БІР ОТБАСЫ ТАРИХЫНДАҒЫ АЛАШ РУХЫ

Бүгінгі сан түрлі ақпараттардың легінде құндылықтарды ұмытпау, ұлттық бірегейлікті жоғалтпау мәселелері күн тәртібінде тұр. Қазіргі жастар кімге еліктейді деген сұрақ әр адамның басында еріксіз туады, балалар блогерлерді тыңдайды ма, әлде қазақ идеологиясын қалыптастырушы, ел ертеңі үшін жан берген тұлғалардың сөздеріне құлақ аса ма? Расында ғаламтор желісінде барлық ақпараттарды сүзгіден өткізу мүмкін емес. Бірақ, біз тарихты қайта жаңғырту арқылы өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие бере аламыз. Қазақ мәдениетінің қалыптсастырушылардың бірі, Алашорда қайраткері, тәлімгер, ұстаз және де жомарт меценат — Мұхамедхан Сейітқұловтың дүниеге келгеніне биыл 150 жыл.

Біздің жүргізген зерттеу жұмысымыздың мақсаты — Мұхамедхан Сейітқұловты қазақ зиялыларының демеушісі ретінде, ұлы Қайымды көркем әдебиеттің жарық жұлдызы, абайтанушы тұрғысынан талдау, Мұхамедханның Алаш қайраткерлерімен жасаған еңбектерін зерттеу, зиялы қауымның өздеріне қатысты жүргізілген кеңес саясатының ықпалын ашу. Осы айтылған мақсатқа жету үшін төмендегі міндеттер қойылды:

  • Мұхамедхан Сейітқұловтың алашордалықтармен бірігіп жасаған жұмыстарын жан-жақты талдай отыра, олардың қайшылыққа толы еңбек жолдарын объективті негізде зерттеу;
  • Қайымның тұлға ретінде қалыптасыундағы әке тәрбиесінің рөлін анықтау;
  • сол замандағы ұлт жанашырлары Мұхамедхан мен баласы Қайымның қоғамдық-саяси және мәдени өмірін көрсету.

Зерттеу жұмысының әдістемелік негізін объективтілік, тарихилық, жүйелілік секілді принциптер құрайды. Сондай-ақ зерттеудің негізгі әдісі ретінде тарихи-салыстырмалы, жинақтау және қорыту әдістері қолданылды. Мұнымен қоса фактіге сүйене отырып, белгілі бір себеп-салдарлық байланыстардан шығатын тарихи оқиғалар қарастырылды.

Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамған саясатының құрбаны — Мұхамедханнан ешбір заттай дерек қалмаса да, ұлы Қайым қазақ еліне мәңгілікке мұра болып қалды. Біз Қайымды абайтанушы, жазушы ретінде білеміз. Ал, әкесі Мұхамедхан жайлы бізге не белгілі?

Мұхамедхан Сейітқұлов — өз заманының ауқатты адамдарының бірі болған. Ол ұлт мүддесі үшін жасалатын әр қозғалысқа қаржылай да моральді түрде де демеу беріп отырған. Сонымен қатар, ел жадында қонақжай, мәрт адам бейнесінде сақталған.

Мұхамедханның шаңырағы нағыз мәдениет ошағы болған, мәселен әр қазақ баласына белгілі «Еңлік — Кебек», «Ел ағасы», «Бәйбіше-тоқал» пьесаларының дайындығы осы жерде өткізілген. Сол кезде Мұхтар Әуезов те бала Қайымның әдебиетке деген ынтасын көреді, осылайша болашақ абайтанушының қалыптасуына жол салынады.[1:440]

Қазақ жерінде шыққан кітап, газет-журналдары мен әлемдік классиктерінің шығармаларымен үнемі толықтырылып отырылатын жеке кітапхана адамдарды қызықтырып, белгілі тұлғаларды ғана емес, жас оқырмандарды да өзіне тартып отырған. Алашордалықтар да осы шаңыраққа жиі ат басын бұрған. Бұл жерде жаңа идеялар туындаған. Осындай атмосфера Қайымның өшпес рухты, ұлтжанды болып тәрбиеленуіне тікелей әсер еткен.

Кеңестердің сұрапыл саясаты бұл отбасыны да көп күттірмеді. Жомарт меценат, «Ахмет Риза» мешітінің имамы, әрі ұлт жанашыры назарға ілігеді. Жоғарыда айтылған себептермен 1921 жылы Сейітқұловтардың мүлкі тәркіленіп, тек екі бөлмесін қалдырған болатын. Арада жеті жыл өткеннен кейін Мұхаммедхан Сейітқұловты қамауға алып, қалған мүлкін тартып алған болатын. Сол жылы Қайым бастауыш мектепті бітіріп, Тұрлыхан Қасеновтың басшылығымен ашылған жеті жылдық мектепке орналасады. Осы жерде Қайым әкесінен кейін өзіне тәлімгерлік еткен сүйікті ұстазын кезіктіреді. Ол — Тұрлыхан Қасенов болатын. Олар уақытқа қарамай домбыра тартып, Абайдың өлеңдерін жарыса оқитын. [2:10]

Мектеп бітіргеннен кейін Қайым екі жылдық мұғалімдер курсына түсті. Отбасына көмек беру үшін жұмыс талғамай, кездескен мүмкіндіктің бәрін пайдалануға тырысты.

Заман қандай ауыр болса да қазақтың ұлтжанды ұлдарының жандарын аман алып қалу үшін елін тастамады.

1937 жылы 24 қарашада қаруланған адамдар үйлеріне басып кіріп, Мұхамедхан мен ұлын алып кетеді. Ертесінде Қайымды босатқанымен, әкесі өлім жазасына кесіледі. Қарашаның сол бір ызғарлы түні Мұхаммедхан тұңғыш немересін соңғы рет бесікке бөлегенін білген жоқ. [3:15]

Бүгінде Мұхамедханның қай жерде жерленгені беймәлім. Бірақ болашақ қоғам қайраткерінің сынағы осымен аяқталған жоқ. Қайым халық жауының баласы деген үкіммен ұстаз болып бала тәрбиелеуден шеттетілді, тек қара жұмыс жасауға мәжбүр болды. Жасынан қазақ зиялыларының тәрбиесін алған азаматтың рухын ештеңе сындыра алмады.

1930 жылдың соңында Мұхтар Омарханұлы шәкіртіне Абай мұражайының негізін қалауды сеніп тапсырған. Осы мақсатпен Қайым алыс- жақын ауылдарды аралап деректер жинақтаған. Он жылдың ішінде бес жүзге жуық экспонат тапқан.

1947 жылы Қаныш Сатпаев мұражай директоры қызметіне Қайымды тағайындау туралы бұйрық шығарған.

Қайым педагогикалық институтының филология факультетіне түскенде бала күнгі досы, әрі ағасы — Мұхтар Омарханұлының жетекшілігімен 1939-1951 жылдары «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында шығармашылығын ғылыми деңгейде зерттей бастайды. Абай оқушыларының мектебі — қазақ әдебиетіндегі жалғыз мектеп. Ол Абайдың отыздан аса оқушыларын анықтап, олардың өмірбаянын жазған. Абайдың көз көргендерімен және оқушыларымен жүргізген жұмыс ауыз әдебиетіндегі жойылған мәтіндерді толықтырды. [2:10]

1940 жылы Қайымның зерттеу жұмыстары ғылыми айналымға енгізілді, қазір де жоғары оқу орындарында қолданылады. [1:441]

1943 жылы Мұхтар Әуезов Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Әнұранын жазуға конкурс жарияланған жиналысқа шәкірті Қайымды алып барған. Арада екі жыл өткеннен кейін Қайымды Алматыға шақыртып, оның жазған мәтіні қабылданғанын және  Ғабит Мүсірепов пен Әбділда Тәжібаев бірлескен авторлықта бекітілгенін хабарлайды. Осылай 27 жасар Қайым әнұран авторы ретінде танылады. [4]

Зерттеу барысында Мұхамедхан Сейітқұлов ұлын Алаш рухында тәрбиелегенін және сол заманның зиялы қауым өкілдері атын қайта жаңғыртуға салмақты үлес қосқаны жайлы анықталды. Алашордалықтардың жазбаларын араб қаріпінен латын графикасына аударған. Оларға пікір жазып, еңбектерін жариялауға дайындаған. Сонымен қатар, «Алаш» партиясының мүшелерін фотосуретте көрсеткен. Қайымның зерттеулерінен біз кеңестердің жоюға тырысқан шығармаларымен таныс болдық. Қазір бұл суреттер мен құжаттар барлық жерде қолданылады. Алашордалықтар туралы бірінші мақала 1980 жылы «Семей таңы» газетінде шыққан. Қазақ идеологоның тұлға ретінде қалыптасуындағы әкесі мен оның достарының тәрбиесін атап өтпеуге болмайды. Қайым Мұхамедханов жасаған еңбегін «бұл менің алашордалықтар алдындағы борышым» деп білген.

Сонымен, ұлт мүддесіне қызмет жасайтын азаматтарды тәрбиелеу үшін ең алдымен өзiмiздiң ұлт зиялыларының осы мәселе тұрғысындағы тұжырымдарына сүйенуiмiз шарт, одан кейін әкенің үлгісі мен жақсы орта керек. Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханұлы «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзімен аяқтаймыз.

 

Авторы:Серикова С.Д.

Жетекшісі: Қамза А.Ә.

тарих пәнінің мұғалімі

Ю.Н.Павлов атындағы № 35 ЖББОМ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы. – Алматы : Атамұра, 2011. – Сейітқұлов М. Б. 440-441.
  2. Мухамедхан Д. «Счастье быть свободным, говорить правду и не бояться ничего // Казахстанская правда. – 2014. – 31 мамыр. – Б.10
  3. Белякина, А. Безжалостная расправа : об алашордынце, меценате М. Сейткулове] / А. Белякина // Караван. — 2013. — 7 шілде.- Б.15
  4. Қайым МҰХАМЕДХАНОВ: «Алаш арыстары аңсаған асыл арманыңыз осы» [Электрондық ресурс]: [Сейітқұлов М. туралы] // old.abai.kz: сайт. – Режим доступа: http://old.abai.kz/node/13249

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *