Әр нәрсенің бір қайыры бар…

bhQ1DTiiXsmjYyOR-lg        Ертерек кезде бір уәзір өзіне ұнамайтын, жағымсыз хабар жетсе де: «Мүмкін мұның арты қайырлы болар», – дейді екен. Бір күні патша аң аулауға шығады. Сол күні жыртқыш аңның кесірінен қолынан айырылады. Патша қатты қайғырады. Жан-жақтан адамдар ағыла келіп, бақытсыздығына басу айтып, жұбатып жатқанда, тек бір уәзірі ғана бәзбаяғы қалпында патшаға белгілі сөзін айтып: «Уа, патшам, қайғырма, «мүмкін мұның арты қайырлы болар!» – дейді. Бұны естіген патша уәзірінің сөзін өзінің басына түскен бақытсыздығына қуанып тұр деп ойлап, оған қатты ашуланады. Оны түрмеге қамауға бұйрық береді.

Алайда бұл жаза да уәзірдің иманына зәредей де әсерін тигізбей ол түрмеге бара жатса да: «Мүмкін мұның арты қайырлы болар», – дейді. Сонда патша бұрынғыдан бетер ашуланып: «Бұл мені кекетіп, мазақ етті!» – деп ойлайды. Арада біраз уақыт өтіп, патша тағы да аң аулауға шығады. Олар қарақшыға тап болады. Қарақшылар бұлардың аттарын, қару-жарақтарын тартып алып, өздерін құл базарға сатпақшы болады. Олар тұтқындарды бір-бірден дене бітіміне қарап іріктеп, жарамдысын таңдап алады екен. Кезек патшаға келгенде, оның бір қолы жоқ екенін көріп, алмай тастап кетеді. Кейін патша сапардан аман-есен еліне оралған соң болған іс жөнінде ойланып, қолынан айырылған кездегі уәзірінің: «Мүмкін мұның арты қайырлы болар», – деген даналы сөзін ой елегінен өткізіп, қолы жоқ болғандықтан құлдықтан аман қалғанын түсінеді. Сосын түрмеде жатқан уәзірінің ақиқат жолында екендігіне, қолының шолақтығын жақсылыққа балаған терең ойына, тағдырға сенгеніне, патшаның түскен бақытсыздығына қуанбағанына және уәзірінің түрмеге кетіп бара жатып: «Мүмкін мұның арты қайырлы болар», – деген сөзі сол кездегі патшаның ойы бойынша, кекетіп, мазақ ету емес, керісінше, Алланың жазған тағдырына иман келтіру екеніне, ал уәзірдің түрмеде болуы, шынында да, қайырлы екендігіне көзі жетеді. Ал уәзір түрмеде болмағанда, ол да патшамен бірге ілесіп, өзге тұтқындар секілді бірге құл базарында сатылар еді. Патша ақылды уәзірін түрмеден қайта шығарып алып, оның тағдырға сенгендігінен, әр нәрсені жақсылыққа балағандығынан үлкен сабақ алып, кешірім сұрайды.
www.islam.kz
]]>

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *