Ахмет байтұрсынов – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі

Бажикова А.К.

Бүгінде Отанымыздың тарихын  жалтақсыз зерттеп, тіліміздің, діліміздің, рухани мұраларымыздың тамырын терең тануға кіріскен уақыттамыз. Осы тұрғыдан алғанда, халқымыздың ғылымын өркендетуге, білімі мен әдебиетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, аласапыран жылдарда қазақ елінің болашағын ойлаған алыптардың тарихымыздан ойып орын алатындығы сөзсіз.

Ұлт атымыз өшпесін десек, қазақ әдебиеті мен тілін өркендетуді қолға алу керек деп ойлайды. Бұл ойын іске асыру мақсатында ең бірінші қазақ балаларына ана тілінде сауат ашатын әліппе «Оқу құралы» деген атпен жазып, басып шығарады. Кейін Ахмет Байтұрсынов мектеп оқушыларына ғана емес, сонымен қатар ересек адамдардың сауатын ашуға арналған «Әліп-би», мектепте қазақ тілін пән ретінде оқытатын «Тіл – құрал» оқулығы қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеген еңбегін басып шығарады. Жас қазақ ғылымына еткен қызметі тек тіл білімі саласында емес, әдебиеттану саласында да айтарлықтай еңбек етті. Өткен ғасырдың II жартысында халық ауыз әдебиетін жинап, 1923 жылы «Ер Сайын» жырын, 1926 жылы «23 жоқтау» атты жинағы жарық көрді. Бұл да қазақ ауыз әдебиеті үлгілері.

ХХ ғасырдың басындағы әдебиет дегенімізде бірінші репрессияға ұшыраған қазақ зиялылары еске оралады. Тұтастай буынның төлбасы, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ғалым, әдебиет зерттеуші, тілші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы, табиғатынан аса дарынды туған ұлтжанды тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынов. Өз ұлтының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте халық жүрегіне қозғау сала білген ақын арманы – «адамдық диханшысы» болып еліне қызмет ету. Ұлттың ұлы ұстазы 1895-1909 жылдар арасында Ахмет Байтұрсынов Ақтөбе, Қарқаралы, Қостанай уездеріндегі ауылдық, болыстық және екі сыныптық училищеде бала оқытқан болатын. Осы кезде қазақ жеріне орыс шаруаларының көшіп келуі көбейген-ді. Яғни осы уақыттан бастап жергілікті қазақ халқының тілін, мәдениетін, елдігін сақтап қалу жағдайы туындайды. Тіл құрыса, халық та құритыны анық.

Ал қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, әдістемелік арналары, басты терминдері мен категориялары қалыптастырылған әдеби-ғылыми мұрасының ішіндегі ең көлемді және тұжырымды еңбегі – «Әдебиет танытқыш» болып табылады. Бұл еңбек Ахмет Байтұрсыновтың әдебиетшілік көзқарасын, сыншылдық келбетін толық танытатын еңбек. Жалпы айтатын болсақ ойдың тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта да қажетті және  ешқашан маңызы жойылмайтын құнды кітап.Қазір қолданып жүрген негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламаларының басым көпшілігі алғаш рет осы кітапта жасалған. Сонымен қатар ғалым жер жүзі жұрттарының тілдеріндегі шығармалардың бір-біріне ұқсас болып келу себептерін тұрмыс-салт, өмір-тіршілік ұқсастығынан туатындығын кеңінен дәлелдейді.Батырлар жырының азайып бара жатқанын, бірте-бірте өлең түрінен айырылып, ертегіге айналатынын, рухы жоғалып бара жатқаның ескертіп, сондықтан жыршылар жоғалмай тұрғанда батырлар жырын жазып алуды ел ішіндегі азаматтардың халық алдындағы борышы деп көрсетеді. Мәселен, «Қарақыпшақ Қобыланды батыр», «Нәрікұлы Шора», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Едіге», «Қамбар» қазақ арасында көп айтылатын жырлар ретінде көрсетіледі.

1913 жылы «Қазақтың» тұңғыш саны шыққанда газет редакторы Ахмет Байтұрсынов былай деп жазған: «… Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халымыз оңды емес. Осы күні орыс мектебі мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек. Егер оны істегіміз келмесе, осы бастан тіл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететін уақытымыз жетті» деген екен. Ұйқыдан оятар қаруы-өлең сөз деп түсінген ол өзінің ағартушылық, демократтық ойларын халқына поэзия тілімен жеткізуді қолға алды. 1912 жылдан 1922 жылға дейін бірнеше рет жарияланған «Масаға» енген өлеңдер қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, қазақты шағуға дайын тұрған жылан. Оның иесі аяқтары ұзын, сары маса болып ызыңдап, ұйықтап жатқан халықты ояту.Қалай да халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген  ақын ұлы Абай тапқан соқпақ орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнады.И. А. Крылов туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарды. Мысалдарда әр түрлі аңдар, әр түрлі адамдар кейпінен хабар береді. Кісілердің мінезі, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды, әсіресе, патша отаршыларының зорлық- зомбылығы, байлардың тепкісі, елдің азып- тозуына байланысты сөздерді Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді. Кейде ашық, дәл айтылатын ойлардың да кездесетіні сөзсіз.

Ахмет Байтұрсынов пәндердi оқытудың әдiстемесiмен де айналысты. 1928 ж. «Жаңа мектеп» журналының 8-санында жарияланға «Қай әдiс жақсы?» деген көлемдi мақаласында ұлы педагог Л.Н.Толстойдың «Үйрету әдiстерi туралы»  деген еңбегiне талдау жасай отырып, «әдiс деген қатып-семiп қалған догма емес… Жақсы дерлiкте, жаман дерлiк те бiр әдiс жоқ. Олқылықтың белгiсi – бiр ғана әдiспен болу. Шеберлiктiң белгiсi – түрлi әдiстi болу» деп ойын тұжырымдайды.

Ахмет Байтұрсынов мұғалімдерді педучилищелер ашып арнаулы оқу орындары арқылы даярлаудың тиімділігін айта келе, ондай оқу орындары қазақ даласында жоқтығын ескеріп, орыс мектептерінен де қазақ медреселерін оқып бітірген жастардың талаптыларын мұғалімдік жұмысқа қоса пайдаланайық деген ұсыныс жасайды. Медреседе оқығандардың педагогика, әдістемеден хабарсыз, ал орыс мектептерінде оқығандардың мұсылманша хат білмейтіндігін қынжыла сөз етеді. Олардың білімін жетілдіру үшін жаз айларында 1-2 айлық қысқа мерзімді курс ашуды ұсынады. Міне, осындай бастамалардың арқасында Қазақ даласында ағартушылықтың бастамасы тамырын жайды десек, қателеспеспіз.

Ахмет Байтұрсынов қалдырған рухани мұраны толық игеріп, сол уақыттағы туған ұлттық идея биігінен көрінуіміз керек. Ол шын мәнінде нағыз демократтық поэзияның негізін қалаушы болып табылады. «Байтұрсыновшыл» болу – бүгінгі қазақ зиялысының алдында тұрған басты міндет екенін естен шығармау қажет.

«Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтып кеткендей, Ахмет Байтұрсынов абақтыға жабылып, атылғанымен, оның артына қалдырған асыл сөздері мен арман арқалаған ойлары ел жадында, халық жүрегінде мәңгі сақталады. Кейінгі ұрпақ оның істерін жалғастыруда, оның армандаған тілектері жүзеге асырылуда. Себебі, Қазақ елі қазірде өркениетті елдер қатарына қосылып, мәдениеті жоғары дәрежеде дамуда.

Ахмет Байтұрсынов өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамныда білім-ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады. Сондықтан Ахмет Байтұрсыновты Қазақ елінің Ұлы педагогы ретінде тануымыз, оның еңбектерін сақтап, қолданып, ұмытпауымыздың түпкі негізінде үлкен құрмет, «Елім!» деген азаматтың атын асқақтату, абыройын көтеру мәселелері жатыр.

 

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. Қызылорда – Ташкент, 1923ж.
  2. Батырлар жыры. – Алматы, 1957ж.
  3. Байтұрсынов А. Ақ жол. Өлеңдер мен тәржімелер, әдеби зерттеу. Алматы: Жалын 1991ж.
  4. Ер Сайын. Жырлаушылар аузынан алып, өңдеп өткеруші Байтұрсынұлы Ахмет. М., 1923ж.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *