ақын толық адам туралы танымын өмірінің соңына дейін алып барады. 1902 жылы жазылған «Тоты құс түсті көбелек» атты мәні терең өлеңінде тағы да осы үш қасиеттің тұтастығын танығандай боламыз:Адамзатқа не керек: Сүймек, сезбек, кейімек.Харекет қылмақ, жүгірмек,Ақылмен ойлап сөйлемек. Оқырман екінші жолдан жүректі, үшінші жолдан қайратты, соңғы жолдан, өзі де айтып тұрғандай, ақылды оп-оңай аңғара алады. Адамзат үшін қажет үш қасиеттің осы шумақтағы бөлінбес бірлігін кездейсоқ құбылыс дей алмаймыз. Абай адам бойындағы барлық асыл қасиеттер мен қабілеттерді бір орталыққа біріктіріп, оларды өзі таныған үш қасиет арқылы толық адам бойына жинақтайды. Ақыл,қайрат, жүрек үшеуінің «бір кеудеден табылып,одан толық адам туатын танымы» — ұлы ақынның зор табысы.Осылай басталып,өмірінің соңына дейін жан-жақты талданған Абай дананың « Толық адам ілімінің» жетілу баспалдағын аттап көрелік.Толық адам атану үшін «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық…» (2-т., 190-б.) баспалдақтарын басып өту керек. Сондай-ақ жақсы адам дәрежесіне көтерілуге нақтылы жағдай да қажет,олар: жақсы тән саулығы, жақсы туыс, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз. Міне, жақсы адам болу үшін қажетті шарттар. Адамшылық, адам табиғатына сай болу үш ғашықтықтан туады. Бірінші, дүниені, адамның өзін жаратқан Аллаға ғашықтық. Ғылым алланың бір сипаты болғандықтан, ғылымға ғашықтық.Алланың жолы хақиқат жолы болғандықтан, хақиқатқа, растыққа ғашықтық.Ал егер мал, мақтан, қадір, сый, құрмет, алланың рақымымен, адамды өзі іздеп тапса, ол адамды бұзбайды, керісінше адамдыққа көрік береді.Бұл – жақсылықтың өлшемдері.
Абай Құнанбаевтың философиялық ойлары терең және жан-жақты. Оның шығарма-шылығындағы дүниетанымдық сұрақтар құдай мен табиғаттың, құдай мен адамның , жан мен тәннің , өлім мен өмірдің арасындағы қатынастар мәселесі болып табылады. Абайдың пікірінше, құдай әлемнің алғашқы себебі немесе түпнегізі. Құдай әлемді жаратты, сонан соң ол оның дамуына араласпайды, яғни әлем өзіндік заңдарына сүйеніп дамиды. Құдай адамды да жаратты. Бірақ ол оның күнделікті ісіне араласпайды. Адамның белсенділігін көрсете отырып, Абай құдай адамды ақылды немесе ақымақ, мейірімді немесе қатал, бай немесе кедей еткен жоқ. Бәрі адамның өзіне, оның ақылына және қоршаған ортасына байланысты.Абай дүниетанымның өзегі, күре тамыры – адам. Адам Абай үшін оның организмін, іс-әрекетінің мақсатын және үйлесімділігін, талап-тілегі мен қызығушылығын зерттегенде физиологиялық-психологиялық нысан, ал таным процесінің мәнін түсін-діргенде – философиялық нысан, жақсылық пен жамандақтың мағынасын алып, “Адам бол” этикалық қағидатын негіздеген уақытта этикалық нысан болып табылады. Таным, Абайдың пікірінше, — адам тіршілігінің маңызды мақсаты мен жанының бірден-бір қажеттілігі.Дана ойшыл бала танымының даму баспалдағын былай өрнектейді:
——Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді.Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. (жетінші қара сөз)
—— «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: Естіп, көріп,ұстап,татып ескерсе,дүниедегі жақсы,жаманды танидыдағы, сондайдан білгені,көргені көп болған білімді болады. Естілердің сөздерін естіп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескерсе,жаман дегеннен сақтанса,сонда іске жарайды,сонда адам десе болады», «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды,басында зорлықпен, яки алдаумен үйір қылу керек,үйрене келе өзі ізденгендей болғанша.Қашан бір бала ғылым,білімді махаббатпен көксерлік болса,сонда ғана оның аты адам болады».
-— Ал,Мұқтар,сен жазып ал,-деп атай сөйлеп кетті. «Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар.Әуелі көкірегі байлаулы,берік болмақ керек.Екінші-сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратләну керек, көңілденіп,тұшынып,ынтамен ұғу керек . Үшінші-сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып, ойланып, көңілге бекіту керек.Төртінші-кеселді ойлардан қашық болу керек…» Атай бұл сөздердің сырын, мағынасын қайта-қайта түсіндірді.Кейін маған «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды» деп басталатын қара-сөзін берді.Аз-кем бой жазып,демалған соң Абай қарасөзін жаттауға кірістік.(Ахмет Әуезов)
-—Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы өзінің он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – деп, адамды өз-өзінен есеп алуға шақырады.
-—…ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын! ( отыз екінші қара сөз)
-—Ол өзінің терең философиялық толғамдарға толы «Қара сөздерінде» де ілім-білімнің өмірдегі мән-маңызы туралы ой тербейді. Мысалы, «Ғылымды үйренгенде, ақиқатты білу мақсатымен үйрену керек, біліміңді біреумен керісіп, біреуді күндеу үшін пайдаланба. Білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттен… Адамның білім-ғылымды көбейтуге екі қаруы бар, бірінші – ойласу, пікір алысу, екінші – барлық күшті жұмсау, алған білімін сақтау, қорғау» (32-сөз), деген.
-—«Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі…! «Қайрат пен ақыл жол табар,Қашқанға да, қуғанға.Әділет, шафқат кімде бар,Сол жарасар туғанға, – деп,толғаған Абай адамшылықтың төрт негізін 38-қарасөзінде: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері тұғралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын» деп, кейінгі ұрпаққа сөз арнайды. Арнау сөзін адамзатқа берілетін ең ұлық қасиет – махаббат сезімін түсіндіруден бастайды. Алланы сүю, сол арқылы бүкіл адамзатты, тіршілікті жақсы көру, білмекке құштарлық, ғылымға ден қою, ғылымды мақтан, дүние үшін үйренуден аулақ болу, адамды бұзатын жаман әдеттерден сақтану, шын мұсылман болудың жолдары туралы сыр төгеді.
Ұлттың дана ұстазының педагогикалық,психологиялық,дидактикалық тұжырымдарының тереңдігін,ұлағаттыдығын осы жеті үзіндіден ақ толық аңғаруға ,ұғынуға болады.
Абай адам болам деген әрбір талантты жастың бойында адамшылықтың қандай нәрі, ізгілікті сипаттары басым болу керектігін алғаш рет «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде саралап берді.Бес нәрседен қашық бол,Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз,-деп,толық адам немесе инсанияттың кәмелаттығы туралы тезис жазған-ұстаз. Абай дана,қазақтың педагогика тарихында алғаш рет тәрбие оқулығын жазып қалдырған. Оның ерекшелігі:-жасқа да,жасамысқа да,қарттарға да қажет бәріне ортақ-оқулық. Абай адамгершілік, әдептік нормалары жайында көптеген пікірлер қалдырды,оны жинақтап айтсақ:Оның бірінші қоятын талабы — мораль жағынан ұстамды, таза болу, сыпайы мінезді, жақсы құлықты, әділетшіл, шыншыл болу. Әдепсіз, арсыз, байлаусыз, сұрамсақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді сияқты жаман мінездер мен әдеттерден, жарамсыз қылықтардан сақтанып, өзін одан жоғары санап, ондай қылықтарды бойына лайықсыз көрсе ғана,адам парасатты болады . Абайдың қоятын екінші талабы — тұрақтылық, «Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегеніне тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын» дейді.Үшінші талабы – әділетшілдік. Әлеуметтік міндеті — дүниені белсене құрушы адамның бірі болып, халқы, Отаны үшін қызмет істеуі.Ақын мейірімділік қасиетке терең мән береді (төртінші қара сөзі).Абай атамыздың «Балаға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Солардың ішінде, бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек жұғады…»-деген.
Даналық — адамгершілікті танудағы, табудағы, табыстырудағы құбылыс, қасиет, құрал. Даналықтың тәні «талап, еңбек, терең ой, ар-намыс, ынсап, сабыр ғой», жаны — туралық пен әділетте, сезімі — рух, ыстық жүрек, өң-шырайда, тегі — ынсап пен рахаттану да, адалдық үшін күресте. Соңдықтан Абай адамтану тағлымы, біріншіден, тән, жан, сезім, тектілік үйлесімділігінде, екіншіден, шындық пен адамгершіліктен үйрене білуде және осы құнды мұраны әр дәуірде жетілдіретін, әрбір адамға жеткізетін өтімді іс-әрекетте, үшіншіден, халықты алауыздықтан, алалаудан, ал адамды шектеуден сақтауда — дейді. Оның жетілу жолдары: көп нәрсені есітіп білу, көкейтесті мәселені көңілде түюге дайындық және соны үйрете алу, үлкен үміт , есеппен адамдық құндылықты, халықтық мұраны бағалай білу, оларды жөн-жобасымен қолдандыратын бағыт пен дәстүрден ауытқымау; шығармашылық ізденіс пен істің қайтарымында адам үдесі мен халық үмітін ақтау. Адамтану — есі барлық жанға олжа, басқа сая, ер қорғаны, сонымен қатар теңсіздіктің тетігі мен түбірін табу. Одан «ары бар, ұяты бар, ақылы бар» демекші, әркімнің өзі іздеген құндылық табылар. Өйткені адам «дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайық», өзін ақыл-парасат, иман-ғибадат арқылы тануды және солардың пайдасын көрерлік сәт мүмкіндікті іздестіреді (27-28-сөз)
«Адамшылықтың алды – махаббат, әділет, сезім». Абайда бұл үшеуі бірлікте, олар жеке-жеке күйінде жарамсыз. «Әділет ізгіліктің анасы», «Кімде әділет жоқ болса, оның ұяты да жоқ». Ал, ұят жоқ жерде, туыстық, бауырмалдыққа, махаббатқа орын жоқ. Себебі – ұят жоқтық барша адамгершілік қарыздарлық нормаларына сенімді жоғалтады: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ»Адамды ұят келтіретін барша жөнсіз істерден сырт ұстайтын, оған жібермейтін күш адамның бойындағы ұстамдылық. Бұл болмаса, ақыл қанша сезініп тұрғанымен, адам баласы ұят келтіретін қылықтан құр болмайды. Әріпте, ұятты сезінуге ақыл керек, егер ақылдың көзін қайратсыздық, әділетсіздік, жігерсіздік, байлаусыздық бүркесе, ақылды кісінің де адамшылдығы бұзылады.Сол үшін де Абай: «Адам баласының көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып, Ақылдылық. аларлық жүректе жігер, қайрат байлаулықтың жоқтығынап азады», — дейді.Ұят, ұяттық-арлы мінез. Адамның ойына, бойына, болмысына лайықсыз, адамгершілікке жат, ар-ождан нормаларына сыйымсыз, әдеп тінін сөккен зымияндықтан бұрқанған, сыртқа теппей, ішкі жан-жүйе ұшынатын нәзік сезімнің күйзелісі. Ұлы ойшыл Абай ұятқа екі түрлі мән берген.“Надандық ұят,-деген ғұлама,-жас баланың сөз айтуға ұялатыны сияқты ақылы қысқа, өрісі тар, ойы таяз жанның ұялмайтын нәрсеге ұялуы. Шын ұят-абыройға, шариғатқа теріс,ақылға сыйымсыз сөлекет қылықтан ұялу.Бұл тек есті адамға тән қасиет. Ал біріншісі өзі істеген қатеден, нәпсіге еріп қылған қылығынан ұялу…»
Абай әр уақытта қазақтың білімге, ілімге, ғылымға терең бой ұрса, әлемді танытатындай қоғамдағы белді мүшесі болса деген ойларды айтады.Әр адам еңбекпен ғана өседі. Еңбек – Абай әлеміндегі ең негізгі ұғымдардың бірі. «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» деген өлеңінде ол:«Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей,Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?» – дей келе, тағы бір жолдарында:«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел.Малың болса, сыйламай тұра алмас ел…Есек көтін жусаң да, мал тауып кел, Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас…» – деп барлық адамды еңбек қылуға шақырады . Оның шығармаларынан «әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық» немесе «тәуекелсіз, талапсыз мал таба алмаса, еңбек қылмас еріншек адам болмас» деген секілді адамды іске шақыратын жолдарды көптеп кездестіреміз. «Болмағын кекшіл,Болсайшы көпшіл,Жан аямай кәсіп қыл!Орынсыз ыржың,Болымсыз қылжаң,Бола ма дәулет, кәсіп бұл» – дейді. «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей». «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,Әуре етеді ішіне қулық сақтап,Өзіңе сен өзіңді алып шығар,Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деп Абай еңбек пен ақылды қатар алып жүру арқылы бос мақтандарға елірмей, әрмен қарай еңбектене түс дегенді айтқан. Зерттеуші, абайтанушы М.Мырзахметов «Қазақ әдебиетіндегі сопылық таным» (Алматы, 2012) деген еңбегінде : « Абайдың 38-қарасөзінде қолданылған жәуанмәртлік (парсы тілінен аударғанда «жомарт жігіт») ұғымына талдау жасай келіп, Абайдың толық адам немесе «ал-инсан ал-кәмил» танымының төрт негізі ақыл, әділет, қайрат, қанағат ақынның бүкіл шығармашылығының түп қазығы екендігін айтады. Зерттеушінің пайымдауынша, Абай өзіне дейінгі түркі ғұламаларының – Әл-Фарабидің, Жүсіп Баласағұнидың, Ясауидің, Румидің кемел адам жайлы ой-тұжырымдарынан хабардар болып, сол жолда ізденген, «толық адам» ілімінің негізін жасап, оны жеке адамды түзеуге, сол арқылы қоғамды, адамзатты дұрыс жолға салуға пайдаланған». Абай атамыз жасаған «Толық адам ілім негіздерін» оның ізбасарлары,шәкірттері жан-жақты дамытты.Айталық, оны Қ.Шәкерім «Ар ілімімен» байытса,Мәшһүр Жүсіп «Түгел адам» -деп қарастырады.ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Абай атамыздың ағартушылық философиясы дамудың жаңа жолына түсіп,ерекше тәрбиелеу ілімі болып қалыптасуға бағыт алып, жаңа белеске көтерілді.Осының нәтижесінде Алаш мемлекетінде білім революциясы орын алды.Ол революцияның етек алып кең жайылуына,сәтті жүзеге асуына алаш зиялылары ерекше белсенділік танытты. ХХ ғасыр -Дана Мұхтар сауат ашу оқулығынан бастаса, Ұлт ұстазы Б.Ахмет Тілтану ғылымының пән оқулығын жасауға дейін кең көлемде ғылым-білім беру,мектеп ашу таңғажайып тамаша өріс алған дәуір болды..Бұл революциядан шет қалған,саясаткер, қайраткер,ақын,жазушы, ұстаз оқытушы болған жоқ.Олар абыройлы міндеттерін Абай дана іліміне сүйеніп атқарды.Сондықтан, олар өз ойларын қосып Абай ілімін үнемі дамытып отырды. М.Шоқай «толық адамды төрт жағы түгел кісі»-деген. Нақтыласақ:»Баланы тәрбие қылу — тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз,…қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару.» М.Жұмабаев: «Көркем денелі, түзу ойлайтын, дәл пішетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынарлық болса, баланың дұрыс тәрбие алып шын адам болғандығы» деді. Ал, Жүсіпбек: «Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды. Алса да, халықтың көкейіне көпке дейін қонбайды. Ендеше, өзіміздің бар дәулетті жарыққа шығарып, іске жаратуға талпыну керек». «Білімді орнына жұмсайтын не? Ол -тәрбие». Сонымен, білімнің адамзат игілігіне жұмсалуы, жұмсалмауы тәрбиеге байланысты екен. Тәрбиесіз білімді адам сол білімін адамзаттың игілігіне де, сорына да оңды-солды жұмсай беруі мүмкін. Тәрбиелі адам, яғни иманды адам, толық адам ондайға бармақ емес, ол білімін өз орнына, игілікке, адамзаттың гүлденуіне жұмсайды…»-деген.Бүгінгі таңда,біз Абайдың «жетілген толық адам ілімін» жан-жақты зерделей отырып,оның түпнұсқалық мәнін түсіне отырып,ХХІ ғасырдың екінші ширегінде Егемен Қазақстан Республикасында, білім-ғылым-техникалық революсиясын жасауымыз қажет.Ұрпақ тәрбиелеу,білім беру кәзіргі хәліміз тым төмендеп кеткендіктен бұл істі сөз бұйдаға салып,нәтижелі нәтижесіз шолақ бағдармалар мен түрлі түсті реформа жасап,отыра беруге болмайтындығын уақыт өзі көрсетіп отыр.
Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы) 6 ақпан 2020

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *