«Балалық шақ мейрамы»

 Өзiн-өзi тану сабағының жоспары

 

Мектеп:        Ұзынкөл ЖОББМ

Мерзiм:        № 33 сабақ

Тақырып:   «Балалық шақ мейрамы»

Құндылық:   қиянат жасамау

Қасиеттер:   адамгершілік, ақниеттілік, ақжарқындық

Мұғалiм:     Мурзакаева Н.Б.

Сынып:  3а

 

Сабақ мақсаты:

Оқушыларға адам өмірінің ерекшелігін ұғындыру арқылы қиянат жасамау құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері:

-Оқушыларға балалық шақтың арман – мұраттары туралы білім бере отырып, ақниеттілік қасиетіне түсінік беру;

— Бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруге үйрету арқылы ақжүректілік қасиетіне баулу;

— Оқушыларды ақжарқындыққа тәрбиелеу;

Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер)
Сабақ барысы:

Ұйымдастыру кезеңi.

Оқушылармен амандасып, «Өзін- өзі тану» сабағының ережесін  «5-Т» қайталату.

Оқушылардың оқу құралдарын «5 затты» тексеріп, ұпайларын түгендейміз.

Тыныштық сәті             

Нұрға бөлену

Баяу әуен тыңдай отырып жасау. «Күннің нұры»
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ — қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек — қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте — бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан — жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз.

Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан — жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын…

Ғаламның барлық түпкір — түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».
— Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…
— Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
— Жаймен көзіңізді ашуға болады.
— Рахмет.

 

Үй тапсырмасын тексеру

Әдібай Табылдының  «Бақыт деген немене» өлеңі

Сұрақтар:

— Бақыт дегенді қалай түсінесіңдер?

— Адам не үшін еңбек етеді? Арманға қалай жетуге болады?

— Сендердің мақсаттарың қандай?

Сабақ барысын талдау
Дәйексөз.

«Азат елдің аспаны ашық»

—          Дәйексөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?

Әңгiмелеу (мұғалімнің сыйы)

Кәрі сиқыршы(Моңғол ертегісі)

Баяғы өткен заманда кәрі сиқыршы өмір сүріпті. Бір күні оны хан шақыртыпты. Ол хан өмірінде еш қиындық көрмеген, сондықтан да өте қатал болатын.
Сиқыршы ханға келеді, ал ол:
— Мен сені ұлы сиқыршы деп естідім. Қанекей, өз өнеріңді көрсет! – деді.
— Хан ием нені көруді қалайды екен?
— Бәрібір! – деп тағатсыздана жауап қатты хан.
— Жақсы. Шыныға ыстық шай құй, оны осында қой да, өзің есіктің сыртына шық.

Хан оның айтқанының барлығын жасап, сыртқа шыққанда әдемі жылқыны көреді. Жылқы ханға қатты ұнайды. Ол атқа мініп алып шаба жөнеледі. Шаба, шаба ол белгісіз жерлерге тап болады.  Бір кезде ат үстіндегі адамды түсіріп тастап әріқарай шаба жөнелді, ал хан болса айдалада жалғыз қала берді.

Оның шалшық су ішіп, шегірткемен қоректенуіне тура келді. Аштықтан азып-тозған хан далада әрең-әрең жүріп, жейтін нәрсе іздестірді.
Бір күні ол кәрі әйел мен екі арық баланы кезіктірді.

Әйел ханға оның барлық дүниесін ханның терімшілері тартып алғандығын, енді балалары аш қалғанын айтты.

Хан олармен бірге өмір сүре бастады. Оның көктемде бір баласы ауырып, қайтыс болады. Ханның оған қатты жаны ашыды. Ол тасқа отырды да, қатты жылай жөнелді. Осылайша хан қаншалықты отырғаны белгісіз, тыныштанып, жан-жағына қарағанда, өзінің балдахин астындағы тағында отырғанын, ыдыстағы шайдың да суып үлгермегендігін көреді.

— Қалай екен, хан ием, адамдардың қайғысын көре алдың ба? – деп сұрады кәрі сиқыршы.
— Көрдің бе сен ренжіткен адамдар қалай өмір сүріп жатқанын?! – деді де кәрі сиқыршы жоқ болып кетті.

 

 

 

 

— Кәрі сиқыршы ханды қалай сынады?

— Хан өзінің қандай қиянат жасағанын түсіндіме?

Шығармашылық жұмыс

1-      тапсырма. Берілген мақал-мәтелдерді қажетті сөздерді қойып жалғастырып айту.

2-      тапсырма. Оқулықтағы сурет бойынша әңгіме құрастыру.

3-      -тапсырма.  Оқушылар жыл бойына алған білімдерін қорытындылау үшін кестені толтырады.

Топпен ән айту.

Біз өмірдің гүліміз

Сөзі: Ә.Дүйсенбиев

Әні: Б.Ғизатов

Зеңгір көктен,

Нұрын төккен,

Ортақ біздің күніміз.

Жайнап өскен,

Жайдары өскен

Біз өмірдің гүліміз.

Бал достыққа,

Жолдастыққа

Шақырады әніміз.

Тыныштықта,

Нұр құшақта,

Бақыттымыз бәріміз.

Үй тапсырмасы.

Тәрбиелік мазмұндағы диалогқа құрылған өлеңді оқу.

Соңғы тыныштық сәтi.

Баяу әуен қойылады.  Оқушылар денесін, басын тік ұстап, көзін жұмып отырады.

Мұғалім жәй дауыспен:

— Әрқайсымыз оң қолымызбен жүрегімізді ұстап көрейік. Өз жүрегіміздің жылылығын сезініп, жүрек жылуымызды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей оларға жақсы тілектер тілейік.  Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді    жүректеріңізге түйіп алыңыздар.  Рахмет! Көздеріңді ашуға болады.

Читайте также:

Добавить комментарий