Торғай даласының батыры Сары Қошқар Дауұлы

Жұматай Б.Ә – А.Байтұрсынов ат. Қостанай мемлекеттік университетінің гуманитарлық-әлеуметтік факультеті,  филология мамандығының 2 курс магитранты

Басын Ұлытаудан алып, батысқа қарай қыздың бұ­рымындай өріле аққан Торғай өзенінің бір саласы… Ұлы ағар­тушы Ыбырай атамыздың «Қып­шақ Сейітқұл» әңгімесінде «Қып­­шақ Сейітқұл отыз үйлі тобырымен көп жерлерді кезіп жүріп, ақырында Торғай төре­сін­дегі Қабырға деген өзен-судың бойына тоқтады», деп жазғаны бар. Демек, Қабырға деген жер­дің ептеп болса да көпшілікке мәлім екені аян. Сол Қабырға бойын қоныс еткен, Торғай жұрты аузы дуалы әулие деп дәріптейтін көреген Сары Қошқар батыр.
         Елге қорған, жерге ие болған халық қаһарманы, 1837-47 жылдары Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылдығына қарсы ұлт – азаттық көтерілісіне қатысқан. Арғы тегі Орта жүз ұзын Қыпшақтың Алтыс тармағына жататын Сары (Өтетілеу) атасынан бастау алады. Ағайындас Иман батырмен бірге елге қайрат, дұшпанға айбат болған. Екі батырдың әзілі жарасқан достығы, ынтымақ – бірлігі жайлы  ел аузында көп әңгіме сақталған.  Қошқар батыр ерге тән ерен қимылмен қатар қара қылды қақ жарған әділдігімен, ашық қол жомарттығымен, айтар сөзге шешен, қиын сәтте жол тапқыр көсемдігімен де жұртына үлгі – өнеге көрсете білген, дуалы ауыз көріпкелдігі бар әруақты кісі, сонымен қатар бала мінез, аңқау, ақкөңіл адам болған. Негізі Қошқар батырдың көріпкелдігі әлдеқайдай болжам жасайтын сәуегейлік емес, ел ішінде, көрші жұрттар арасында бел ала бастаған әлеуметтік, әкімшілік, саяси жағдайларды бақылап, салыстыра аужайлаған, ақылға сүйенген, байыпты жорамалдан туындаса керек. Арқадан ойысып, Ұлы жүз, Қырғыз жерлеріне  беттегенде «ханның бұл сапарда жолы болмайды» деп Кенесары қолына ермей қалған. Қимас досы Иман батыр да бұл жорықтан бас тартуға үгіттеген. Қошқар батырдың бұл жорамалы кейін  тарихта дәлелденді. Ресей мемлекетінің қазақ жерін отарлау  саясаты басталған тұста атқа мінген Қошқар батрыдың қарамағындағы ел-жұрттын  шегара басқармасының озбырлықтарынан, Хиуа, Бұхар, Қоқан хандықтарының таусылмайтын ірілі- ұсақты шапқыншылықтарынан, көршіліес ру – тайпалардың барымта-қарым қатынасынан  қорғауына тура келген.

Сары Қошқар батырдың жеті атасы:

Орынбасар Тұрашұлының «Бәйтерек бұтақтары» шежіре кітаптан алдым. Ізденуім бойынша, өкінішке орай, 5 атасын ғана тізіп жаздым.

Орта жүз ұзын Қыпшақтың Алтыс тармағынан — Келдібек – Қозыке — Өтетілеу (Сары атанып еткен) —  Дау – Қошқар.

Қозыкеден  тараған Өтетілеу, Ақпан, Құлшық үшеуі де Өтетілеудің  қарамағында Сары деген руға біріккен. Өтетілеудің Сары атануына байланысты ел аузында мынадай әңгіме сақталған:

Ертеде Абылай ханның заманында қазақтардың қалмақпен бір соғысында 2-3 күн бойы қазақтар қалмақтың шебін  бұза алмапты. Бір күні қазақтар қалмақтың шебін бұзып, ұрандап соғыс ашып, қалмақты тас-талқан етіп жеңіпті. Қалмақтың бірсыпырасы қырылып, қалғандары қашып құтылыпты. Хан әрбір соғыстан кейін халқын жинап, ұрыс қимылдарына талдау жасап отырады екен.  Осы соғысты талдау үстінде қалмақтың шебін бірінші бұзған кім? – деп сұраған екен. Ешкім айта алмапты. Сонда көптің ішінен біреу : «Шепті бұзған кісіні мен көрдім бірақ атын білмеймін, тек түсін танимын» — депті. «Түсі қандай адам еді»-деп сұрапты. Сонда ол: «астында көкбесті аты бар, ұзын бойлы сары кісі»-депті. Ендеше сол кісіні тауып әкеліңдер деп тапсырма береді. Іздеп жүріп манағы – Өтетілеуді тауып, ханға алып келеді. Хан әбден сөйлесіп болғаннан кейін Өтетілеуге «Жарайсың Сарым» деп ризашылығын білдірген екен. Сол күннен бастап Өтетілеу Сары атанып кетеді. Кейін оның атындағы ру да Сары болып аталып кеткен.

Батыр өмір сүрген жылдар.

Тарих қойнауында ақиқаты айқындалмаған дүния көп. Қошқар батыр жайын жазған адам саусақпен санарлық. Аз болсада бәлкім болжам, бәлкім нақты дерек, батырдың өмір сүрген жылдарындағы айырмашылықтар жайын тіздім. «Қостанай таңы» газетінің  11.11.2014 жылы Әділ Төре «Қабырға бойы қалың ел еді» атты мақалада: — Кенесары хан заманында өмір сүрген. 1795 жылы туып, 1874 жылы өзінің «Қоңыр» түбегінде дүниеден озған, — деп жазылған. Ал мына мәлімет «Торғай елі» энциклопедиясында жазылған. Қошқар батыр Дауұлы 1780жылы — Қайдауыл болысы Қабырға өзенінің бойында дүниеге келген, шамамен 1867 жылы Қошқардың Қоңыр түбегіндегі Қабырға ауылында дүние салған.  «Торғай таңы» газетінің 1993 жылы 29 шілдеде жарияланған «Сары Қошқар батыр туралы сөз» деген мақалада  Данабике Байқадамованың зерттеуіне сүйеніп жазылған тағы бір мән бере үңілетін мәселе құлағы қылтиды.  Газетте 1993 жылы батырдың 200 жылдығының ас беруінен кейін жазылса, Қошқар батыр 1793 жылы дүниеге келген. Сонда батырдың дүниеге келген жылының 3 түрлі топшылауы болғаны ма?  Әлде оны әр зерттеуші өзінше бұрмалаған ба? «Бәйтерек бұтақтары» шежіре кітапта батыр жайындағы аңыз- әңгіме берілген. Ал «Торғай таңы» газетінде сол аңыз- әңгіменің кейбірі жоққа шығарылған. Іздеп- теріп жинаған материалдар бойынша батырды Кенесарымен Қырғыз еліне жорықтан бас тартуы қартайған шағы деп айтылса, енді бірде оның болжағыш, дуалы ауыз кісі болғасын деп көрсетілген. Ал нақты айтатын болсақ Кенесары батырдың Қырғызға жорығы 1846жылы басталған. Ал біздегі 3 түрі батырдың туылған жылын алып есептесек батырдың жасы 51, 66, 53 жастарда болады. Бұл батырдың нағыз сол көтеріліске қатысар шағы болар еді.  Жалпы бұл бұрмалау мен шатасулар сол кездегі жағдайларды қағазға түсірмегеннен болар. Қазақ тарихы көп жағдайда жазылмай тек аңыз ретінде ел аузында тараған. Жеткізушісі көп болғасын да өзгерістерге ұшырауы қалыпты жағдай. Батрыдың ер тұлғасы да беймәлім. Дегенмен ел аузында жүрген әңгімелер батыр жайында Торғай өңіріне ұмыттырмайды. Амангелді селосында тұратын 88-дегі Шоқанай (руы) Баязи қарттың әңгімесі:

                     Мен Қошқар батырдың қызын көріп, әңгімесін тыңдаған адаммын, — деді Баязи қарт. – Онда 7-8 жасар кезім болатын. Шешеміздің сол кездің өзінде 100-ге тақаған шағы екен. Әлі тың, сөзге сайрап тұр. Әкесімен қатты әзілдесіп, сөз жарастырады екен. Сонысын айтып отырды. Бір кереметі шешеміз үйге тірек болардай зор, түксиген қалың қабақты, көзі өткір, келбеті келіскен кісі екен.  Ол кісінің есімі есімде қалмады, бірақ айтқан сөзі жадымда. «Мен әкемнің аузынан түсе қалғандаймын» — деген екен.

        

Мұражайдағы батыр сауыты.

Бұрынғы жаугершілік уақытта қарсыласыңнан басым түсу үшін бес қаруыңның сай болуымен бірге, денеңді дұшпаныңның қаруынан қорғайтын сауытыңның болуыда маңызды еді. Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында 2 сауыт бар. 1985 – 1991 жылдары жүргізілген реэкспозиция кезінде 1200 рубльге сатып алынған қыпшақ жауынгерінің сауыты қазір 1 – ші залда тұр. Мұражайдағы екінші сауыт – кіреуке сауыт. «Кіреуке» атақты Сары Қошқар батырдікі.  Алғашында батыр ұрпақтары сауытты Амангелді мемориалдық музейіне тапсырған. Сол жерден 1973 жылы Арқалық мұражайына өткен. Тапсырған Амангелді мемориалдық музейінің директоры Жаңбыршы Жаңғабылов болса, қабылдаған Арқалық мұражайының ғылыми қызметкері Шәрбану Айтымбетова (№133 акт. ТК 1113). Сауыттың тарихы жазылған актіде қателік жіберілген. Онда сауыт иесі Сары Қошқар батырды қазақ – жоңғар соғысының қатысушысы деп көрсеткен. Шын мәнінде Қошқар Дауұлы  Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт – азаттық қөтеріліс сардарларының бірі. Қара қылды қақ жарған әділ, қолы ашық жомарт, сөзге шешен, елге көсем болған тұлға. («Торғай елі» энциклопедиясы. «Арыс». Алматы 2013).

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.    Қазақ Ұлттық энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. — Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011.

2.    Орынбасар Тұрашұлы «Бәйтерек бұтақтары» Қыпшақ шежіресі, І кітап. 2005ж. 203-2013б.

3.     «Егемен Қазақстан» газет, 2013ж 9 ақпан А. Есенжолов «Бұзылмасын ұямыз»

4.    «Торғай елі» энциклопедиясы/ Бас ред. Таңатқан Рсаев – «Арыс»-Алматы 2013ж. 266бет.

5.    «Қостанай таңы» газет, 11.11.2014 ж. Әділ Төре «Қабырға бойы қалың ел еді»

6.    «Торғай таңы» газет, 1993 ж 29 шілде, Төлеген Сейдахметов «Сары Қошқар батыр туралы сөз»

7.    «Торғай таңы» газет, Қ. Әмірхамзин «Сары Қошқар батыр әңгімелері», «Қара тәйпен бидің әңгімелері».

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *